Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Тағдыр

Мектепте оқып жүргенімізде Нина Федоровна деген қазақ кластарына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін апай болды. Өте керемет кісі еді, әр оқушының анасы сияқты аңқылдаған жайлы болатын, көңілінен шықпай қалғанымызда күйіп-пісіп ұрысқанының өзін ұмытып кететінбіз. Қазалының қазіргі орталық базарының дәл жанында ескі үйде тұрды, қателеспесем, өткен ғасырдың 90-жылдарына таяу өмірден өтті. Сабақты жанын сала түсіндіретін болғасын ол кісінің еңбегін ақтауға тырысып, шамамыз келгенше жақсы оқуға барымызды салатынбыз.
Бір күні үй тапсырмасына жаттауға Пушкиннің «Узник» өлеңін берді. Соның алдында алып жүрген бірнеше бес пен төртімді көңіліме тоқ санап жаттамай келгенмін. Қас қылғанда апайдың менен сұрамасы бар ма, ай-й, әттегене-ай, өкінгенмен пайда жоқ. Екі сөзге келмей: «отыр, екі!» деді. Ол ол ма, келесі сабақта апайым мені тұрғызып тағы да «Узникті» сұрады. «Болары болды ғой» деп жаттамай келген мен үшін бұл төбемнен жай түскендей болды, ауызымды ашуға шамам келмей қалды. Сондағы апайдың айтқанын әлі ұмытқан жоқпын. «Басқа оқушы жаттамай келсе қолымды бір сілтер едім, ал сенен үміт күтетінмін, бұл жолы шынымен екі қоямын» деді. Содан кейін қайтып сұрамаса да ұятқа қалдырған «Узникті» жаттап алдым, мектеп бітіргенімізге жарты ғасыр өтсе де сол өлеңді әлі ұмытқаным жоқ. Кейін көшеде кездесіп қалып, әлгі өлеңді апайға айтып беріп, бір күлдіргенім бар. Нина апайымыз дуэльде Пушкинді атып өлтірген Дантесті жер бетіндегі ең жауыз адам деп жер-жебіріне жететін. Бірақ ол кісінің Дантесті жақсы білмегеніне 50 жылдан кейін ғана көзім жетті. Мына бір жазбаны өзім жазылған «Клуб по интересам добрых людей» тобынан аударма жасадым.
«…Сыры кетсе де, сыны кете қоймаған ол әйелдің жасы шамамен тоқсанның төңірегінде. Ал мен бар болғаны он жеті-ақ жастамын. Ол кісімен ойда жоқ жерде, Киевтің оң жағалауындағы құз жартастың көрікті тұсын ала ағып жатқан әсем Днепрдің сол беткейіндегі құмды шомылу алаңқайында ұшырастым. Күн шайдай ашық, 1952 жылдың шілде айы болатын. Өзім қатарлы бір топ жас айналаны басымызға көтере күліп жағалауда футбол ойнап жатқанбыз. Бұл түрімізбен бізден аулақтау жерде күннен қорғанатын әлсіз көлеңке жасап кітап оқып өзімен-өзі жатқан әлгі әйелдің баспанасына бір зиян тигізетініміз анық еді және солай болды да. Біздің оспадар ойынымыздың кесірінен дәл тиген добымыздан байғұс кейуана бетін жапқан мәйіт құсап қалды. Мен жүгіріп барып оның тұруына көмектесіп, «кешіріңізші әжей» деп жатсам, «мен сізге әжей емеспін, жас жігіт» деді ол етек-жеңінің құмын қағып жатып өзіне жарасымды әмірлі дауыспен.
– Өтінемін сізден, мені әжей деп атамаңыз, менің Анна Николаевна Воронцова деген есім-тегім бар, – деді. Аңтарылып тұрып қалдым, себебі таныстарымның арасында дәл мұншалықты ақсүйек деңгейінде мәнерлі сөйлейтін ешкім жоқ еді. Бұл кісінің жай адам емес екенін анық сездім және өзім кітапты өте көп оқитын болған соң Воронцовтар есім-сойының революцияға дейінгі орыс ақсүйектеріне ғана тиесілі екенін жақсы білетінмін.
– Кешіріңіз, Анна Николаевна, дедім кінәмді мойындаған түрмен. Ол кісі жылышұрап күлімсіреді де, атымды сұрады.
– Атым Алексей, Алеша…
– Өте жақсы есім, негізі сіздің тәрбиелі екеніңіз байқалып тұр жас жігіт. Сіз білесіз бе, Анна Каренинаның Алексей есімді сүйіктісі болғанын, – деді құмға түсіп қалған «Анна Каренина» романын көтеріп жатып.
