Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адам – керуен, өмір – жол

Адам – керуен, өмір – жол

Жақсы кітап қолға тисе, жан-әлемің бір серпіліп, көңілге қуаныш орнайды. Жақында сондай бір кітап қолға түсіп, міне оны парақтап отырмыз.
Алдыңғы буын ағалар, көпті көрген көнелер, елге қызмет еткен ерендер қолына қалам алып, өткен күндері мен қызмет жолы туралы жаза бастаса, шынайы тәуір дүниелер туатынын білеміз. Міне, дәл сондай бір кітаптың авторы ауданымызда абыройлы қызмет істеген Арал ауданының Құрметті азаматы Әнес Әуезов ағамыз.
Кітпатың аты – «Адам – керуен, өмір – жол».  Жинақ алты бөлімнен тұрады. Көлемді де мазмұнды. Кітап 24 баспа табақ шамасында екен. Айдынды өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани жарты ғасырлық кезеңінің шежірешісі, куәгері болып келе жатқан Әнес ағаның халқына айтары да, берері де көп. Өзінің ғұмырбаянын, бір әулеттің талайлы тағдарын көсілтіп жаза отырып, ұзақ уақыт аралығындағы қилы-қилы суреттерін береді...
Әр әулеттің, әр шаңырақтың ұзақ-ұзақ жылдарға созылатын, тіпті ғасырларға табан тірейтін, қиындық пен ауырлықты өткерген тамыры терең қилы-қилы өзіндік шежіресі бар. Тіпті әр адамның өзінің өмірі де – бір-бір қиулы тарих. Болашақты бағдарлау үшін, ақ пен қараны айыру үшін, жақсы мен жаманды таразылау үшін алдыңғы буынның өмір соқпақтарын білудің өлшеусіз маңызы бар. Өйткені жазылып қалған өткен тарих – үлкен тәжірибе, өміртану мектебі. Содан да ұрпақ қамын ойлаған көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті жандар қай салада кәсіби маман болса да, өмір-теңіздің бір қарасына желкен керіп жеткен кезде қолына қалам алып, ғұмырбаяндық, шежіребаяндық, әулетбаяндық сырлы дүниелер жазып, жаңа ұрпаққа аманаттап отырғаны ләзім. Кейде, өкінішке орай деп қоямыз, өмір тәжірибесі орасан мол қайраткерлердің өзі ешқандай осындай жазба туындылар жазып тастамағандықтан, кейінгілер қанша мазмұнды өмір парақтарын ақтара алмай, олар туралы өзгелер айтқан аңызды әпсаналарды малданып жүреді. Тек соңғы уақыттар бедерінде көшбастаған ел ағалары осы турада азды-көпті жазбаларын кітап етіп бастырып, шығарып жүр. Бұл да болса дәтке қуат. Оған да тәубе дейміз. Қамшының қысқа сабындай ғұмыр дегеніміздің өзі жылдарды жылдар қуалап өте шығатынын, күнделікті таусылмас тірліктің бітіп болмас күйбіңдері қолыңды бір тигізбесін де  жеткізбесін білеміз. Мұндайда көпті көрген көнекөздерден, халыққа елеулі еңбек еткен қайраткерлерден қал-қадірінше қалған өмірбаяндық, мемуарлық кітаптар көбейе берсін дейміз. Шынтуайтында, аңдап қарасаң, бүгінгі оқырмандарды кейде көркем әдебиет шығармаларынан гөрі белгілі, танымал тұлғалардың мемуарлық төл туындылары қызықтыратынын көріп жүрміз.
Әнес аға Әуезовті айдынды Арал өңірінің  жұртшылығы өте жақсы біледі. Неге десеңіз, аудан көлемінде қандай-қандай басшылық қызметтерде істесе де қарапайымдылығымен ерекшеленіп, қаймана халықпен өмірбойы етене араласып келе жатқан арда азамат. Оның достары, жолдастары өзі қызмет еткен билік салаларында көп шығар, ал өнер адамдары, ақын-жазушылар, ұстаздар қауымы арасында олардан аз деп айта алмайсыз. Сыпайы да сырбаз, көркем мінезді, көп оқыған білімділігі, бірнеше тіл білетін полиглоттығы, музыка-сазға, әдебиетке деген іңкәрлігі оны әрқашанда даралап, қай-қай ортада да сыйлы болуына, құрметті болуына мүмкіндік беріп келеді деп ойлаймыз.
