Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алғашқы ұстаз

Алғашқы ұстаз

Осыдан аттай алпыс төрт жыл бұрын, 1959 жылғы 1 қыркүйекте №45 көне Бөген бастауыш мектебіне әжем мені өз қолымен жетелеп әкелді. Мектеп табалдырығынан қорқа-қорқа аттадым. Төбесін қара қағазбен жапқан бұл ғимарат о кездері әжептәуір әдемі, бұрынғы «Қаратүп» колхозының кеңсесі болатын. Енді мектеп құзырына өткен бұл жерде 1-4 сынып оқушылары аралас-құралас білім алып қара таниды. Бастауыш мектептің меңгерушісі Бақым Өмірсеріков ағай, ұстаздарымыз Патшайы Назарова, Айша Ермағамбетова, Назгүл Мамырбаева апайлар. Осылардың ішіндегі Патшайы апай мені 1 сыныпқа қабылдап алған. Әрі қарай «Әліппе», «Арифметика», «Букварь», жазу дәптерін үлестіріп, екеу-екеуден қара партаға жайғастырды. Менің жанымда отырған Биғожаева Зияданың бойы менен гөрі биіктеу. Төбемнен қарайды. Апай басқа ер балаларды да осы тәртіппен отырғызып, мектептің ережесімен таныстырып өтті. Бұл ережеден түсінгенім, енді улап-шуламай, бір-бірімізге соқтығыспай, мұрнымыздан сорамызды ағызбай апайдың ығымен жүруге тиіспіз. Оның үстіне апайымыз «Еркелікті қоясыңдар, бұл әжелеріңнің қасы емес, мектеп» деп, бәрімізге зілдене көз тікті. Апайдың зілді көзқарасы бізді сескендіріп, «байқаңдар» дегендей сыңай байқатты.
Сонымен алғашқы сабағымыз басталды. Әуелі «Әліппені» ашып, суреттерінің көптігінен көз сүрінетін «А» әрпіне тоқталды. Апайға еріп, «Ана, ара, аға» деген сөздерді улап-шулап қайталап жатырмыз. Апай – қаз, біз –балапандар сияқтымыз.
Алғашқы сабақ үстінде осылайша алғашқы «А» әрпіне қанықтық. Бастауыштың қисық сызықты дәптерінің алғашқы бетіне бадырайтып «А» әрпін арбақ-тарбақ жазып шықтық. Патшайы апай парта аралап, біздің қолтаңбамызды ұстаз көзімен, ұсынықты көңілмен қарап, жұмбақтау жимиып қояды. Біріміздің тұсымызға барғанда басын изеп, екіншіміздің қасымызға келгенде қабағын зілсіз түйгенін көріп, іштей қуыстанып қаламыз. Апай болса алғашқы үзілістен соң «Арифметика» пәніне кірісті. Бұл кәдімгі есеп сабағы екен. Қосу мен алу амалдарын қарапайым түрде үйретіп жатыр. Біз де қалыспай, саусағымызды санап, іштей қосу, алу амалдары дегенді миымызға сиғыза алмай, әуре-сарсаңбыз.
Қойшы, сонымен алғашы күнгі сабақ та аяқталды-ау. Сыныпта 1 жыл, 1 ғасыр өткендей ұзақ отырдық. Айтпақшы, бір қыз, бір бала жатсынып, «апалап», «әжелеп» сыныпты бастарына көтергені бар емес пе?! Қалғандарымыз апайдан қорыққаннан көз жасымызға тұншығып, төмен қарап, мөлиіп отыра бердік.
Еркіндік қандай жақсы. Мектептен шыға сала үйді-үйімізге қасқырдан қашқан қояндай зытып келеміз. Бұрын қалай болса, солай, емін-еркін жүрген бізді бір жерге қамап қойғанның несі ұнасын? Кейбіріміз бақырып, енді біріміз үйден шығып кеткелі біраз уақыт болғандай сағынып, аңсап келеміз.
О кездегі мұғалімнің беделіне сөз жетпеуші еді. «Мұғалім келе жатыр» десе, ойнап жатқан жерімізден ұясына тас тиген құстай тұс-тұсқа безіп кететінбіз. Бізге екінші сыныпта Нәжмадин Ақбиманов деген мұғалім сабақ берген. Қатал ағай. Бір күні «ағайың үйге қарай келе жатыр» деген суыт хабарды естіп, жалма-жан керуеттің астына жасырынып қалғаным бар. Ал, ұстазым болса есіктің көзінде тұрған әжеме менің «тәртібім» туралы тәрбие-тәлім беріп, әбден есін шығарған. Сабақ білмей қалсаң, жыбырлап тыным таппасаң, құлағыңды көзіңе көрінгенше бұрайтын. Үйдегілерге айтып берсең, ағайды сызған қағаздай сыпайы, өзімізді «бұзақы» етіп шығаратын.
Сол екініші сыныптың аяқталуына 4-5 ай қалғанда Нәжмадин ағай өзінің ауылы Ақбайға ауысып кетті де, орнына алғашқы ұстазымыз Патшайы апай қайта келді. Сонан бастап біраз уақыт тоқтап қалған ән сабағы сыныбымызға әуелей бастады. Бұл сабақта бәріміз қара тақтаның алдында қалшиып тұрып, хормен ән шырқаймыз. Ұмытпасам, Латиф Хамидидің «Отан», тағы бір композитордың «Қырманға кел, қалқатай» әндері. Айтпақшы біздің мектебіміздің тарлығынан бірінші мен үшінші сыныптықтар, екінші мен төртінші сыныптықтар бірге оқиды. Бірақ, бағдарламамыз бөлек. Зауқайым мұғаліміміз сабақ үстінде сыртқа шығып кетсе, дауыл күнгі теңіздей дүрілдеп кетеміз.
