Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ағылшын тілінде қанша уақытта сөйлеп кетуге болады: Отандық мұғалім нақты мерзімін атады

Ағылшын тілінде қанша уақытта сөйлеп кетуге болады: Отандық мұғалім нақты мерзімін атады

Ағылшын тілі —  әр азаматқа әлемдік деңгейде кез келген саладан ойып тұрып орын табуға мүмкіндік беретін құралдың бірі десек, артық айтқанымыз емес. Ағылшынша сайрап кетуді жан-жүрегімен қалайтын қазақстандықтардың саны көп болғанымен, тілді зерттеуге, оны толықтай меңгеруге уақыт бөлгісі келетіндер аз. Кейбір отандастарымыз бар болғаны екі-үш айдың ішінде ағылшынды үйреніп алу мүмкін деп ойлайды. Алматы қаласы бойынша үздік курстың негізін қалаған Айжан Рахматулинамен сұхбаттасып, тілді үйренуге қанша уақыт кететінін, тілді оқудың денсаулыққа пайдасын, қазақтардың тілді оқығанда басқа ұлт өкілдерінен несімен ерекшеленетінін анықтады.

Бала күнінен-ақ мұғалімнің жұмысына қызығып, болашақта ұлағатты ұстаз болуды армандаған Айжан Рахматулина он жылдың ішінде екі мыңға жуық оқушыға ағылшын тілін үйретіп, әлі күнге дейін олардың ризалығын алып келеді. The London School курсында білім алған студенттердің қатарында ағылшын тілінің сұлулығына ғашық болып, жетік сөйлеп кеткен жастар да, жасы ұлғайған үлкен кісілер де бар. Грецияда халықаралық практикадан өтіп, өзге мемлекеттерде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде алған білімін пайдалана білген ұстаз аталған жоғары оқу орнында және ҚазҰУ-да көптеген шәкірттерді тәрбиелеген.
Айжан, шет тілін оқудың қажеттілігі неде? 
Ол әлемдегі барлық адамдар бір тілде сөйлесу үшін қажет. Кейде отандастарымыз "Қазақстанда тұрамын, қазақ, орыс тілдерін білемін, ағылшын тілін не істеймін?" деп ойлайды. Мұндай ой да болмауы қажет. Ағылшынға деген сұраныс жыл өткен сайын өсіп келеді. Жарқын болашаққа ұмытылған балалар да мектепте жүріп-ақ ағылшынды етене үйреніп жүр. Ол ағылшынды жетік меңгерсе, мысалы, Англияға оқуға түсіп кете алатынын, кемел келешек күтіп тұрғанын біледі. Аударма тілдің сұлулығын дәлме-дәл жеткізе алмайды. Иә, сөздің мағынасын береді, бірақ шет тілдегі сөздердің бояуын отыз пайызға жоғалтады. Шет тілін үйреніп алып, сол тілде фильм көрсеңіз, кітап оқысаңыз, ерекшелікті сезінесіз. Негізі, аударманы күтпей, ағылшын тіліндегі дүниені бірден түсінген, жүз есе жақсы.
Балаға тілді үйретуді қанша жастан бастау керек?
Тәжірибеме сүйеніп, балаға ағылшын тілін алты жастан, яғни оқу мен жазуға бейімделе бастаған кезеңінен үйреткен дұрыс деп айта аламын. Қазақ тілінде "А" әріпі бар екенін түсінген бала ағылшын тілінде де "A" деп жазылып, "эй" деп оқылатын әріптің бар екенін ұғынады. Сөйтіп шет тілін өз тілімен салыстыра отырып, оңай үйреніп алады. Төрт жастағы балаға да ағылшынша үйретсеңіз, сөйлеп кетуі мүмкін. Бірақ ол айтып жүрген сөздерін жеті-сегіз жастағы баламен салыстырғанда жетік түсінбейді. 
Бір адам кем дегенде қанша тілде сөйлей алады?
Ол біріншіден адамның қабілетіне, екіншіден ұлтқа, одан кейін тілдердің тобына байланысты. Ағылшын тілі герман тілдерінің қатарына жатады. Екеуі бір жанұядан шыққан. Ағылшын тілін білетін адам немісше, ал француз тілін білетін адам итальянша, испанша оңай сөйлеп кетеді. Себебі, олардың да түпкі тамыры бір роман тілдері. Қазақ пен түркі тілдері бір топқа кіргендіктен қазақтар үшін де түрікшені үйрену қиын емес. Негізі, мен азиаттықтардың өзге нәсілдермен салыстырғанда көптеген тілдерді меңгере алатынын байқадым. 
