Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балықшының әңгімелері

Балықшының әңгімелері

Қазір Ақтөбе облысы, Бестамақ ауылында тұратын, жасы жетпістің бел ортасындағы, жас кезінде Арал теңізінен үлкендерге балық аулауға көмектескен, кейіннен  болат жолдың бойынан  зейнетке шыққан Ақмадин Мұқашов өзінің балалық, жастық шағы жайында ауылдастарымен  басқосуларда ұлағатты әңгімелер айтып отырады. Сондай әңгімелерінің бірін ол былай бастады.
                                   Қара жайын
Ол кезде 16-17 жастағы кезім, әкем Қызылбай асау  Аралдың айдынынан балық аулайды. Мені не баласы Мықтыбайды өзіне көмектесуге алып кетеді. Жазда Үлкен Теңізден Қаратүптің тұсынан жиырма құлаштай тереңдіктен бекіреге ақан ау саламыз, қыста Кіші Теңізге ау саламыз.
     Оныншы оқып жүрген кезім. Әкем теңіз астындағы балық жайын жақсы білетін сыралғы балықшы. Өзі зор денелі, қызыл шырайлы, қаба сақалды, жасы алпыстың бел ортасындағы адам болатын.
Демалыс күндері әкеме ау қарасуға көмекке барамын.
    Сол жылы күн суық болғанымен, қар жұқа болатын. Қысқы каникулда әкеммен теңізге шықтым. Мұздың қалыңдығы 80-90 сантиметрдей бар. Атшанаға торы төбелді жегіп, таңертеңгі қараңғылықта ауға аттандық, балықшылардың шанамен жол қылып тастаған ізіне түстік те, тартып кеттік. Ауылдың әр тұсынан теңізге шыққан балықшылар көрінеді.
   Теңізге түскесін тағалы торы төбел сыдырта жөнелді. Жолда атанмен шыққан бір-екі балықшыны басып оздық. Өткендегі ау басына байлаған қарақшыға келіп, аудың құлағын ұстағанымызда Балуан шыңның үстінен шұғыласын шашып күн де көрінді. Күн тынық, ашық аяз болатын.
     Әкем сүйменмен бес-алты күннен бері қаралмаған майлықты үлкейтті. Мен әдеттегідей шыжым тарта бастадым. Әкем ауға түскен сазан, тыран, ақбалықтарды жазып алып жатыр. Сәлден соң майлық басындағы балықтың жиыны көбейе бастады.
    Ойыққа үңіліп отырған әкем: «Шыжымды тоқтат, бір қара пәле келе жатыр,» деді.
«Ол не пәле? – дедім мен.
«Үлкен жайын-ау деймін. Ойықты үлкейт!»
Мен  ұшы біздей сүйменмен метрдей қалың мұзды дүрсілдетіп оя бастадым, әкем  ойыққа түскен мұз түйіршіктерін сүзгімен қағып тастап тұр. Бойым бусанып, үстімдегі фуфайканы лақтырып тастап, тездетіп майлықты үлкейттім.
«Шананы жақындат!» – деді әкем, тор сеткімен күрді тазалап жатып, ойыққа үңіліп қояды.
Торы төбелді ойыққа жақындатып, аудың арқалығы мен табанын қосып буды да, шанаға байлап: « Ал, тарт!» деді.
Торы төбелді сауырынан қамшымен тартып жібердім, тағалы жылқы жұлқына алға ұмтылғанда, басы қазандай, ұзыны үш метрдей жайын майлықтан шығып, құйрығын сабалап жатты.
Енді екеумізге дәу жайынды шанаға салу оңай болмады. Ат шананың қапталына сүймен шанышып, жайынды жақындаттық, үсті жылпылдап ұсталынбайды, болмағасын шананы қырынан жатқызып, зорға дегенде салдық.  
