Мұқағали мен Зейнолла
телегей теңіз – бірі,
Екеуінің ел жайлы егіз жыры.
Бірде Сырға келіпті сырласуға
Мұқағали мақсатпен ең ізгі ұлы.
Танып-біліп өлеңнен талай атын,
Зекең жайлы білігі молаятын.
Ақмешітке түсіпті тұңғыш рет.
Атыраудан қайтқанда жолай ақын.
Мезгіл болса шіліңгір шілде күні,
Жарық көрген Сыр жайлы бірде жыры.
Ілияс пен Сәкенге ілгеріде
Қоныс болған осынау Сыр жері ұлы.
Қыр асса да қырық жыл бері сонан,
Құлшындырды сол жылдар мені соған.
З.Шүкіров болатын он жетімде –
Өлеңіме ашқан ол өріс ағам.
Атағы жоқ ол кезде жер жаратын,
Қыран әлі жаймаған кең қанатын.
Зейнолланың үйіне бірінші рет
Аттың басын бұрыпты сол жолы ақын…
Оралмайды ешқашан өткен шағым,
Жерге сыймай жүретін көкте арманым.
…Мұқағали аттады баспалдақпен,
Балағының бір сілкіп бөккен шаңын.
Жіберген жоқ уақыт ұмыттырып,
Кеудесінде ақынның үміт күліп,
«Антон Чехов, бірінші үй» есігінің
Қоңырауын басыпты тұрып-тұрып.
Ақмешітте жайраңдап жаз қабағы,
Жүрегіне жыр тұнып, саз қонады.
Есік ашқан баладан қалқан құлақ,
Зекең барын есітіп мәз болады.
Қалқан құлақ лезде танымаған,
Кіре беріс жарыққа жарымаған.
Жалт қараса, жай басып Алатаудай
Кіріп келе жатты үйге алып адам.
Ағасы ақын,
ақынның несі бөтен?!
Келеді Абай ізімен көші бекем.
Мұзарт шыңның сияқты мұзбалағы,
Мұқағали, мәссаған, осы ма екен?!
Күтеді адам үрзада үмітті алдан,
Апыл-ғұпыл сәтінде кіріп барған.
Зерек ойлы Зекеңнің мысы басып,
Мұқағали бір сәтке тұрып қалған.
Зекең айтты миықтан күліп алып:
– Теңіз толқын атады ыңыранып.
Сол теңіздің түбінде жатады алтын,
Балық көзге ілмейді мұны неғып?!
Терең бойлап қарасақ себебіне,
Ел бағасын береді өнеріңе.
Ең әуелі сондықтан ел-жұртыңның
Жарата біл жиғанын керегіңе.
Болады адам бағы мен бейнеті егіз,
Түбімізге жетеді кей қатеміз.
Сенің жырың – Алатау асқақтаған,
Менің жырым – тұңғиық бейне теңіз.
– Ақылына тамсанған талай текті,
Бәрі өткінші…
Беймарал Абай да өтті.
Сол Абайды сабаған өзіміз ғой,
Өкпелеме өзіңе! –
…солай депті!
Солай депті ұстазым ұлы ақынға,
– Сыналады мықтылар сұрапылда.
Сол биікке шығады арып-ашып,
Болса кімнің адалдық мұратында.
Мұқағали сонан соң жайлап қана,
Депті:
– Арамшөп өседі қай бақта да,
Оны жұлып құртпаса, бұл – бағбанның
Осалдығы емес пе,
Ойлап қара!
Жалын болып лауласа жыр кеудемде,
Мен еркелеп жүремін бір көргенде.
Қара өлеңнің емес пе қасиеті –
Тереңдік пен биіктік білгендерге.
– Ой-танымың әлгі айтқан дұрыс, Зеке,
Кейде алтыннан өтімді күміс, көке.
Таудай талант бұйырған таланына,
Тағдырыңыз ұқсайды құрышқа өте.
Осал емес!
Танытты тектілігін,
Отырмастан төкті кеп отты жырын.
Сынық қанат қырандай сыршыл ақын
Құшағына көміліп кетті мұның…
Мұқағали мұзбалақ мәз болғасын,
Жақұт жырмен көмкерді сөз жалғасын.
Тілге оралды төкпе ақын Төлеген мен
Отты жыры өзгеден озған Қасым…
…Атағы жоқ ол кезде жер жаратын,
Қыран әлі жаймаған кең қанатын.
Шүкіровтің үйіне осылайша,
Аттың басын тірепті сол жолы ақын.
Толыбай АБЫЛАЕВ
Сурет: elordainfo.kz