Қазақ тіліндегі  "ң, ү, у, і, һ"  дыбыстарымыз әлемдегі үздік тілдерді оңай үйренуге, сол тілде аса қатты акцентсіз сөйлеуде үлкен рөл ойнайды. Шет тілдегі дыбыстар біздікіне ұқсайды. Сондықтан қазақтарға ағылшын, француз, итальян тілін үйреніп алуға қиынға соқпайды. Менің ойымша, бір адам төрт шет тілін меңгере алады. Еркін сөйлеп кетеді деп айта алмаймын, бірақ өзінің ана тілінен бөлек, мысалы, қазақ және орыс тілінен бөлек тағы да төрт шет тілді білетін болады. 
Шет тілдерінде сөйлейтін адамның денсаулығы мықты деген түсінік қаншалықты шындыққа жанасады? 
Тек қана ағылшын тілін емес, кез келген шет тілінде сөйлей алатын адамның ғұмыры ұзақ болатыны дәлелденген. Тілді үйренген адам қартайғанда есте сақтау қабілетінен айырылмайды, Альцгеймер ауруына шалдықпайды. Көзқарасы кеңейеді. Ол тілді құр сөздерді жаттау арқылы үйренбейді, елдің географиясымен, мәдениетімен таныса отырып меңгереді. Мәдениеттің бөлшегін бойына сіңіреді. Жалпы, тілді оқыған кезде менталды жұмыс жүзеге асырылады. Ми жұмыс істейді. Біз басымызды жұмыс істеткенде, миымызды жаттықтырғанда жас көрінеміз, денсаулығымызды жақсартамыз және жұмысқа қабілеттілігімізді арттырамыз. Менің курсыма ағылшын тілінде сөйлеп кету үшін емес, денсаулығын жақсарту үшін келіп, мұны қысылмай, ашық айтқан адамдар болды. 
Соңғы уақытта "Үш ай, бір ай ішінде ағылшын тілін үйреніп алыңыз" деген әдістер жайлы көп естиміз. Тоқсан күннің ішінде ағылшынша сөйлеп кетуге бола ма? 
Мүмкін емес дүние.  Бұл курстар арасындағы бәсекелестікте алға шығу үшін ойлап табылған маркетингтік әдіс. Қазіргі уақытта осындай айла-тәсілмен шақыратын курстардың саны артқан. Бүгінгі күні ағылшын тіліне деген сұраныстың деңгейі өскендіктен, барлығы оны кәсіпке айналдырып тастады. Адамдар тілді екі жылдап оқығысы келмейді, жалқауланады. Қысқа уақытта сөйлеп кеткісі келеді. Курсқа барады, оған сол жердегілер: "Біздің курстың төлемақысы үлкен, бірақ ол ай сайын он бес мың теңге төлеп жүргенге қарағанда тиімді. Қазір төлейсіз, үш айдың ішінде ағылшын тілінде еркін сөйлеп кетесіз", — деп айтады. Өкінішке орай, бұл өтірік. Екі немесе үш айдың ішінде ағылшынша сайрап кету мүмкін емес.
Әйтсе де, адамдар сөздеріне сеніп, уақыттарын бөліп, курсқа қатысады. Нәтижесінде, шет тілінде сөйлеп кетуге үміттеніп, сөздерді жаттаған студент курс аяқталғанда өзінің ағылшын тілінде не айтып жатқанын түсінбейтін болады. Мен әрдайым студенттеріме бірінші кезекте  ағылшын тілінде айтатын әңгімелерін өздері жақсы түсінуі керектігін айтамын. 
Ағылшын тілін үлкен ықыласпен, құштарлықпен оқу — оны үйрететін мұғалімнің әдісіне байланысты. Жарнамасы айқайлап тұрған суперзаманауи курстарға барып, сан соғып қалмау үшін үйрету әдісі дұрыс, жақсы мұғалімді іздеп табуға кеңес беремін. Сізге ағылшын тілі және оның грамматикасы орыс немесе қазақ тілімен салыстырғанда жеңіл екенін көрсете білген ұстаздан білім алыңыз. Көптеген ұстаздар ағылшынды қиындатып тастайды. Студентке барлығын қарапайым тілмен, қызықты етіп түсіндіргенді жөн көремін. Сосын студентке мотивация беріп, оны жігерлендіріп тұрған өте маңызды деп санаймын. 
