Ең үлкен өкініш

Шынында, ең үлкен өкініш – сана қараңғылығында өткерген уақыт екен. Бәріне қол жеткізуге болады, бірақ аз ақылдың азабымен, сағым қуып сандалып өткен уақыттың өкініші қатты. Бұл өкініштен ақылы аршыла бастаған әр жан құр қалмасы анық.
Он жасынан әкесінің кітапханасын ұрлана оқыған Пушкин оқуға ерте бас қойыпты. Француз тілін жетік меңгерген ол, бала күнінде-ақ француз әдебиетімен етене танысып, лицейге түскенде латын, грек тілін меңгеріп, Овидий мен Вергилийді түпнұсқадан оқыпты. Онымен қоса, ағылшын, италиялық, неміс, испан тілдерін үйреніп, құнды шығармаларға төл тілінде бас қойыпты. Өмір бойы білімқұмарлықтан бір танбай, қайда барса да қойын-қонышында кітап жүріпті, кітапханасында 14 тілдегі әртүрлі қолжазбалар орын алған.
Отыз бес жасында ақылына сәуле қонып, қалт оянған Абай, өркениетті ел тұлғаларының өмірбаянымен танысып, қайғыдан қан жұтып жыр жазады.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім».
Расында, Абайдай тұлға өркениетке жеткен елде туып, Пушкин секілді он жасынан ақыл-ой алыптарымен құныға сусындаса қалай болмақ еді? Онда қазақ санасы бүгінгіден он есе биік болар ма еді? Әсіре діншілдікке қамалмай, Еуропаның зәулім өнеріне, Грек-Римнің тұнық бастауларына құмартып жоғарғы ой мұнарасына қарыштар ма еді?
Ауыл арасында болыстықтың шалығымен жас өмірін өткерген Шәкәрім Құдайбердіұлы әлемнің жарығын сезінген соң қалың өкініш тұманына енеді.
«Жиырма мен қырық арасы,
Жас өмірдің сарасы.
Бос өткенін қарашы,
Жүрекке төгіп қанды ірің».
Қалай қарасақ та, Сократтың сөзінде шындық бар. «Жалғыз ғана игілік бар, ол – білім, жалғыз қана жамандық бар, ол – надандық». Ал өкініштің үлкені...
Батырхан Сәрсенхан
egemen.kz
Фото: www.pexels.com