Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғылым жаны таза адамға қонақтайды

Ғылым жаны таза адамға қонақтайды

Алла тағаланың жаратқан қанша пендесі болса, сонша пешенеге жазылған тағдыр болады екен. Кейбір адамның қиындығы жоқ бақытты ғұмыр кешсе де жадына сақтағаны, тұшымдысы аз. Кейбірі жетімдік пен жоқшылықтың зардабын тартып, қиындыққа белшенесінен батса да, «Бақыттымын!» деп, ағып тұрған дариядай көл-көсір кейіпте. Осындай жандардың  бірі – Алматы облысындағы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мекемесінде жетекші және аға ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты, биология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті цитогенетик-цитоэмбриолог, еңбек ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы Кенебай Қожахметұлы.Болашақ білімпаз, сонау, 1937 жылы асау Арал теңізінің жағасында дүние есігін ашқанда ғалым болуды пешенесіне жазғанын қайдан білсін?! Есінде қалғаны жеті жасында әкесінің өмірден өткені, одан кейін әулеттегі еркек атаулының соғысқа аттанғаны, ауылда тек аналары мен шиеттей бала-шағаның қалғаны.
Кенебай ағаның бала кезінен сыр тартсақ, отбасындағы балалардың ішіндегі икемдірегі болса керек, малға қарау, отын шабу, су тасу сықылды таусылмайтын күйбең тірлік, жалпы үй шаруашылығындағы барлық жұмыс бір мойнына артылғандай. Жасы сегізге келгенде, анасы оны қатарынан қалдырмай, Арал ауданындағы Шөмішкөл ауылына бастауыш мектепке береді. Жаратылысында адамзаттың қанымен берілетін қасиеті болады емес пе, бозбала мектепте сабақты бар зейінімен оқиды. Кейін Көкарал, Құланды, Ақбасты, Жалаңаш ауылдарының балаларымен бірге туыстарының үйін паналап, Авань орта мектебін 1957 жылы бітірген.
Соғыстан кейін елдің жағдайы біршама дұрысталып қалса да, елдің «қағанағы қарқ болғандары» шамалы еді. Қарапайым ауыл адамының баласын ұзатып оқуға жіберу қолынан келе бере ме? Оның үстіне сол кездегі коммунистік партияның комсомол жастарға тастаған «...Мектеп бітіргеннен кейін әркім өз туған жерінде еңбек етсін, жоғары оқуға түсуге жеңілдік беріледі...» деген үндеуі желеу болып қала береді. Сонымен, ауылдағы бетке ұстар өндіріс – жалғыз балық зауыты. Сол зауытқа Кенебай да бірнеше бала болып орналасып, қызу еңбекке араласып кете барады. Балықшы болудың қыр-сырын үйренеді, буырқанған алпауыт теңіздің мінезіне қанық болады. «Кейде кішкене соққан желдің қарсылық әрекетіне қарамай, қайығыңмен қоса өз ырғағына жетелей жөнелетін. Жел үдеткен сайын толқын екі-үш есе биікке көтеріледі. Теңіздің толқыны өте асау, ашулы, санаңа үрей туғызатын. Ал кейде   бауырына басуға дайын тұратын ата-анаңдай мейірімді көрінетін» дейді аға сағынышпен еске түсіріп.
Ұшы-қиыры көзге көрінбейтін Арал теңізінің дәуірі жүріп тұрған уақыт. Маңы жанға жайлы, ауасы таза, ақ шағалаға толы толқыны... бұның бәрі бозбаланың қажырлы, сабырлы, табиғатқа жақын болуына септігін тигізбей қоймайды. Туған жері қаншалықты ыстық болғанмен, жүрегінің түкпірінде қайтсе де оқуға түсу, дипломмен ауылға оралу маза берген емес. Еңбек десе шаршауды ұмытатын, қызығы мол өмірінің осылайша тағы бір жылы өте шығады. Жоғарыда айтылған «оқуға түсуге жеңілдік береді» деген уәденің уақыты таянғандай. Бірақ көп ұзамай оның жай сөз екенін түсінген бозбала «нар тәуекелге» бел буып алған бетінен қайтпайды. Баяғы анасының жібергісі келмеген қарсылығына да қарар емес. Бар білгені – облыс орталығы Қызылорда қаласындағы жоғарғы оқу орнына түсіп, студент атану. Арманы алдамапты. 1960 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне оқуға түсті. Кенебайдың өміріндегі ең алғашқы қуанышты сәті осы болды.