– Олардың махаббаты Каренинаның қазаға ұшырауымен өте қайғылы аяқталды, сіз Лев Толстойды оқыдыңыз ба?
– Әрине, – дедім мен мақтанышпен, – Пушкиннен бастап Чеховқа дейін орыс классикасын түгел оқығанмын. Ол кісі басын изеді де:
– Сіз түсінесіз бе,– деді әңгімесін жалғап, – революцияға дейін Толстой өз романдарына кейіпкер етіп алған орыс ақсүйектерінің бірталайымен жақын таныс, тіпті қарым-қатынаста болғанмын.
Ол тұстағы менің замандастарыма бұл кісінің айтқандарын қабылдау тым қиын болар еді. Себебі, біздің түсінігіміз, алған тәрбиеміз, комсомол жастар ретінде меңгерген саяси сабағымыз бойынша революцияға дейінгі орыс аристократтары совет үкіметінің қас дұшпандары, сатқындар болып саналатын. Ал кішкентай ғана сүп-сүйкімді қуыршақтай кемпір күлімсіреп қойып мен сияқты Отаны үшін отқа түсуге даяр кеңес жеткіншегіне еш қаймықпастан біздің бітіспес дұшпандарымыз туралы беріле әңгімелеп тұр. Доп теуіп жатқан достарыма тартып кеткім келіп тұрды да, ақыры әуестігім жеңіп бәсең ғана дауыспен:
– Анна Николаевна, меніңше Воронцовтар князь әулеті болған ғой, солай ма ? – дедім.
Ол кісі күліп жіберді де:
– Жоқ Алеша, менің әкем, Николай Александрович граф болған, – деді.
Дәл осы тұста: «Сен ойынға қосыласың ба, жоқ па?» деген достарыма: «Менсіз ойнай беріңдер» деп жауап қайтардым. «А-а, ол өзіне лайық қалыңдық тауып алыпты, оны жайына қалдырайық», деп жағалауды бастарына көтере даурыға күлген достарыма қосыла күлген Анна Николаевна: «Ай-й, жастар-ай, менің қалыңдық болатын уақыттан сәл ғана өтіп кеткенімді қарамайсыңдар ма?» деді де, бұрылып:
– Алеша, ал сіздің қалыңдығыңыз бар ма, сіз оны жақсы көресіз бе? –дегенде жеңіл ғана шетелдік акценті бар екенін байқап қалдым.
– Шынымды айтсам, бұл жөнінде әлі ойланып көрмеппін.
– Жарайсың, деді Анна Николаевна. – Сіз әлі махаббат дегенді түсіну үшін тым жассыз, сіз үшін ол өте қауіпті әрі абырой әпермеуі мүмкін. Дәл сіздің жасыңызда, яғни 17 жасымда өзімнен 48 жас үлкен азаматқа ғашық болғанмын. Бұл менің өмірімдегі ең қорқынышты кездесу болды және ол кездесудің бар болғаны үш-ақ сағатқа созылғанына Құдайға шүкір деймін.
Кейуананың әңгімесін ден қойып тыңдай отырып ол кісінің қайғы-қасіретпен астасып жатқан тарихи деуге келетін маңызды оқиға туралы баяндағалы отырғанын өзіме тән түйсігіммен сездім де, тақырыпқа тамызық тастау үшін:
– Анна Николаевна, сіздің сөз саптауыңызда шетелдік акцент барын байқаған сияқтымын, бұл француз акценті емес пе? – дедім.
Ол кісі күлімсіреді де, орнына жайғасып отырып, әңгімесін арнасына түсірді:
– Иә, әрине. Француз тілі де мен үшін ана тілімдей болып кетті ғой. Балалықпен ғашық болатын әлгі адам да акцентімді жылдам байқаған еді. Ол кездегі акцентім де, ол кісіге қайтарған жауабым да мүлдем басқа және мұның соңы сұмдық жағдайға жеткізген болатын.
