Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған Жаңақұрылыс

Жаңарған Жаңақұрылыс

Тәуелсіздік алған күнімізден бері қарай 30 жыл ішінде елімізде қаншама істер атқарылды. Жылдар бойы армандап келген арманымызға жеттік. Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде кеткеніміз келіп, кемтігіміз толып, шекарамыз бекемделді. Қазақ деген елді дүние жүзі таныды. Халық игілігі үшін қаншама заңдар қабылданды. Мен осы орайда аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінің тәуелсіздік алғаннан кейін арыға бармай-ақ, 30 жыл ішіндегі тыныс-тіршілігі мен қол жеткен табыстарын тілге тиек етпекпін.
Ауыл тарихы
   30 жылдан бері қарай ауыл тарихына көз жүгіртелік. Жаңақұрылыс елді мекені 1992 жылы Қазалы ауданынан Арал ауданына қарады. Аудан көлеміндегі совхоздарға шөп дайындайтын совхоз болып құрылды. Нағыз қиын кез, зейнетақы, балалар жәрдемақысы, жұмысшылардың еңбекақысы 3-4 айлап берілмейтін. Сонда да ауыл тұрғындары еңсесін түсірмей, ата-бабасының туған жерінен көшпей, еңбек ете білді. «Еңбек етсең, емерсің» деген. Егісін егіп, шөбін дайындап, аудан көлемінде алдыңғы шаруашылықтардың бірі болды. Жылдан-жылға халық саны көбейіп, әлеуметтік-тұрмыс жағдайлары жақсара бастады. Ауыл басшылары мен ауыл ақсақалдары бірлесе отырып, қиын кезеңдерден шыға білді. Осындай елдің ауызбірлігінің арқасында халыққа қызмет жасайтын әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салына бастады. Тарихты қашанда адамдар жасайды. Тарихтың тірек тұтар тұлғасы да иесі де – адамдар. Сондықтан сол қиын кезеңде совхоз жұмысының алға басуына тамшылата төккен тері мен өздерінің лайықты үлесін қосып, қиын кезеңнен шыға білген сол кездегі совхоз директоры марқұм Құлмырза Тілеуов, ауылдық кеңес төрағасы Елшекен Қуанышбаевтың ерен еңбектерін айтуымыз керек. Бұл азаматтар Жаңақұрылыс халқы үшін тарихи тұлға болып қала береді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 5-6 жыл ішінде Жаңақұрылыс халқы қандай жетістіктерге жетті? Алдағы уақытта қандай жетістіктерге жетеді, халық үшін қандай жұмыстар атқарылады? сұрақтар төңірегіне ойыссақ.
Әкім не дейді?
    Ауыл әкімі Биғали Абдраимовтың айтуынша, қазіргі таңда бірлігі жарасқан ауылда 163 отбасы мамыражай өмір сүруде. Мыңға жуық тұрғын бар. Осы уақытқа дейін бірқатар ауқымды жұмыстар істелген. Атап айтқанда, әрбір үйде ауызсу кіргізіп берілген.
     2015 жылы 2 қабатты жаңа мектеп бой көтеріп, жаңадан фельдшерлік- акушерлік пункт салынса, балабақша, клуб жөндеуден өткен. Ауыл малдарын емдейтін ветеринариялық пункт ашылса, өткен жылдың желтоқсан айында ауыл орталығынан ауыл тұрғындарының көптен күткен ұялы байланыс желісі орнатылып, халық игілігіне берілді. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында 2019 жылы ауыл орталығынан жаңадан «Өтеш ахун» мешіті салынды. Биыл мешіт жанынан садақа берілетін 100 орындық асхана салынып жатыр. "Өлі риза болмай тірі байымайды" дегендей, Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға "Тағзым" және "Жастар" алаңын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе автожол болып отыр. Қашықты жақындататын да, жақынды қашықтатын да, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартатын, кәсіпкерлікті дамытатын да – жол ғой. Көптен бері күрмеуі толық шешілмей келе жатқан Жаңақұрылыс-Бекарыстан би аралығындағы 22 шақырым жол және Бекарыстан биден Жаңақұрылыс шекарасына дейінгі 13 шақырым Қазалы ауданына қарайтын жолдың да қаражаты шешілді. Аманшылық болса, биыл халық игілігіне беріледі деп отырмыз.
