Сарқылмас рухани әлем

«Кітап – сарқылмас рухани әлем» атты ауқымды кітап фестивалі мен қазақ журналистикасының ірі өкілі, елге сыйлы қаламгер Әнес Әуезовке арналған кеш кітап пен қаламның, ой мен өрістің, ұлт пен ұрпақтың ұлы тоғысуына айналды.
Фестиваль шымылдығын «Кітаптар үні» атты пролог ашты. Кітап сөзімен түрленген бұл көрініс – кітапқа деген құрметтің көркем символы болды. Бұдан кейін оқырмандар мен қонақтар назарына арнайы безендірілген кең көлемді көрмелер ұсынылды. Олардың қатарында «Кітап – мәңгілік ел мәртебесі», «Ең көп оқылған кітаптар», «Бір ел – бір кітап» акциясы аясындағы әдебиеттер, «Тамыры – терең, тарихы – кенен Аралым» атты өлкетану әдебиеттері мен Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Әлем таныған Абай» атты Абайтаным бұрышы ерекше қызығушылық тудырды.
Фестиваль аясында өткен тағылымды шараның шоқтығы биігі – қаламы мен қайраткерлігі ұштасқан азамат, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Білім беру ісінің үздігі, Арал ауданының Құрметті азаматы Әнес Әуезовке арналған «Адам – керуен, өмір – жол» атты дара жол кеші болды. Бұл кеште қаламгердің жаңа еңбегі – «Адам – керуен, өмір – жол» атты кітабының тұсаукесер рәсімі де салтанатты түрде өткізілді.
Кешті ашқан аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев Ұлттық кітап күнінің рухани маңызына тоқтала келе, қаламгердің өнегелі өмірі мен қоғамдық еңбегін ерекше атап:
– Құрметті кеш қонақтары! Бүгінгі шараның ерекше бір тағылымы бар. Себебі, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет ресми түрде аталып өтуде. Кітап – ақылдың кілті, рухтың азығы. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Бүгінде кітапханаларымыз руханияттың алтын ордасы ретінде қызмет етіп келеді. Аудандағы кітап қоры 612 мыңнан асты, 39 кітапхана оқырманға қызмет көрсетуде. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз, әлі де кітапханаларымызды жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Алдағы уақытта жаңадан бой көтеріп жатқан «Руханият» орталығына кітапханамыз қоныстанады. Осы тұста, бүгінгі кештің басты кейіпкері Әнес ағамыздың өнегелі жолын дәріптеу – кейінгі ұрпаққа үлгі. Әнес Жалғасұлы – ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет еткен, қаламы мен қайраткерлігі жарасқан тұлға. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен тағылымыңыз – біз үшін баға жетпес қазына, – деді.
Қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетілген Әнес Әуезов төрге шығып, өмір жолындағы естеліктерімен бөлісті. Балалық шағы, журналистикадағы бастамалары, туған жеріне деген сағынышы мен қаламгерлік қазығы туралы шынайы сыр шертті. Қаламгердің әрбір сөзі жүректен шығып, тыңдаушының жан әлеміне әсер етті.
Кездесу барысында Аралдың абыройлы азаматтары – Н.Мұсабаев, Қ.Абылаев, Қ.Айбосынов, Н.Оспанов, Ә.Садықбаев, Ж.Жақып, Т.Абылаев сынды зиялы қауым өкілдері сөз алып, Әнес Әуезовтің ұлт руханиятына қосқан үлесіне тоқталды. Әсіресе, жаңа кітаптың мазмұнына шолу жасаған Нәжмадин Мұсабаев бұл еңбектің ұлттық сана мен отансүйгіштікті қалыптастырудағы орнын атап өтті.
Кештің көркін аудандық Мәдениет үйінің әншісі С.Дінжанова шырқаған «Сағынышым – туған жер» әні аша түссе, өнерден де алыс емес Әнес Әуезовтің өзі сүйікті әні «Нурикамалды» орындап, көрерменге рухани сый жасады.
Сырлы кештің жүргізушісі – аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы А.Сайлауов парасатты сөз саптауымен шараны көркем өрнектеп отырды.
Ұлттық кітап күні аясында өткен бұл қос бірдей шара – ел жадында сақталатын рухани мереке ғана емес, ұлттың мәдени келбетін айшықтайтын, өткен мен болашақтың алтын көпіріне айналған тағылым мектебі болды.
Кітап – сарқылмас рухани әлем. Ал сол әлемге жетелейтін тұлғалар – ел шырағын сөндірмей, ұрпақ жадын оятатын шырақшылар.
Г. САҚТАПОВА