Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балалық шақ баяны

Балалық шақ баяны

Өткен жылдың соңында Алматыдағы «Әдебиет» баспасынан белгілі ақын Толыбай Абылаевтың «Балалық шақ балладалары» атты кезекті жыр жинағы жарық көрді.
Жинақтың аты айтып тұрғандай өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары балалық шағы теңіз жағалауындағы кішкентай балықшы ауылда өткен автор бұл еңбегінің беташарында:
Өткен күндер,
Мен өзіңе не дейін?!
Мұң-шер болсаң,
Азабынды шегейін.
Сол жылдарды кеткен кезде сағынып,
Ақ қағазда көсіледі көп ойым...
Бұл жалғаннан жүрмін сені таба алмай,
Жүректегі жазылмайтын жарамдай.
Артыңа бір қарамай-ақ кеттің ғой,
Мына маған өкпелеген адамдай.
Балалықты ұмытуға болмайды,
Өткен күнін ұмытқандар оңбайды,
Бастан кешкен ауылдағы сонау бір,
Балалығым баян етем сен жайлы..., – деп жырлағандай, онан әрі бал балалықтың небір қызықты сәттерін әрбір балладасына алтын арқау етеді. Бұған жинақтағы «Қызыл велисопед», «Ең ыстық жаз», «Жалғыз кемпір», «Қызыл өгіз», «Аманкелді+Сағымкүл», «Намыс» және басқа балладалары дәлел болады.
Ақын ауыл суретін, ондағы адамдардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын айнытпай ақ қағазға айшықтағанын мына бір жыр жолдарынан көреміз:
... Зеңгір көктен күн қайтып тұр құламай?!
Күйдіреді, жандырады мынау ай.
Ышқырына қыстыра сап етегін,
Қазан жаппай жауып жатыр Ранай.
... Ән шығар-ау әуелгіде сөз басы,
Көкіректен шер боп аққан көз жасы.
Баласы жоқ Бозан ағам боздайды,
О көк гармонь, сен де бірге боздашы.
...Әсия апам тапқан шіркін ұл қандай?!
Әбжандарың қол соғады ыржаңдай.
Бозторғайлар тына қалған тым-тырыс,
Сырнай емес,
Жылан арбап тұрғандай.
...Одан білгіш, одан көргіш өтіп пе?!
Ауылда адам Жолаевқа жетіп пе?!
Адам болса қарсы келген өзіне,
Екі аяғын тығады бір етікке.
Осылай кете береді, кете береді...
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ақынның осы бір жыр жинағының беташарында «Адамның ең бақытты шағы-балалық шағы. Балалық шағынды сағынып, еске алудың өзі бақыт» деп жазғанындай алақандай кітапшаның айтары мол, оған оқыған адамның көзі жетеді.
«Толқын» ақпарат

11 ақпан 2025 ж. 69 0