Балаларды баптаған білім ордасы
     Бала – біздің болашағымыз. Келешекте еліміздің тұтқасы болар ұрпағымыз сапалы білім, саналы тәрбие алу үшін олардың ең бірінші ұстазы мығым, білім алатын мектебі заман талабына сай болуы керек. Ата-ана мен баланың көптен күткені жаңа оқу орны еді. Көптің тілегі қабыл болып, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы бір сапарында Жаңақұрылысқа келіп, өз қолымен жаңа мектептің кірпішін қалап, 2015 жылдың 1 қыркүйегінде жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып, өз қолымен лентасын қиып тұрып:
–Жжаңақұрылыстықтар, жаңа мектептерің құтты болсын, балаларыңыз білімді болып, жылда мектеп бітіруші балаларыңыз ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, омырауларына алтын тақсын,– деп батасын бердген еді.
.
 «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген. Бата қабыл болып, сол жылдан бері жыл сайын мектеп бітіруші түлектер "Алтын белгі" алып келсе, биыл 3 оқушы "Алтын белгіге" үміткер. Дуалы ауыздан шыққан дуалы сөздің қабыл болғаны емес пе?! Бұл да тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тартуы деп білеміз.
         Осы №74 мектепте биология пәнінің мұғалімі Темірбек Сүйеубаев ауданаралық биология пәнінен өткен олимпиада жарысында бас жүлдені ұтып алып, жеңіл көлік иесі атанды. Алдағы уақытта да мектебіміздің жарқын істері жалғаса береді деген сенімдеміз. Мектеп бітірген түлектер ауыл орталығына автобус аялдамасын салып, оның айналасына тал егіп абаттандырса, бірде орталықтағы "Өтеш ахун" мешітіне кілем сыйлап, жаңа темір есік салып, кейінгі жастарға үлгі болуда. Жақында ғана ауылдың кіреберіс жеріне орнатылған «Туған өлкем Жаңақұрылыс» деген жазуы алыстан көз тартады. Әсіресе түнге қарай жарық шамдары мен мұндалап, ауылға үлкен мән беріп тұрады. Ауыл жастарының берекелі істеріне ел ризашылығы шексіз.
Кәсіпкерлікті жан-жақты дамытып, жұмыссыздықты азайту
Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 25912 гектарды құрайды. Негізінен, мал жайылымы мен шабындыққа бағытталған. Жеке тұрғындардың малдары біршама көбейіп, бірнеше шаруа қожалықтары құрылды. Жоғарыда айтқандай, Жаңақұрылыстың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Оны ауылға кіреберістегі далада жайылған төрт түліктерге қарап біле беріңіз. Мемлекет тарапынан да ауыл шаруашылық саласын дамытуға өз- өзін қамтамасыз еткісі келетіндерге, жұмыс орнын ашамыз деушілерге қолдау қарқынды жүргізілуде. Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай жеке тұрғындардың малдары біршама көбейгені көңіл көншітеді. Айталық, ірі қара 1512, қой  1175 басқа, ешкі 1384 басқа, жылқы  1633 басқа, түйе 20 басқа көбейген. Өндірістік кооператив тарағаннан кейін, 11 шаруа қожалығы құрылса, жеке кәсіптерін әртүрлі мал өсіру үшін, яғни жылқы, мүйізді ірі қара малдарын сатып алып, оны дамытуға 6 кәсіпкер мемлекеттен қаржылай ақша алып, кәсіптерін дамытып, әрқайсысы 2-3 адамнан жұмысшы алып, жұмыссыздық санын азайтып отыр.  «Қожағұл ата» шаруа қожалығын құрған жас кәсіпкер Елшекенов Елнұр Бекназарұлы мемлекеттен қаржы алмай, өз қаражатынан 15 бас асыл тұқымды сиыр малын сатып алып, қазіргі кезде бірнеше басқа көбейіп, Мұхтар Амангелдіұлы "Соркөлді" тоғандап, оны суландырып, біпнеше балық түрлерін өсірумен айналысып,  жастарға үлгі болып отыр. Қайтарымсыз грант есебінен 2019 жылдан бері қарай 7 адам 250 мың теңгеден 555 мың теңге қаржылай көмек алып, бірі монша салса, бірі құс, балық, мал шаруашылығын құрып, кәсіптерін дамытуда. Шалғайда жатқан шағын ғана Жаңақұрылыс ауылында тәуелсіздік жылдары қаншама шаруа қожалықтары құрылып, әртүрлі кәсіпкерлік нысандар ашылған. Әрине бұл ауыл ішіндегі жұмыссыздықты азайтып, әрбір адам өзінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бет бұрғандығын байқатады.
