Сағыныштың сары жапырақтары
Зекең насыбайшыл адам еді. Қол басынан шағынырақ, саусақтай шыны шақшасын ешқашан жанынан тастамайтын. Көкбұйра ащы насыбай жарты литрлік үлкен бөтелкеде тұрады да, осы құйттақандай шақшаға керек кезінде салып алып, атып отырады. Әлдеқандай ойға батқан кезінде әлігі шақшаның басын сұқ саусағы мен бас бармағының арасына қыстырып, сол қолының жұдырығына сарт та сұрт ұрып отыратын. Бұл алғаш насыбайды араластырып отырмақ ниеттен басталған да кейін солай қалыптасып, әдетке айналып кеткен болу керек.
Әнағаның (Әнуарбек Дүйсенбиевті айтамын) қолында тұратын шешесі де, енесі де насыбайшыл адамдар. Бірде Алматыға екеуміз бірге келгенде жолда Зекеңнің насыбайы таусылып қалып, сол үйге асығып жеткен. Есіктен кіру бойына апайдың бірінен насыбай сұрап атып, құрыс-тұрысы жазылып, мәре-сәре боп қалды. Насыбайдың түр-түсі, қасиеті мен қуаты жайлы өзара біраз әңгімелесіп, базардан жақсы насыбай таңдап алуды сол кісіге тапсырғаны бар.
Зекең Қызылордада тұрған кезінде мен Қазалыдан бірде комсомол, бірде партия, бірде кәсіподақ, құдай-ау, бірінің құйрығын бірі иіскеп тұратын жиналыстарға апта, ай құрғатпай келемін де тұрамын. Сол кезде бізге оңтайлы поез облыс орталығына іңір қараңғысында жететін. Кейде қонақ үйден орын алып, кейде алмастан таң қараңғысынан салып ұрып бірдеңем ұмыт қалғандай Зекеңнің үйінен шығамын. Табаным Қызылордаға тиіп, ол кісіге сәлем бермей кеткен кезім болған емес. Есікті Набат апам ашады. Залға шешінемін де түкпіргі жатын бөлмедегі Зекеңе озамын. Сырттан таза ауадан келген темекі шегіп, насыбай атпайтын адамға білінбесін бе, удай ащы иіс мұрынды жарып, бірден қолқа қабады. Зекең оянсын мейлі, оянбасын, бірінші шаруа көкала насыбайға толы түкіргішін ваннаға алып шығып, төгіп тазалап, суын жаңартып қолы жететін жерге қайта әкеліп қоямын.
Көбіне екі қолын басынан асырып созып тастап, шалқалай жататын. Тықырдан оянып басын көтереді. «Ассалаумағалайкүм» деп қос қолымды ұсынамын. Ол көк масаты көпшігін шынтағына ала бере алдымен қарманып көзілдірігіне ұмтылып: «Ау, провинция, келдің бе?» дейді. «Келдік. Жеттік». Басқа амандықты содан кейін сұраса жатамыз, әңгіме шай үстінде өрбиді.
Сол кездегі жиналыстың ырғындығы, Қазалы мен Қызылорданың аралығын тоздыратындығым соншалық, Зекең: «Осы жүрісіңнің орнына ғой бір-екі повесть жазып тастайтын едің» дейді. Басымды әкімдік қысып бара жатқан мен жоқ, творчество күйттеп отыруға жағдай қайда? Саған қарап отырған кемпір-шал, бала-шаға... Зекең оны білмесін бе, тек саяқ жүрістің соншама көптігіне күйінеді де.
...Сонан кейінгі іздейтіні әлігі күйттей насыбай шақша. Көбіне көрпесінің астынан табылады. Домаланып қашып кеткендей болса алып беремін.
Құйттай жез шылапшын мен бір шәйнек жылы су, сабын, сүлгі алып келіп, қолына су құямын. Жуынып-шайынады. Әбден мұқалып бітуге айналған тұқыл тіс щеткісі бар-ды. «Зеке, жасы жетіпті ғой, мынаны тастамайсыз ба?» десем, «Осындайы кір алғыш болады» дейді де ысылдап-пысылдап жуына береді.
Қолында не қамшы, не таяғы жоқ Зекеңе әлігі шақша кәдімгідей қару да. Қазіргі жігіт ағасы, кезінде Нәкеңнің (Нәсіреддин Серәлиевті айтамын) көңіл толқытарлық әдемі әңгімесіне арқау болған Алпысбай інісі кішкентайында ойын қызығына түсіп, ескертуге құлақ аспай, кісілердің әңгімесін есіттірмей мазаны ала берсе, айғай сап сол шақшаны жіберіп келіп қалатын. Сөйтеді де саусағын шошайтып бұрышта жатқан шақшаны Алпысбайдың өзіне алдырады.
Мініп жүретін «көлігі» – біз тәрізді інілерін де осы шақшаның түбімен жөнге сала береді.
Бірде Елеусіз Кенебаев ақын ағасын пойызға алып шықпай ма. Асығыстығы бар, әрлі-берлі сапырылысқан қалың топ арасынан зіңгіттей адамды жіптіктей етіп алып жүру оңай боп па? Зекеңнің илікпейтін аяғы кісілерге соғып ауырып қалды ма, әйтеуір, мазасы кетсе керек. «Дұрыс жүр» деп шақшасының түбімен онсыз да ақ тер, көк тер болып әрең келе жатқан Елеусізді осы шақшаның түбімен ұратын көрінеді. Сонда Елеусіз: «Тастап жіберейін бе осы» десе, «Тастап көр» деп қорқытатыны тағы бар. Қазақ мініп келе жатқан көлігін жөнге сабап салмай қайтуші еді...
Қазақстан жазушыларының алтыншы съезіне Зекең обком арқылы аудандық партия комитетінен ұлықсат алып, мені «мініп» келді. Мәжіліс, сонан кейін бірі келіп, бірі кетіп жататын жігіттер бар, толастаған бір сәтінде «Молдахмет, суға түсіп алайықшы» деді. Жарайды. Зекеңді шешіндіріп, көтеріп апарып шомылғыға отырғыздым да суды ағыттым. Сол сәтте телефон шыр етіп, соған ұмтылдым. Оған барғанымша болмады Зекеңнің «Молдахмет-ші! Молдахмет!» деген ащы дауысы шықты. Жүгіріп келсем «Жап ананы! Жап! Пісірдің!» деп түтеп отыр. Жалма-жан шүмекті жаптым. «Шақша қайда әлігі. Шақшам!» деп жан-жағына қаранады. Қанша жерден көтеріп алып кеп, мәпелеп жүргеніммен шаруасы жоқ. Шақша қолында болғанда соны маған жібермекші ғой баяғы. Әлде түбімен сабап ала ма кім білсін.
Ыстық суды бірден толық ағытып, салқынын аздау жібердім бе, әлде аға келе ыстық су молайып кетті ме, илікпейтін аяғы құрымағыр қызарып қалды. Бірақ, күйген жоқ. Күймегенмен, әйтеуір Зекең бір шырқырауын шырқырады.
Сөйтіп, мен де шақша жей жаздағаным бар.
Молдахмет Қаназ