Қуатты қалам иесі
«Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген»(Жан Монтальбетти)
Өмір арнасы кең өзен, сол өзеннен өз арнамызды тауып ағу біздің басты мақсатымыз. Осы кең арнаның тереңіне бойлап, өз жолын табу үшін қазақ әдебиетінің асқар шыңына көтерілген, алты Алаштың анасы болған Сыр елінің кемеңгер тұлғасы – Әбдіжәміл Нұрпейісов Кәрімұлының әдебиет майданындағы орны һәм төлтума еңбектерінің маңызы бүгінгі ұрпақ үшін аса зор. «Сыр елі, жыр елі –Түркінің жүрегі» дегендей киелі өлкеде дүние есігін ашқан соң, жерлестеріміздің қаламынан туған құнды еңбектерін зерттеу мен үшін жай ғана міндет емес, нағыз парыз. Сыр елінің борыштар перзенті ретіндегі міндетім бала шақтан бастау алып, бүгінде ғұмырлық мақсатыма айналды. Сол қалауыма жету үшін әрі сөз өнерінің асыл қазынасын айшықтай түсетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды өмірлік жол ретінде таңдаған соң Әбдіжәміл атамыздың салған сара жолымен жүріп, баға жетпес еңбектерін зерделеу мен үшін айқын міндет. Сонымен қатар, кемеңгер жазушының сүбелі еңбектерін келешек ұрпаққа үйретпеу мен үшін нағыз қылмыспен тең секілді. Себебі, әрбір кесек туындысы терең философиялық ойлар мен сезімдердің тоғысында пайда болған ғажайып толғаныс. Есімі мен өмірі – өнеге, ісі – үлгі, қаламы – дара жазушының ерекше тебіреністен туындаған сүбелі туындыларының бүгінгі күнгі мәні мен маңызы қандай?
Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің асқар шыңына жеткен, тілінде терең ой, жүрегінде кең арманы бар кемеңгер тұлғалардың бірі. Оның қаламынан тамып шыққан әрбір сөз, әрбір сөйлем – адалдықтың, сүйіспеншіліктің, адамгершіліктің жаршысы. Суреткер шығармаларының тереңдігі мен айқындығы, дүниетанымы мен философиялық көзқарастары оқырмандарын терең ойландырып, сезіндіріп, туған елінің тарихына және мәдениетіне сыни көзбен қарауға жетелейді. Жазушы тілінде шеберлік, образдылық, терең семантика, ұлттық бояу айқын көрінеді әрі оны жүрегімен қабылдайтын оқырмандары үшін шынайы әлемді, татулықты, ұлттық құндылықтарды ұғындыруға тырысады. Ол неге теңдесі жоқ жазушы? Бұл сұрақтың жауабы оның шығармаларында. Әбдіжәмілдің жазу стилі және қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгеше, ол әрқашан «адам» концепциясынан, «кеше» мен «бүгін» арасының шекарасынан, халық пен дәуірдің тепе-теңдігінен бастау алады. Келешек ұрпақ үшін Нұрпейісовтің шығармалары–тек әдебиет үлгісі ғана емес, сонымен қатар тәрбие, рух, ұлттық сананы қалыптастыру нысаны. Осының бәрі кемеңгер шығармашылығының бүгінгі күнгі мәні мен маңызын ұлғайта түседі. Оның туындылары – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгі сөз өнері, рухани азық, өмірлік сабақ. Сөз қадірін жоғары бағалаған, жазушының шеберлігіне сүйсінген, оның философиясын түсінген кез келген оқырман, шын мәнінде, нағыз әдебиеттің байлығын сезінеді.
Заманымыздың талабы мен өзгерістеріне қарамастан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың идеялары мен көзқарастары қоғамдағы гуманизмнің негіздерін сақтап, оларды жастарға жеткізу үшін маңызды. Себебі, біріншіден, оның әрбір сөзінде, әрбір кейіпкерінде қазақ халқының жаны, арман-мақсаты, өткені мен болашағы жатыр. Бұл әдемі сөз өнері бізді біріктіретін, өркендететін, болашағымызды жарқын ететін ұлы күш. Екіншіден, шығармаларындағы түйдекті ойлар өмір сүру барысында туындайтын мәселелермен бетпе-бет келуге әрі әр адамның жеке дамуындағы кедергілерді шешуде маңызды рөл атқарады. Автордың шоқтығы биік «Соңғы парыз» романы адамның өмір сүру мәнін, адалдық пен сатқындық, сүйіспеншілік пен қасірет мәселелерін тереңінен зерттейді. Мәселен,«Өз-өзімізден түтіндей бықсып, көзге күйік, көңілге жүк боп жүр екенбіз.Жасадық дегеніміз – жасампаздық емес, жерге қарағандық болып шықты. Малданып жүргеніміз – махаббат емес, беті жылтыр ұрғашының қойын жылытуы екен. Өзгеріп бара жатқан өзіміз бе, өзегін бермейтін өмір ме?»романдағы осы үзіндіде әлеуметтік мәселелер мен адамзаттың моральдық-этикалық жағдайы көтерілген. Автор адам баласының қоғамдағы өзара қарым-қатынастарын, адами құндылықтардың маңызын талдай отырып, бүгінгі күннің сын-қатерлеріне назар аударады. Мұнда өтерілген мәселе бүгінгі күнде де өзекті. Атап айтсақ, мәймөңкелеу мәселесі. Қазіргі таңда ең көп белең алып жүрген көріністегі сипат. Керемет адам бейнесіндегі сүмелектің бейшара халдегі тұрпаты. Өз қара басы жағдайы үшін маймылдан да бетер жағымпаздану бізге кімнен дарыған? Қаннан дари ма екен әлде жүре келе қауқарсыздығынан осы күйге ене ма екен? Доғару керек! Бірақ қалай? Үшіншіден, «Қан мен тер» туындысында автор терең сезімді, эмоцияларды, сондай-ақ, идеал мен шындық арасындағы конфликтті шеберлікпен көрсетеді. Шығарманың негізгі арқауы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры, Арал теңізінің экологиялық мәселелері. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туындыөміршеңдігін жоймады. Себебі, кезінде Ә.Нұрпейісов туындыларының арқауы болған Арал теңізінің проблемасы әлі күнге дейін өзекті. Міне, жазушы қаламының ерекшелігі де, оның туындыларының өміршеңдігі де, теңдесіз қаламгер атануының сыры да осында.
Қорытындылай келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармалары өмірдің терең қабаттарына бойлаған, ұлттық мүдделер мен адамгершілік құндылықтарды жан-жақты ашып көрсететін үздік туындылардың қатарында. Менің ойымша, замандастарымыздың санасын оятып, көкірек көзін ашып, әділдік, адалдық және ұлтжандылық құндылықтарын бойларына сіңіру үшін жазушы шығармашылығын кеңінен насихаттауымыз қажет. Мәселен, қаламгер шығармашылығы туралы университеттер мен мектептерде, мәдениет үйлерінде дәрістер мен семинарлар ұйымдастыру, әдеби сайыстар жариялау, телевизия, радио, интернет-блогтар мен әлеуметтік желілерде, подкасттарда жазушының еңбектерін талқылап, кітап көрмелерін жасап, конференциялар өткізу қажет деп есептеймін. Қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызының өзі де, шығармашылығы да мәңгі жандану керек. Кемеңгердің әдебиет әлеміндегі маңызын, орны мен қуатын бағалау әрі оны келешек ұрпаққа жеткізу әдебиет жанашыры ретіндегі басты міндетіміз.
Нұрайым ЖАСҰЛАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
4-курс студенті