Студенттік өмірі Кенебайды білімді қылып қана қоймай түрлі қызығы мол қоғамдық жұмыстарға, спортпен айналысуына, тіпті оның өмірінде адам болып қалыптасуына зор мүмкіндіктерін береді. Оқыған ортасындағы ұстаздары өте білімді болғандары соншалық, көпшілік ауыл баласының білім деңгейін, қаблеттілігін біліп отыратын. Әні-міне дегенше бес жыл да өте шығып, дипломмен ауылына оралуды ойлап жүргенде, ойда жоқта жетекшісі шақырып, оның Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің биология факультетінің «генетика» мамандығына аспирантураға жіберетінін айтады. Ол ҚазССР білім министрлігінің қаулысына сәйкес қабылданған институттағы ғылыми кеңес шешімі екенін түсіндіреді. Ойда жоқта төбесінен жай түскендей болған ол, осы бес жылда генетика пәнінен теориялық та, практикалық та сабақ өтпей, тіпті оның пән болып қалыптаспағанын біліп, абдырап қалды. Сөйтсе, генетика ғылымының негізін қалаушылар Томас Морганның, Бэтсонның, Н.И.Вавиловтың, Н.П.Дубининің тағы басқа да ғалымдардың ғылыми еңбектерінкең түрде оқытып, жаңғырту тиісті деген нұсқаулыққа сәйкес Республика бойынша оқу озаттары арасынан ғылымға лайықты топты жасақтау мақсатында қабылданған қаулы болып шығады. Осы жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінің «генетика кафедрасының асперантурасына оқуға түсті.
Генетика, Цитология, Эмбриология, Дарвинизм, Биология ғылымының негізі-цитология. Ол тіршілік атаулының көзі, клеткалардың ішкі заңдылықтарымен құпияларын ашуға арналған ғылым. Оның құрылысы және атқаратын функциясының өзі күрделі, тек осы кездердегі, молекулярлық биология, биохимия, физиология, генетика ғылымдарыарқылы түсінуге болады. Осылай Кенебай ағаның өмірі ғылым жолына қарай күрт өзгеріп сала береді.
Күнделікті зерттеу жұмыстары басынан-аяғына дейін тек қана микроскоп құралы арқылы, клеткалық, тканьдік деңгейде орналады. Хромосом табиғаты клетка ішінде жүретін өте күрделі биохимиялық реакциялар. Бұл құбылыстар жай көзге көзге көрінбейді, қолмен ұстай алмайсың. Тіршілік дегеннің негізгі көзі осы бір ғана клетка, осы клеткадағы хромосомдардың бөлінуі мен дамуына байланысты жүретінөте күрделі құбылыс. Онсыз тіршілік болмайды. Онда жүріп жатқан қыруар тіршіліктер (реакцялар) қалай басталып, қай бағытта және қалыпты жағдайда ма, жоқ басқаша бір бұзылыстар барма, міне сан алуан сұраққа арналған тәжірбие басталды.
Кененбай ағаның тағдырына берген сыйы болар, ұстаздары ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, қазақ ғылым академиясының академигі, профессор Гакаш Закиұлы Бияшев, одан соң атақты «Брест қамалының» қорғаушысы, Ұлы Отан Соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор Владимир Иванович Фурсов сияқты кереметтей білімді, парасатты адамдар болып шықты.
Олар генетика туралы теориялық білім беретін оқулықтардың, зертханаларда құрал-жабдықтардың жоқтығын, шетелдік әйгілі генетик ғылымдардың өздері де белгілі бір зерттеу жүйелеріне келе алмай, әртүрлі пікірлерде отырғанын, мұндай зерттеулер Қазақстан аймағы бойынша әлі зерттелмеген, тың ерекше тақырыптар екендігін айтып, маңыздылығын түсіндірді.
Жас ғалым клетка ішіндегі хромосомдарды санау оның бөлінуін, генетикалық, цитологиялық, эмбриологиялық, физиологиялық, биохимиялық өзгерістерге ұшырау реакцияларын зерттей отырып, мәдени бидай-сорттарын жабайы эгилопс (Aegilops) және Қарабидай (рожь) Милитина, Тимофеев, дикокум, Кихара бидай түрлерімен туыс аралық будандастыру тәжербиесін жүргізді. Оның іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі, өте күрделі зерттеулерге жататынын білді.