Бұл жағдай 1877 жылы Парижде болды. Мен он жетідемін, ал ол кісі болса алпыс бесте. Егде жаста болса да, өте келбетті еді, шынымды айтсам, сол кезге дейінгі және кейінгі өмірімде кездестірген ер-азаматтардың ішіндегі ең көріктісі еді. Ұзын бойлы, қай жағынан да жинақы, кең иықты, өзіне жарасымды бурыл шашы бар. Жас шамасын бірден ажырата алмадым, орта жаста шығар деп шамаладым. Алғашқы тілдесуден-ақ оның өте білімді, ақылды, мәдениетті, шектен аспайтын көргенді екені байқалды. Париж Рождествоға дайындық үстінде еді. Әкем граф Николай Александрович Воронцов Ресейдің Франциядағы елшісі болатын және Франция Сыртқы істер министрлігінің әкемді отбасымен бірге Рождество мерекесін тойлауға шақыруы заңдылыққа сай еді. Алексей, сіз кітапты көп оқимын дедіңіз ғой, сіз білесіз бе, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы он алты жасар Наташа Ростованың Мәскеудің мерекелік балына қатысқандағы толқынысын, сезімін, алдында күтіп тұрған белгісіз болашағына алаңдаған үрейге толы қорқынышын. Мен де таңғажайып, атақты Кэ д Орсе жағалауында орналасқан Франция Сыртқы істер министрлігінің жарқыраған паркет еденіне аяқ басқанымда дәл сондай сезімде болдым. Ол мені биге шақырды, сосын тағы да, тағы да. Жасымыздың алшақтығы еш кедергі болмай қалды. Билей жүріп әңгімелесіп те, күлісіп те, әзілдесіп те үлгеріп жатырмыз. Уақыт жылдам өтіп жатса да, оны ұнатып қалғанымды, белгісіз болашағымды осы кісімен байланыстырып үлгергенімді сезе бастадым. Әрине, біз французша сөйлестік, оның аты Жорж, француз парламентінде сенатор екенін де біліп алдым. Алеша, сіз бағана аздап шетелдік акцентім бар екенін айттыңыз ғой, Жорж да біз дөңгеленген вальстен басымыз айналып креслоға отыра қалғанымызда маған дәл сондай сұрақ қойды.
– Анна, – деді ол, – сізде бір ерекше акцент бар екен, неміс қызы емессіз бе?
Мен күліп жібердім.
– Голланд немесе швед қызы шығарсыз?
– Жоқ, таппадыңыз.
– Грек, поляк, испан қызы да емессіз бе?
– Жоқ, – дедім мен.
– Мен орыс қызымын.
Ол маған жалт бұрылды да, қорқынышқа толы көз жанары үлкейіп, естілер-естілместей сыбырға жақын үнмен:
– Орыс қызымын дедіңіз бе? – деді.
– Айтпақшы, – дедім мен, – сіздің фамилияңызды сұрамаппын ғой, Жорж. Сіз кімсіз, құпия бейтаныс?
Ол біршама уақыт ойын жинақтағандай үндемей отырды да, сосын бәсең дауыспен:
– Оны мен сізге айта алмаймын, Анна! – деді.
– Неге?
– Айта алмаймын…
– Бірақ, неге ? –деп мен де қыр соңынан қалмадым. Ол тағы да үндемей қалды. Сосын:
– Қазбалай бермеңізші, Анна, өтінемін, – деді жаймен ғана. Осылайша бірнеше минут сұрақ-жауап түрінде сөз алыстық. Мен тіпті талап еттім, ал ол үзілді-кесілді бас тартты.
– Анна, – деді ол ақырында, – егер сізге өзімнің фамилиямды айтатын болсам, дәл қазір осы залдан шығып кетесіз де, содан кейін сізді ешқашан көре алмаймын.
– Жоқ, жоқ, – дедім мен айқайға жақын дауыспен.
– Иә, – деді ол өзін зорлай күлімсіреп сәл жақындап, – маған сеніңіз, мен айтқандай болады.
– Ант етем, – деп айқайлап жібердім, – қандай жауап естісем де досыңыз болып қаламын!
– Орындауға шамаңыз жетпейтін антты бермеңіз, Анна, қайтып алыңыз, – деді де, жартылай бұрылып тұрып:
– Менің аты-жөнім Жорж Дантес. Осыдан қырық жыл бұрын дуэльде Пушкинді атып өлтірген Дантеспін.
Осыны айтып ол маған тура қарама-қарсы тұрды. Әдепкі ақсүйек кейпінен түк қалмапты. Алдымда жазық маңдайын терең әжімдер кескілеген, екі көзінің алды таңбалана күлдіреген, көздері шарасынан шыға жасқа толған қаусаған шал пайда болды. Айтқан сөздері ақылыма сыймағаны сонша, есі ауысқан адамдай оған қарап қалыппын. Осыдан жиырма минут қана бұрын менімен шыр айналып билеген, әзіл айтып ішек-сілемді қатырған, жан дүниемді жаулап, бар болмысымды өзіне баурап алған адам осы ма? Жер жүзіне белгілі, есімі жасқа да, кәріге де, байға да кедейге де, ақсүйекке де, шаруаға да танымал, орыс әдебиетінің пірі Александр Пушкинді атып өлтірген адам шынымен осы ма?
