Ауылдың абыз ақсақалы

Аудандағы Ақбасты елді мекенінен әрі қарай 90 шақырым жерде Төбебұлақ деген ауыл бар. Бұрынғы Құланды совхозының 2-ші фермасының орталығы. Кезінде бұл фермада ірі қарадан басқа 28 қой отары болды. Жалпы, бұл өңірді Құланды түбегі дейді. Ауданның ең алыс елді мекені. Бұл жерде қазақтың екі алыбы: күй төресі – Қазанғап, заңғар жазушы – Әбдіжәміл Нұрпейісов туған. Осы өңірдегі Шығанақ, Қазалы, Беларан, Ақбауыр деген жер атаулары өз алдына бір-бір тарих. Жалпы құт-береке қонған жер.
2009 жылы күзде Құл батырдың асына барғанымда ауылдың айналасындағы бұйра-бұйра құмдардың іші төрт түлік малдан көрінбейді екен. Бұл неткен байлық деп таңғалғанмын. Кейбірінің айтуынша бұл өңірде малының санын білмейтіндер де бар көрінеді. Әне бір жылдары геологтар осы өңірден мұнайдың мол қорын да тапты. Келешек ұрпақтың ырзығы.
Мен осы ауылда 1966 жылы бір жылдай су жаңа фургонды Газ-51 автоклуб машинасымен кино қойдым. Бұл жердің қыстауларын толық білем десем де болады. Әдепкіде жаттым. Баласы Тұрсын ол кезде мұғалім еді, кейін мектеп директоры болды. Қызы Мәру Қазанғап атындағы оркестрдің құрамында 1967 жылы Алматыға дейін барды. Кейін ферма меңгерушісі Сембай Молмаханов деген кісінің үйіне ауыстым. Фермада ешқандай көлік жоқ еді, сондықтан Сембай аға отар аралағанда мені пайдаланатын. Мол пішілген, мінезі жұмсақ, ажарлы кісі еді. Кейін Құланды совхозының жұмысшылыр комитетінің төрағасы болды. Әйелі де көрікті келген, ажарлы кісі болатын. Тамақты өте керемет дайындайтын. Бірде түшпара пісіріпті. Оған дейін мен тұшпара деген тамақты жеп көрмеген болатынмын. Алдыма ыдысқа салып түйір-түйір үлпершек майды әкеліп қойды. Мына майды қалай жеймін деп ойланып отырып, біреуін аузыма салсам, май емес қамыр, өте дәмді. Кейін Алматыда оқып жүргенде «Пельменныйге» барамыз, бірақ соның ешқайсысы апамыздың тұшпарсына жетпеді. Бәрі де жақсы жандар еді.
Менен кейін автоклубты сол ауылдан Дәулетов Сағидолла деген кісі алды. Совхоз тарағанша 30 жылдай ферма малшыларына мінсіз мәдени қызмет көрсетті. Оның автоклубы аудандағы алдыңғы қатарлы мәдениет мекемесі болды. Қызмет жасаған жылдарында оның жұмысына ешқандай арыз-шағым болған емес. Сондықтан мәдениет басшылығы оған үлкен сеніммен қарады. Мінезі жайдары, ақ көңіл, ашық кісі. Екі сөзінің бірі «Әккә, көкем» болып келеді. "Әккә" дегені,аға дегені. Оны үлкен-кіші демей айта береді және өзіне сондай жарасады. "Әккә көкем, бүйтіп жіберейікші, өйтіп жіберейікші" деп, іші бауырыңа кіріп, келген жұмысын бітіртіп алады. Аралға келген сайын жігіттер: "– О, Әккә" келді деп мәз болып бір тойлап қалады. Жасымыздың біраз алшақтығына қарамастан мен де ол кісімен қатар-құрбыдай әлі күнге сыйласып келемін.
Сәкеңнің айтуынша оның жастық шағы анау айтқандай онша мырғау болмапты. Төбебұлақтан шамалы жерде Қазалы деген жер бар. Содан 3 шақырым жерде Промсоль балық қабылдау пункіті болыпты. Ағамыз сол жерде 1937 жылдың 25 ақпанында дүниеге келіпті. Әке-шешесі қара шаруа адамдар екен. Алты жасында сол Промсольден Қазалыдағы мектепке барыпты. Сұрапыл соғыстың жүріп жатқан кезі. Елдегі барлық тамақ пен киім-кешек майданға жіберіледі. Елдің жағдайы ауыр, киім жетіспейді. Ағамыз сонда балықшылардың тозып қалған резеңке етіктерінің қонышын кесіп тастап, 3 шақырым жердегі мектепке сонымен барыпты. Кейде ол да табылмағанда жүн шұлықтың табанына қалың брезент жамап сонымен де баратын күндері болған. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен, 2-ші класымда қар бір жауғанда мектепке жалаңаяқ барғаным әлі есімде.
Жастық шақтағы ауыр тұрмыс ағамызды ерте есейтіп, еңбекке ерте араластырады. Шалқардағы 10 жылдық мектепті бітіргесін 1955 жылы Ташкенттегі Автомобиль жолдары жоғарғы оқу орнына түсіп, жеті айдан кейін армия қатарына алынады. Қиыр Шығыста 3 жыл шофер болып, әскери борышын өтейді. Армиядан кейін оқуын аяқтап, жолдамамен Шалқардағы Досааф мекемесіне нұсқаушы болып орналасады. Кейін отбасы жағдайына байланысты Құландыға келіп, аудандық мәдениет бөліміне қарасты №6 автоклубтың тізгінін ұстайды. Ширек ғасырдан астам осы автоклубпен малшылар мен балықшыларға қызмет көрсетті. Ел-жұрттың абыройна бөленді. 1993 жылы құрметті зейнетке шықты. Оның ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, жоғарғы басшылық, өзі қызмет жасаған автоклуб машинасын сыйға берді. Құдай берген қуат пен денсаулықтың арқасында сол машинамен күні кешеге дейін Аралға қатынап жүрді. Жұмыс жасап жүрген кезінде көптеген алғыс хаттар мен марапттар алды.
Сәкең ауылдың қоғамдық жұмыстарына қатысады. Ауылдық Кеңеске 2-рет депутат болып сайланған, 24 жасында партия мүшелегіне өткен. Бүгінде 90-ның төріне таянған ағамыз ауылдың абыз ақсақалы, тек қана ауылдың емес, аудан мәдениетінің ақсақалы. Ауылда өтетін іс-шаралардан ол кісіні қалдырмайды, барып батасын беріп, келелі әңгімелерін айтады. Ағамыз Құттыбаева Шолпан апамызбен отау құрып, екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген. Барлығыда жоғарғы оқу орындарын бітірген, бір-бір мамандық иелері, әртүрлі салада қызмет жасайды.
Тұңғышы Айымкүл ауылдағы №77 мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары. Қалампыры, Әлиясы, Ботакөзі, Ақжүнісі де бірі – педагог, бірі – медик,бірі – эколог. Ал Жарасханы – кинолог. Шаңырақта отырған Жасұланы полиция майоры. Келіндері Айшолпан, Ардақ та білімді мамандар.
Әулеттің арғы аталары аты үш жүзге ұран болған әйгілі Бақтыбай батыр. Міне, Сәкеңнің шаңырағы 21 немересімен жан-жаққа шуағын шашқан үлгі боларлық аудандағы бақытты бір отбасы деуге толық негіз бар.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