Әнес аға қолына қаламды бүгін ұстап отырған жоқ. Ауыл-ел, мектеп жаңалықтарын оқушы кезінен-ақ жергілікті газеттерге жазып, өзінің көп қырлы қабілетінің бірі екенін көрсеткен екен. Одан беріде де түрлі тақырыптарға жазылған көлемді-көлемді мақалалары, көркем очерктері аймақтық, республикалық басылымдарда жарияланып жүрді. Содан да болар Журналистер Одағының мүшесі деген өзіне тиісті атақты да ерте иеленген-тін.
Рас, Әнес аға өзі қалап алған өмірлік мамандығы бойынша – филолог, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ана сүтімен бірге келген қазақ тілімен қатар, орыс, қарақалпақ, өзбек тілдерінде де көсілтіп жаза алады, әлі де жазып жүр. Тек ағамыздың аудандағы басшылық қызметтерде – Арал аудандық партия комитетінде, аудандық білім бөлімінде, аудан әкімшілігі мен мәслихатында үнемі қауырт та қызу тірлікті жұмыстарда жүрсе де, уақыт тауып ақ қағаз бетіне оралымды ой-пікірлерін, тұлғалар туралы толғамдарын түсіре білгені сүйсіндіреді. Және де аудандағы мәдени үлкен шаралардың бел ортасында жүруі – әлгінде біз айтқан қарапайымдылығы мен өнерге деген құштарлығынан да болар.
Әнес ағаның бүгін кітапқа еніп оытрған жазбаларына қарасақ, өзі жазған төл дүниелерді ғана емес, жерлес қаламгерлердің де туындыларын, соның ішінде ел ішінің қазақы ділдегі айтқырларының тапқыр, шешендік, нақыл сөздеріне деген ынтазарлығын көреміз. Енді міне, «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, үлкенді-кішілі қаламгерлердің осы рәуішті сөздерін мұқият таңдай отырып жинағанын, оны жастарға ұсынып отыр.
Иә, Әнекең жазған, қалам тербеген дүниелердің ішінде ең айтулысы да, ең мазмұндысы да, ең көлемдісі де және көркем дүниелерге пара-пар тең түсетіні – «Өмір – керуен, жол – сапар» атты ғұмырбаяндық хикаяты. Айтатыны жоқ, жақсы жазылған туынды. Әкелер мен аталар заманындағы дүрбелеңге толы өмірдің ойып-ойып берілген ащы да болса шынайы сөзбен салған суреті. Алдыңғы буындардың өтпелі кезеңдердегі өмір ауандары, тіршілік тауқыметтері бүгінде оқып көрсең, жүрекке әжептәуір күш түсіреді. Қасіретті, қиғылықты жылдардың ызғарлы лебі бет қариды. Автормен бірге қиналыс танытасың. Бірақ қарапайым адамдардың өмір-тірлік үшін тынымсыз күрестері, бойларындағы нұр болып төгілген мейірімділігі, мехнатты ғұмыр кешіп жүріп айналасындағы адамдарға деген бауырмалдықтары, ақ тілеулі, ақ лепесті көңілдері суыған жүректі жылытады.
Бір қарағанда, өмір жолында еш қиындық көрмеген сияқты болып көрінетін Әнес ағаның әке, шеше, іні, бауырларынан қапыда айырылуы – қандай-қандай қайғылы жағдайлардан да мұқалмай өткен қайсар да мықты рухын көреміз. Осының өзі осынау өмірбаяндық хикаяттың көтерген жүгінің тым-тым ауырлығын білдіреді. Жалпы, кітапты оқығанда адамды өлтіруге, құртуға болады, ал оның рухы мықты болса жеңуі мүмкін емес деген ақылман сөздің ақиқатына жетеміз.
Ерғали АБДУЛЛА
09 сәуір 2025 ж. 119 0