Орнымнан атып тұрдым, жасқа толы көзімді одан айырмай ақырын шегіне беріп жалт бұрылдым да, көпшіліктің назарын өзіме еріксіз аударып тарсылдата жүгіріп залдан шығып, баспалдақпен төмен қарай құлдилай отырып сыртқа шықтым. Сол екпінмен жүгіре басып жақын жердегі талдың теріс жағына сүйеніп тұра қалдым. Тоқтаусыз ағып ештеңе көруге мүмкіндік бермей тұрған көз жасымның арасынан өлімші болып жараланып қанға боялған Пушкин, шынтағына сүйеніп қарсыласын атуға көтеріле беріп қайта құлап түскені, қоғамға бергенінен берері көп болғаны даусыз ұлы ақынның сұлбасы, табытта жатқан жансыз бейнесі елестеп өтіп жатты.
Бірнеше күннен соң мен Дантестен хат алдым, Алеша, сіз сол хатты көргіңіз келе ме? Дүйсенбі күні түскі уақытта бір шыныаяқ шай ішуге үйіме келіңіз. Мен сізге әлгі хатты, оған қоса сирек кездесетін көне кітаптар мен құнды картиналарды көрсетемін.
 ***
Үш күннен соң айтқан мекен-жайына іздеп бардым, есікті алпыстардағы егде ер адам ашты. «Сіз Алешасыз ба?» деген сұрағына «иә» деп жауап қайтардым.
– Анна Николаевна өкпе қабынуының ауыр түрімен ауруханада жатыр, мен ол кісінің ұлымын. Мына хатты сізге беруді тапсырып еді.
Оның ұсынған хатын алып сыртқа шықтым да, ешқайда кідірмей өткенде Анна Николаевнамен алғаш кездескен жерге келіп отырып хатты аша бастадым. Конверттен екі парақ шықты, бірі тым ескі болғандықтан сарғайып кеткен, француз тілінде жазылған, екіншісі арнайы мен түсіну үшін үлкен кісінің өз қолымен жазылған хаттың орысша нұсқасы еді. Жайғасып отырып оқи бастадым:
«Париж 30 желтоқсан 1877 жыл.
Қымбатты Анна!
Кешірім сұрап сізді әуреге салмай-ақ қояйын, себебі ешқандай әрекет, тіпті көз жасымды көл қыла отырып сұраған кешірім де осыдан қырық жыл бұрын жасаған қылмысымды ақтап ала алмайды. Ұлы ақын Александр Пушкин отыз жетіде, ал мен жиырма бес жаста болған кездегі ештеңемен өлшеуге келмейтін құрбандықтың болғанына 40 жыл немесе 14600 күн мен түн өтіпті. Қанша жусам да қолымның қаны кетпегеніне де, арқамдағы ауыр жүктің салмағы азаймағанына да осынша уақыт болыпты. Ұлы ақынның талай мәрте түсіме кіріп сұраулы жүзбен теріс бұрылып кетіп жүргенін де жасыра алмаймын. Өзінің отыз жеті жыл өмірінде әлемге теңдесі жоқ мол мұрасын тарту етті, ал және осынша өмір сүргенде дәл сондай шығармашылығын екі еселеген болар еді. Бірақ оны жасай алмады, себебі онымен бірге тағы бір әлем әдебиетінің алыбын өлтіріп отырмын. Мен қазір алпыс бес жастамын, он екі мүшем сау. Анна, мен сияқты салқынқанды кісі өлтірушінің әр күн сайын өзін жегідей жеп, азаппен арпалысып отыруы үшін ғана Жаратушы иемнің маған ұзақ өмір бергеніне сенімдімін.
Қош болыңыз, Анна! Жорж Дантес.
P.S. Адамзаттың қажеттілігі үшін оның емес, менің өлгенім пайдалы болған болар еді, бірақ тіршілік пен ажал таңдауы қару ұңғысының оқпанында тұрғанда ол туралы ойлану мүмкін болмайды екен. Ж.Д».
Дантестің қолтаңбасының астында үлкен кісінің шашыраңқы жазулары байқалады: «Құрметті Легион» орденінің кавалері және сенатор Жорж Дантес 1895 жылы өз үйінде, балалары мен немерелерінің жанында өмірден өтті. Ол сексен үш жаста еді.
Графиня Анна Николаевна Воронцова біздің кездесуімізден соң он күннен кейін, 1952 жылдың шілде айында дүние салды. Ол тоқсан екі жаста болатын».
ӘлімжанҚИЯС.
Әйтеке би кенті

Ақпарат көзі: syrboyi.kz

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
 
22 ақпан 2025 ж. 34 0