Кештете ауылға келдік. Боранбай ағам балық қабылдайды, осында тұрғандардың бәрі жайынды көріп таңданысып жатыр. Солардың бірі: «Мына жайынды кірге өлшейік,» деді. Әкем: «Өлшесеңдер өлшеңдер, бірақ шанаға өздерің салып бересіңдер,» деді. Олар жайынды кірге салғанда 97 келі болды.
 Үйге келгесін әкем қазан пышағы алып, жайынды сойып, көршілердің бәріне кеспелеп таратып берді.  
Дауылды күнде
      Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасы, біздің үй жазда жайлауға шығады. Үлкен теңіз бетте Елеу, Аққұдық, Қызылкөлді   жағалай балықшы ауылдар отырады. Балуан шыңнан батысқа қарай Сағымбай жары, Жақып жар деген жерлер бар. Қызылкөл екі жардың ортасында, теңіздің тасу уақытында мұнда балық жоғарыға өрлеп кетеді. Ілгеріде теңіз осы жарларға соғып жатқан ғой.
      Біздің, әкемнің, Ахмет атамның, Досықайдың, Қошабайдың үйлері осында тұрады. Сол күні мен қойдың кезегіне қалдым да, Қызылбай әкем  таңғы намазын оқып алғасын баласы  Мықтыбаймен ұлы теңізге ақан ау қарауға кеткен.
       Ол кездері балықшылар ақан ауды 16-17 құлаш,  былайынша 35-40 метр тереңдікке салады. Теңізге еміне жататын Балуан шыңның биігі көрінбей  бұлдырап қалады. Ауға қарақшы немесе бояқ байламайды, ондағысы балық инспекторлары айыппұл салатындықтан. Олардың айдын теңізден ауларын қалай тауып алатынына таң қаламын. Ауларын салған шамаға келгенде, қайығын жай жылжытып, көшкіні ұзын шыжымға байлап жібереді. Көшкіге ілінген соң жағалап қарай бастайды. Теңіз табанында айқұлақ көп болады, бекіре сонымен және қайыр құммен қоректенеді. 
     Түс ауа күн райы лезде бұзылды, шаңды дауыл көтеріліп, ала қиғаш басталды да кетті. Ауыл адамдары теңізге шыққандарды уайымдасып қалды, Шолпан әжем, менің, сенің шешең, Досықай ағам, Қошабайлар бәрі ауға кеткендерге алаңдап, теңіз жаққа қарай береді.
     Барлық ауыл қарап тұрғанда Мықтыбайлар келді, жетегінде Бектібайдың қайығы бар. Аман келгеніне қуанып қалдық.
Келгеннен кейін Мықтыбайдың айтқаны: «Ауды қарап, екі-үш бекіре алған кезде кенеттен құйын көтеріліп, бір сәтте астан-кестен болды. Әкем ауды тастап, мен он үш селіні от алдырдым. Толқынға тіке салып басып келемін, әкем қайыққа құйылған суды төкішпен төгіп отырды. Әлдебір дыбыс шыққанға қарасақ, Бектібай моторын от алдыра алмай жүр екен. Әкесі Айбасты қайықтың алдыңғы азынасына байлап тастапты. Әлдеқандай жағдай болады дегендегісі ғой.
« Біздерді ала кетіңдер,» деп айқайлайды. Көшкіге арқан байлап Бектібайға лақтырдым. Жақындап келіп екі рет лақтырғанда арқанға қолы жетпеді. Әкем: « Айбасты құтқарамыз деп өзіміз суға кетерміз, кеттік,» деді. Үшініші рет лақтырғанда Бектібай шап беріп арқанды ұстап алды. Әкемнің он үш селісі жаңа болатын. Оларды тіркеуге алып шықтық.»
Аман келгесін Айбас: « Жиен, сен болмағанда біздер теңізге кететін едік,» деп алғысын айтты.
Ол кезде Айбастың үйі Ауанда тұрады. Екі-үш күннен кейін ауылдағы үлкендерді шақырып, бір жандық сойып садақа беріп жіберді.  
Өтебай СЕРӘЛІ 

​Сурет: ​syrboyi.kz
              
  
24 ақпан 2025 ж. 184 0