Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ата мен бала

Ата мен бала

Ерте, ерте ертеде, бір ақсақал мен немересі алыс сапарға шығады. Бірнеше күн, бірнеше түн жүріп, елсіз даланы, құлпырған қаланы, таңдай кептірер шөлді, күннің сәулесі су бетінде ойнап жатқан көлді көреді. Осылайша азып-тозып, жүдеп-жадап, шаршап шалдығып, басынан көп оқиғаларды өткізеді.
Елсіз далада жолға алып шыққан азығы таусылған қария, сәулетті қалаға келгенде немересінің қарны ашқанын байқап, бір үйдің есігін қағады. Есікті ашқан адамға:
– Айналайын, біз жолаушы едік. Тамағымыз таусылып, жүрек жалғайтын ас таппай келеміз. Әлі ұзақ жүреміз. Немерем оған шыдамайтын сияқты, – дейді. Жолаушылардың жағдайын түсінген үй иесі екеуін шаңырағына кіргізіп, ас-су береді. Осылайша ақсақал әлгі адамға батасын беріп, одан әрі жүріп кетеді.
Тағы бір қалаға келгенде немересі "Ата, қарным ашты" дейді. Сонда атасы "Айналайын, шығарым, ер азамат бәрін көру керек. Сол қиындықтарға шыдау керек" дегенде балақай:
– Ата, анау үйге барайық. Сол жерден тағы тамақтанайық. Әлгі адам да бізден ақы алмады ғой, – дейді. Сонда қария:
– Еее, айналайын-ай, қазақта "балық берме, қармақ бер" деген мақал бар. Осы мақалда қандай мағына барын саған түсіндірейін. Егер қарны ашқан адамның қолына балық ұстатсаң, оны бір күн, ары кетсе бір апта тамақ қылады. Ол таусылғасын қайтадан сұраншылыққа шығады. Ал қармақ берсең еңбектеніп, сол балықты өзі-ақ аулап жейді. Балығы таусылса, тағы аулайды. Сондықтан жақсылықты жиі жасауға болмайды. Әр нәрсенің өз мөлшері болуы керек, – деп жүріп кетеді.
Жолда келе жатқан екеуі түрлі дүниелерді көреді. Бала бірде ананы, бірде мынаны сұрап, атасының ақылын тыңдап келеді. Мөп-мөлдір, айнадай тұнық көлге жеткенде ыстықтан аңқасы кепкен бала "Ата, су. Суды көрдім" деп жүгіре жөнеледі. Асыр салып, сумен ойнап жатқан баласына қария "балам, судың да сұрауы бар. Бұл да бекер айтылмаған. Жаңа жолда көрдің ғой. Қаншама шөл дала жатыр. Сол шөлде көптеген халық бір ауыз суға жарымай отыр. Сондықтан ысрап еткен жарамайды. Суды да шамадан көп пайдалануға болмайды" дейді.
Бірде екеуі елсіз жердегі шалғынға жолығады.
– Ата, мынау, не? – деп сұрайды.
– Мұны пайдалануға болмайды. Бұл есірткі деп аталады, – дейді атасы.
– Табиғат адам баласына берілген сый дейтін едіңіз ғой. Пайдалануға болмаса неге өсіп тұр? Мұның не қасиеті бар? – деп қызыға сұрайды. Сонда көргені мен білгені көп ақсақал:
– Балам, мұның пайдасы болды. Кезінде оны емге қолданған.
– Ендеше алып алайық. Сіздің аяғыңыз ауырып, көзіңіз де нашарлап жүр ғой.
– Жоқ, балам, болмайды. Себебі кейіннен адам баласы оны да шамадан көп пайдаланып, кейін өте зиян нәрсеге айналған. Оны қолданған адам тәуелді болып, ата-анасын, бауырларын, балаларын ұмытып, тіпті осы үшін жақындарына зиян келтерген. Сондықтан барынша аулақ болған дұрыс, – дейді.
Атасының ақылын тыңдап өскен бала ержетіп, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, сол баларына ақыл айтып, бақша мұратына жетіпті.
Нұрымбек САЙЛАУОВ,
Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы

Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
14 қаңтар 2025 ж. 166 0