Балладаға айналған балалық

Кеудесін ұрмайтын, кемерінен тасымайтын мінезі оның өлеңдерінде теңіздей теңселіп, дауылпаз күйге ауысып алады. Құлаштап соққылаған балғадай құлақ құрышын қандырған тіркестер мен бейнелі жыр жолдары жойқын. Ақынның осы күйін «Арал Атлантидасы», «Аралдан соққан жел», «Махаббат дәптері», «Қыран шайыр» жинақтарынан кездестіре аласыз.
Қайран теңіздің алыстап кеткеніне аһ ұрған ақын енді оның қайта оралғанына қалай қуанады десеңізші!
Құмды жарып лайлап,
Аққан судың кемері.
Айдынында күн ойнап,
Арал көшіп келеді.
Менімше, Арал жайын жазған ақын көп, ал, Абылаев біреу!
Бүгін Толыбай ақынның «Балалық шақ балладалары» деп аталатын шағын кітабы қолымызға тиді.
Көлемімен көңілге олқы соғып, өлеңімен жүректі жылытатын осы кітапты оқыған кез келген адамның бала күнге деген сағынышы атойлап, күйкі тірліктен жұққан көкірек кірін бір шайып алады.
Кітаптағы «Бригадир Сансызбай», «Ақ ешкі жетектеген агент», «Намыс» деген балладалар «Кезіміз ол қарасирақ күстабан, кезіміз ол ұямыздан ұшпаған» деп ақынның өзі айтқандай, сол дәуірді ойын баласының көзімен көріп, толысқан адам ақылымен түйіндейді.
Солардың қатарында «Қызыл велосипед» деген бір баллада бар. Мына дүрдараз дүниемен елу-алпыс жыл дидарласып келе жатқан біз сияқты пенделер баяғы ауылдың ақ шаңында белесебет тепкен, дәлірек айтсақ, сол шайтанарбаның тізгінін бір ұстай алмай «басқарма баласының» артынан жүгірген кездерін көз алдына әкеледі.
Ғажап! Сондай да күндер өткен, осы кезге қалай жеткенімізді ұмытып қалмайық. Баяғы босағасына жыртық шапанын іліп қоятын Жиренше неткен дана еді.
Мен бұл кітаптан өлең мысалдарын келтіріп, көпсөзділікке бармаймын. Өйткені, оны оқушының көзбен жұтып, көңілмен қорытқаны абзалырақ. «Балалық шақ балладаларының» қызығы да сонда…
Қорыта айтарым, Толыбай ауыл мен бала хәлін том-том кітап жазбай-ақ бір жұқа жинаққа салып, томағасын сыпырған қырандай шарықтатқан.
Бұл – енді, ақын шеберлігі!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
Ақпарат көзі: syrboyi.kz