Менің студенттерімнің ішінде мектептегі тәртіпке, яғни артық қозғалу, артық қимыл жасауға тыйым салынған ортаға үйреніп қалған балалар білім алуға келеді. Оларға: "Бұл жер Еуропа, Америка. Өздеріңді еркін сезініңдер, еркін отырыңдар, менен рұқсат сұрамай-ақ тұруға, жүруге болады ", — деп айтамын. Бала ашылады, сабақ қызық өткен сайын тілге деген құлшынысы да артады. 
Ендеше тілді меңгеріп алуға қанша уақыт кетеді әрі ағылшынша сайрап кету үшін не істеу керек?
Жақсы уақыт және тілді үйренуге деген құлшыныс болуы керек. Шет тілінде еркін сөйлеуді армандайтын адам жалқаулықпен қоштасуы тиіс. Сонымен қатар, ағылшын тілін меңгергісі келетін адам көп еңбектенуден қашпауы қажет. Менің ойымша, сабақтардан қалмай, қосымша түрде ізденіп, өзіңізді дамытып отырсаңыз, бір жарым жылдың ішінде ағылшын тілінде сөйлеп кетесіз. Әндерде, фильмдерде не айтылып жатқанын түсінетін боласыз.  Егер күнде бір жарым сағат мұғаліммен дайындалып, үйде де бір-екі сағат тіл оқысаңыз, керемет көрсеткіштерге жете аласыз. 
Ағылшынша жақсы сөйлейтін адам тіл иесін көргенде сөйлей алмай қалады. Себеп? 
Бұл жағдайда психологияның ойнайтын рөлі зор. Адам шетел немесе өзге ұлт өкілі былай тұрсын, өмірінде бұрын-сонды көрмеген кісімен сөйлескенде жаңылысып, шатасады. Сондықтан америкалықты, британдықпен әңгімелескенде неліктен сөйлеу алмай қалатынын түсінуге болады. 
Одан құтылу үшін не істеу керек? 
Шет тілі үнемі қолданыста болуы тиіс. Ағылшынша жақсы білемін деген адамның өзі кейде сөйлеп жатып, тілдік қателіктер жібереді. Сондықтан шет тілінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білу үшін көкейді мазалаған сұрақтарды қысылмай қойып, ұялмау қажет. "English club"-тарға барып cол жердегі адамдармен еркін сөйлесіп, әлеуметтік желілерде шетелдікпен достасуға болады. Бәрібір ағылшынша сөйлеуді үйреніп жүрген адам қателік жібермей қоймайды. Уақыт өте келе тәжірибе жинап, белгілі бір жүйемен сөйлеп кетеді. 
Күніне жүз сөзден жаттап алып, ағылшын тілінде сөйлеп кету мүмкін бе? 
Бұл да негізгі маркетингтік әдістердің бірі. Күніне көп дегенде 15 сөз жаттап алуға болады, ал жүз сөз деген физикалық тұрғыдан алғанда мүмкін емес дүние. 15 сөздің өзі оларды үнемі қайталап, қолданыста пайдаланған жағдайда ғана жадыңызда сақталып қалады. 
Елімізде ағылшын тілінде сабақ беретін шетелдіктер бар.  Олармен бірге тілді үйренген қаншалықты тиімді? 
Қазақстанға ағылшын тілін үйрету үшін дипломмен келетін шетелдіктерге әрдайым ашықпыз. Дегенмен, 
ағылшын тілінде сөйлей алатын еліміздегі шетелдіктердің әрқайсысы өзін мұғаліммін деп ойлайды. Белгілі бір тілді білетін кез-келген адам мұғалімнің оқуын немесе методиканы оқымай, оны өзгелерге үйрете алмайды. Ал Қазақстандағы шетелдіктер өзге елдің өкілдері болғаны үшін оқушылар мен студенттердің сұранысына ие болып жүр. Шетелдіктің оқушыға дұрыс білім бере алатынына кепілдік жоқ. Сондықтан тілді терең зерттеп, ешбір қиындықсыз меңгеріп алғысы келетін адамға кәсіби маманның көмегіне жүгінген жөн.
19 маусым 2019 ж. 1 184 0