Салық түрлерінен түсетін түсімдер
          2018 жылдан бері жергілікті халықтан түсетін салық түрлері көлік, жер, мүлік салықтары жергілікті әкімшіліктің бюджетіне түсіп, оны ауыл ішіндегі кезек күттірмейтін халық игілігіндегі жұмыстарға пайдаланып келеді.
Көше жарығымен қамтамасыз ету
Ауыл тұрғындары толықтай электр энергиясымен қамтылып, 5 көше түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Бұл қыстыі қараңғы күндері күндері мектепке баратын оқушылар үшін жақсы болды. Ата-ананың, оқушылардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе жоғарыда айтқандай, ауылдың кіреберісіне ауыл жастарының бірлесуімен «Туған өлкем Жаңақұрылыс» жазуы мен мұндалап, алыстан көз тартады. Әрине түнгі жарықты ұстап тұру шығындарына аудандық бюджеттен 800 мың теңге бөлінген. Міне, осындай жұмыстар ауыл жарын ашып, сәнін келтіруде.
Тазалық – денсаулық кепілі
"Тазалық табалдырықтан басталады", "Ауылына қарап, азаматын таны" дегендей, жалпы ауыл тұрғындары күз, көктем айларында көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, бір-біріне үлгі бола білуде. Тазалыққа аудандық бюджеттен бөлінген 200 мың теңгені тұрмысы төмен отбасылардың күл-қоқысын шығарумен қатар, қоқыс төгетін шұңқырларын қазып, аяқ су жүретін арық іші тазалануда. «Жолаушылар» бағдарламасының жүзеге асырылуы бағытында проблемалар толық шешімін тапқан. Қазалы ауданына күнделікті, Арал ауданына аптасына 3 рет қатынайды. Бұл да кәсібіміздің  кеңейтіліп, тұрмысымыздың жақсара түскендігін көрсетеді.
Жастар талпынысы
    Ауылдық округ орталығының 19,6 пайыздан астамын жастар құрайды. Мұндағы жастар қоғамдық жұмыстарға тартылып, мемлекеттік саясаттан кеш қалмай, өздерін жан-жақты дамытуға және ауылдың көркеюіне атсалысып келеді. Ауыл жастары спорт саласында жоғары көрсеткіштерге жетіп келеді. Жастар, жасөспірімдер гір тасынкөтеру, волейболдан үйірмелер ұйымдастырып, аудан, ауыларалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Әр жылғы мектеп бітірушілер ауылды көркейтуді, жоғарыда айтылған игі жұмыстарды жасауды үрдіске айналдырды.
Бүгінгі таңда
  Өткенге көз тастап, ойлана қарасақ, қаншама тоқырау жылдарына қарамай, бір ғана Жаңақұрылыс ауылында ел қуанатындай игі жұмыстар атқарылған. Әрине біз жасалған жұмыстарға ризашылық білдіре отырып, алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстардың әлі де бар екендігін білеміз. Мәселен, балабақша мен клубтың құрылысы, Жаңақұрылыс-Бекарыстан би аралығындағы автожол, Ақбасты, Қаракөл көлдерін суландырып, шабындық пен жайылымдарды көбейту үшін "Нұралы" жармасына шлюз орнату, шаруа қожалықтарын көбейтіп, тұрақтандыру үшін "Қараарық" каналдарын тазарту жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген сөзді орайы келгенде айта кеткен жөн. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Жаңақұрылыс халқына жан-жақты жасап жатқан игі істеріне халық, ауыл тұрғындарының ризашылықтары баспасөзде де жарияланған. Алдағы уақытта да Жаңақұрылыс  халқының игі істерінің жалғасуына ықпал жасайды деген сенімдеміз. Жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіздігіміздің арқасында шалғайдағы Жаңақұрылыс елді мекенінде қаншама жұмыстар атқарылды. Халыққа қызмет жасайтын әлеуметтік мекемелер мен жарық, байланыс үздіксіз жұмыс жасап тұрса, бұл тәуелсіздігіміздің арқасы. Еліміздің бірлігі, заманымыздың тыныштығы деп білеміз.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
12 мамыр 2021 ж. 629 0