Цитологиялық, цитоэмбриологиялық, генетикалық зеттеулерді жүргізе отырып, алған мәдени және оның туыс, түрлерінен қосылған будан өсімдіктерін аз мөлшерде болсада сұрыптап отырады. Олардың пайыздық мөлшері аз болсада, мысалы бірінші ұрпақтан барлық істегені жұмыстың 2,5-3%, екінші ұрпақтан 5-7%, үшінші ұрпақ өсімдіктерінен 20%-ке дейін будан дәндерін жинақтады. Оның қаншалықты үлкен жаңалық болатындығын жақсы түсінді. Соның арқасында генетика, селекция ғылымдары үшін теориялықта, практикалықта өте маңызды зеттеулерге жататын, жаңа будан өсімдіктерін алу үшін жабайы туыстардың тұқым қуалаушылық потенциалын дұрыс пайдалану қажеттігін, сәйкезсіздік тудыратын кедергілерді болдырмай, қолданылатын әдістерді дұрыс пайдалана білуге арналған зерттеулері үлкен-үлкен нәтижелерге қол жеткізді.
Эмбрионалды ұрық клеткасының табиғатын эндосперм клеткаларының даму кезеңдерін, олардың өміршеңдігін, физиологиялық, биохимиялық белсенділігіне тікелей байланысты жүретін күрделі құбылыс екендігін дәлелдеп, эмбриология саласына біршама жаңа мәліметтермен толықтырды. Ол кездері Қазақстан эмбриология ғылымының болмысын, клеткалық, тканьдік деңгейде зерттеп, шұғылданып жүрген ғылымдар болмаған еді, кәзірде өте сирек еді дейді ғалым ағамыз. Зеттеу жұмыстарының нәтижесінде 1970 жылы «Бидай дақылын жабайы туыстармен будандастырудың цитогенетикалық негіздері» («Цитогенетические основы отдаленной гибридизации пшеницы») тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Осы жылы Қазақ ССР-і Білім министрлігінің арнайы жолдамасымен Қазақтың В.Р.Вильямс атындағы егіншілік ғылыми-зерттеу институтының «Цитология және генетика» зертханасына жұмысқа жіберіледі. Сол жылдардағы (1970-1980 ж.ж.) Қазақстанның ұзақ мерзімді бағдарламасының  жасалуына қатысып, («Комплексная программа селекции агроэкотипов озимой пшеницы для Казахской ССР (ОПАКС)») жаңа күздік бидай сортын шығарудың өзіне тиесілі генетика, цитогенетика, цитоэмбриология зерттеулерінің атқарар міндеттері мен стратегиялық жоспарларын айқындап береді. Осы бағдарламаның негізінде мәдени және жабайы туыс хромосомдарының рекомбинациялық қосылу нәтежиесінде жаңа гендері мен ген көздері бар будан үлгілерін алады. Симит, Икарда тәрізді халықаралық орталықтармен бірге жүргізілген зерттеулер оң көрсеткіштерге жеткізді. Осы материалдардың 100-ге таяу үлгілері жер жүзі мамандарының пайдалануы үшін отанымыздың өсімдіктер генетикалық қорына, мемлекеттік сорт сынау комиссиясына 29 үлгісі өткізіліп, 22 сорты Қазақстан және Ресей аймақтарында аудандастырылды, 22 патент және авторлық куәлікке ие болды. Оның «Балауса», «Балауса-8», «Таза», «Қожа», «Азияда», «Ғалия», «Эритроспермум-350», «Комсомольская-1», «Тюменская-29», «Тюменская-31», «Арап улучшенный», «Ақсай» деп аталатын сорттары еліміздің оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік аймақтарының егістіктеріне егілуде. Осы зерттеулердің нәтижелерін қортындылай келе, 2010 жылы «Дәнді дақылдарды будандастырудың биологиялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
К.Қожахметовтың 1970 жылдан бастап бүгінгі күні де үзіліссіз жалғасып келе жатқан ғылым саласындағы 53 жыл қызметі тың жаңалықтар мен жетістіктерге толы. Москва, Ленинград, Түркия, Одесса, Харьков т.б. шет елдерде 20-дан аса халықаралық, республикалық ғылыми-техникалық конференцияларға, семинарларға, симпозимдарға, конгрестеріне қатынасты. 200-ге жуық ғылыми мақаласы, баспадан шыққан үш монография-кітабы бар. Оның ішінде 32 мақала шетелдердің баспаларында, ал 20 мақала халықаралық Thompson, Peutzeps, Seopy базасына еніп, жоғары рейтингті импас-факторы журналында жарияланды. Бұл ғылыми жаңалықтар селекция генетика ғылымдарының жаңа жетістіктер сериясы бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің қолданысқа енгізілсін деген реестіріне тіркелді. 100-ден аса генкөздері мен донорлық қасиеттері бар туысаралық, түраралық будан материалдарын, жер жүзі селекция мамандарының пайдалануы үшін отанымыздың Қазақстан Республикасының генетикалық қорына өткізді.