Міне, енді хорда екі сыныптың көгенкөздері шырқаған «Отан», «Туған жер» туралы әндер көкке самғап бара жатқанда бір-бірімізді түртпектеп ойнай бастап ек, апай «Немене сендерге Отан туралы патриоттық әндер ойыншық па?» деп, ұрысып тастады.
Сол күні кешкілік бастауыш мектептің меңгерушісі Бақым ағай еденіне саз төселген ауызғы коридорға төртінші сыныптағы Ақберген, Жолдас сияқты ересек балаларға үйілерінен 2-3 баудан қамыс алдырып төсетіп тастады. Соның үстінде малдасымызды құрап отырмыз. Рахат. Кешікпей Бақым ағайдың қабырғаға табиғат туралы «мылқау» диафильмінің суреттері түсе бастады. Ағайдың жанындағы техникаға бейім баланың бірі қол басындай аппараттың құлағын барып тұр. Бұраған сайын экрандағы суреттер өзгере береді. Иә, жүрмейді, иә сөйлемейді, қимылдамайды. Сіресіп қалған. Бірақ бізге соның өзі қызық. Бұрын-соңды көрмеген соң.
Ол ол ма, бір күні сыныпқа Патшайы апай өне бойы көк, сары сызуламен, жазулармен айқұш-ұйқыш әлеміштенген доп-домалақ, астында тіреуіші бар затты Шымбергенге көтертіп әкеліп, «Бұл глобус» деді. Апай әлгі глобусты шыр айналдарып, ондағы құрылықтар мен мұхиттарды сан алуан мемлекеттерді сұқ саусағымен безеп таныстырып жатыр.
Бір кезде апайдың сұқ саусағы көк түспен боялаған мұхиттарды сары түс, қоңыр түспен кескінделген құрылықтарды көктей өтіп, нүктедей ғана көк бояуға келіп тура қалды. Бәріміз демімізді ішімізден алып отырмыз. Апай кенет бізге қарап «Мынау өзіміз жағасында мекен етіп отырған аты шулы Арал теңізі» дегенде бәріміз аузымызды ашып қалдық. Бұл қалай? Мынау нүктенің қарамындай қара жерге күллі Арал асау теңізімен қоса қалай сыйып тұр?
Патшайы апай бізге бұл дүние жүзінің әлденеше есе кішірейтілген макеті екенін аз сөзбен асықпай ұғындырды. Сонда да болсын көпке дейін түсінбей күмәнданып жүрдік. Апай жаңа сабақты түсіндіруден жалықпайтын. Әр баланың мінез-құлқын, бейімін бірден танитын. Нағыз психолог еді.
Көбінесе апай «Ана тілі» сабағында Абай ақынның жылдың төрт мезгілі туралы өлеңідерін қайталатып отыратын. Өзі әр балаға жатқа айтқызып, сол өлеңнің түсінігін айтуды талап ететін. Оқушының мектепте, мектептен тыс уақытын өзін ұстауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруін екі ауыз сөзбен құлағымызға құя беретін. Бұған қоса Абай ақынның өлеңдерінен алуан түрлі мысалдар келтіретін. Өтірік айтпауға, орынсыз мақтаншақ болмауға, шыншыл болуға, достықты қадірлей білуге, өзгенің дүниесіне қызықпауға, қызғанбауға үйреткенін біз өмір бойы өзімізге өнеге тұтып келеміз.
Сөйтіп жүргенде ауылдағы бастауыш сыныпты бітіріп, енді орталықтағы орта мектепте оқуымызды жалғастыратын кезең таяды. Бастауыштағы соңғы қоңырау соғылатын сәт, мектеп алдында ауылдағы ақ сақалды аталар, ақ жаулықты әжелер, әлі оқуға бармаған тақырбас қара сирақтар қаздай тізілген бізден көздерін алмайды. Әне, ішінде көз жасы мөлт-мөлт етіп менің әжем де тұр...
Бір кезде сыртын талай жылдардан кір басқан ескі жез қоңырау сыңғырлап қоя бергенде біздің алғашқы ұстазымыз Патшайы Назарова апайдың көзінен бірер тамшы омырауына қарай үзіліп түскенін көрдім. Әншейінде қатал адам сияқты еді. Сірә, шәкірттерін қимай тұрған шығар...
Сонан бері талай жылдар өтті. Алғашқы ұстазымыз өмірден өткелі қай заман. Тіршіліктің талай толқынымен алысып, біз де біраз жасқа келіп қалыппыз. Сонда да болса алғашқы ұстазымызды ешқашан ұмытуға тиісті емеспіз. Ұмытпаймыз да.
Т. Нұржан-Балта

Фото: muftyat.kz
20 желтоқсан 2023 ж. 954 0