Кенебай аға 1970 жылдан бастап, ширек ғасырға жуық тапжылмастан Қазақ егіншілік институтының қабырғасында үлкен мен де кіші мен жақсы қарым қатынаста бола білді. Адамға қажетті рухани құндылықтарды ешқашан төмен қойған емес, өтірік сөйлеп, бұрмалап ақпарат беру, такаппарлану қанына жат қасиеттер болды. Оның еңбектерін аяусыз, молынан пайдаланғандары бүгінде ғылым докторы, ғылым кандидаты болғанын айтпау мүмкін емес. Ол әркімге берілмеген қызғаныш орнына қуаныш беретін, жалған орнына шындық беретін, қиянат орнына қамқорлық беретін кісінің қолынан ғана келер. Кенебай аға ғылым емес, әріптестері туралы да асқан мейірбандықпен, сыйластықпен айтудан жалықпайды екен.
Адам жасы ұлғайып қартайған сайын балалық шағы, өскен ортасын, әке-шешесінесіне алып аңсайды емес пе?! «Сіздің де тәтті қиялдарыңыз қандай?» деген сұрағыма: «Менің балалық шағымдағы қиыншылықты айтудың өзі қиын. Аш-жалаңаш күндер өтті. Сабақтың барлығы майшамның жарығымен оқылса да білімге құштарлығым еш басылған емес. Омбылап қар кешіп, аяғымыз малмандай су, тойып тамақ ішкен күнім аз болды. Қызықты кезеңім болмағанда сияқты, дегенмен бақытты жандардың қатарындамын. Өзімді бақытты санаймын. Алдыма қойған мақсатым орындалды. Отбасым, бала, немерелерім өсті. Өмірде руымды сұрағандарға жауап бергім келмейтін. Қазір соны айтудың реті келген сияқты. Менің тегім Әділетті Төрт Халифаның бірі-Әзрет Әлі (негізгі аты Ибн Әбу Тәліп Ибн Әбдулмүттәліп Ибн Хишам Ибн Әбди Манап Ибн Құрайы Ибн Әл-Хашим). Бірінші болып араб әліппесін дайындаған, алғашқы Құран-кәрімді жазған кісі. Өзі өмір сүрген заманының да ғылымын меңгерген үлкен ғалым, тұлға. Оның өнер-ғылым саласы бойынша «Меруерт Қайнар» кітабының бүгінгі күнге жетуі көзі ашық, көкрегі ояу адамның өміріне нұсқа. Ол кітапта «Білім артық, өйткені ол пайғамбардан қалған мирас», «Білім артық өйткені ол сені бағады, байлықты сен бағасын», «Білім досыңды көбейтеді», «Білім іздей берсең, көбейеді оны жұмсағанмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды», «Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың кеорегі жоқ, жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек», «Білім көп болса, сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады», «Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол адам оған мас болып мақтанады, астамшылық көрсетеді» т.б. қағидаттар жазылған. Бұл менің алғашқы тегімнің сөзі. Тағдырымның мені ғылымға әкелуі де тегін емес, тегімнің шапағаты болар» деп, әңгімесін баяндаған.
Ағайдың отбасында алты бала өмірге келген, олар – Жанар, Марал, Болат, Гүлзира, Ляззат және Әлия.Бұлардың барлығы да жоғары білімді, Алматы облысында қызмет жасайды. Жұбайы – Узбаканова Ғанижамал Төлеуғазықызы 1970 жылы С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби Ұлттық Университеті) атындағы Университеттің Биология факультетінің «Генетика және дарвинизм» кафедрасын бітірген. Өсімдіктер селекциясы мен генетикасы маманы. Осы мамандық бойынша Қазақтың егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, табан аудармай 40 жыл жұмыс істеп, қазір құрметті зейнеткерлік демалыста. Отбасы туралы «Бұлар менің бақытым, өмірім, келешегім!» деп, шүкіршілігін көрсеткен ғалым аға Кенебай,жарты ғасырдан асқан еңбегін жалғастырып, жыл сайын институт қоржынын ғылымдағы тың жаңалықтарымен толықтырып келеді.
Алғашқы сауатын бастауыш сыныпта май шамның жарығымен оқып ашқан Кенебай Қожахметовтың бейбіт те берекелі өмір үшін күрескен ауыр жылдардағы қажырлы еңбегімен, өз табиғатына тән еңбексүйгіштігімен, ізденгіштік пен табандылық дағдысымен қалыптасқан ерлікке пара-пар өмір мектебі өскелең ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуде, еңсесін тіктеп, қайратын шыңдауда, ғылымға құштарлығын арттыру жолында үлкен үлгі, өнеге.

Айтуған САУЯЕВ,
Т.Г.Шевченко атындағы
№13 орта мектеп директоры
21 қараша 2024 ж. 68 0