Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айдынды Аралдың айбынды батырлары

Айдынды Аралдың айбынды батырлары

Тарихта қалған ұмытылмас есімдер бар. Олар – ел басына күн туған заманда ерлігімен еленіп, батырлығымен бүкіл халықтың жүрегінен орын алған тұлғалар. Ұлы Отан соғысы бүкіл елмен бірге Арал ауданының халқын да ауыр сынаққа салды. Жауынгерлік майданға ауданнан 6 мыңнан астам адам аттанды. Бұл сол кездегі халықтың едәуір бөлігін құрады. Майданға аттанғандардың арасында балықшылар, малшылар, ұсталар мен мұғалімдер де болды – әр отбасы бір немесе бірнеше мүшесін соғысқа аттандырды.
Соғыстан оралғандар саны шамамен 2 мың адам ғана. Мыңдаған боздақ туған жерге оралмай, майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Солардың ішінде – Кеңес Одағының Батыры атағын аралдық 3 боздақ еншіледі.

Ерденбек Ниетқалиев: Туған жердің тарланы
Алғашқысы – Ұлы Отан соғысының қаһарманы Ерденбек Ниетқалиев. Оның есімі – тек туған топырағы Қамысты ауылында ғана емес, тұтас қазақ халқының жүрегінде алтын әріппен жазылған. Батырдың өмірі мен ерлігі – бүгінгі ұрпаққа патриотизмнің, табандылықтың және елге деген шексіз махаббаттың жарқын үлгісі.
Ерденбек Ниетқалиев 1914 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының Қамысты ауылында дүниеге келді. Қазақтың кең сахарасына біткен сабырлы да текті ұлдарының бірі болып өсіп, жасынан еңбекке етене араласты. Табиғат пен тіршілік тылсымын терең ұғынғысы келген Ерденбектің ғылымға деген құштарлығы ерте оянды. Ол 1935 жылы Алматыдағы зооветеринариялық институтты тәмамдап, сол заманның ең қажетті салаларының бірі – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Қызылорда облысында мал шаруашылығы бағытында түрлі қызметтер атқарып, ел дамуына үлесін қосты.
Алайда бейбіт еңбекпен жүрген жас маманның өмірі, күллі ел секілді, кенеттен өзгерді. 1941 жылдың маусымында сұрапыл соғыс басталып, жау қазақ даласына да қаһарын төге бастады. Ел басына күн туған сол тұста Ерденбек те Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майдан шебіне аттанып, Отан қорғаушылар сапына қосылды.
Соғыс алаңында Ерденбектің ерлігі жарқырай көрінді. Ол 12-гвардиялық атты әскер полкінің құрамында эскадрон командирі ретінде шайқасты. Тік мінезі, сезімталдығы мен әскери тактиканы жетік меңгеруі оның қол астындағы жауынгерлерге үнемі үлгі болды.
Орлов және Брянск бағытындағы операциялар кезінде ол басқарған эскадрон жау шебіне жасырын өтіп, неміс армиясының жүк керуенін жойып жіберген. Бұл ерлік – жаудың тылына қатты соққы болып тиген маңызды операциялардың бірі болды. Жау шебіне сес тудырып, кеңес әскерінің ілгері жылжуына жол ашты.
Бірақ Ерденбек Ниетқалиевтің шынайы қаһармандығы 1945 жылдың қысы, 29 қаңтар күні Кюдо өзенінің батысындағы қанды шайқаста ерекше көрінді. Эскадронға жау қолынан жаңа босатылған аумақты ұстап тұру және екіге бөлінген жау күшінің қайта бірігуіне жол бермеу секілді аса маңызды тапсырма жүктелді. Рацебург қаласының түстігінде қоныс тепкен эскадрон ерлікпен жауға қарсы тұрды. Олар СС-тің әйгілі «Остланд» жаяу әскер дивизиясы мен 23-ші «Недерланд» механикаландырылған дивизиясының толассыз шабуылына қайсарлықпен төтеп берді.
Осы ұрыста Ерденбек ауыр жарақат алды. Бірақ ол алған жарасына қарамай, пулемет гашетіне жабысып, жауды тоқтатуға жанын салды. Жауынгерлердің рухын көтеріп, ұрысты жалғастыруға бұйрық беріп жатқанда, екінші мәрте ауыр жарақат алып, қаһармандықпен қаза тапты.
Ерденбек Ниетқалиевтің бұл жанқиярлық ерлігі ескерусіз қалған жоқ. 1945 жылдың 24 наурызында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар, ол Жауынгерлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және бірқатар медальдармен марапатталды. Бұл марапаттар – оның майдандағы ерлігінің айқын дәлелі.
Бүгінде батырдың есімі туған өлкесі мен тұтас еліміздің жүрегінде сақталған. Қамысты ауылында Ерденбек Ниетқалиевтің мүсіні бой көтеріп, ауылдағы орта мектеп оның есімімен аталады. Батырдың өмір жолын ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында 2010 жылы Орал қаласындағы Высотная көшесіне және Тараз қаласындағы оның отбасы тұрған орамға Ерденбек Ниетқалиевтің есімі берілді.
Александр Павлович Мин: Майдандағы мәңгі із
Александр Павлович Мин – Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы корей ұлтынан шыққан әскери офицер. Ол 1915 жылы желтоқсанда Ресей империясының Приморье өлкесіндегі Черсан-Дон ауылында кедей корей шаруасының отбасында дүниеге келді. 1932 жылы орта мектепті бітіріп, 1933-1937 жылдары Владивостоктағы Қиыр Шығыс мемлекеттік университетінде оқыды. Кейіннен Путятин аралында орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
1937 жылы Кеңес үкіметінің корейлерді Қиыр Шығыстан күштеп көшіру науқаны кезінде Мин отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылды. Арал қаласында балық кәсіпшілігінде есепші болып жұмыс істеп, кейін бастауыш мектебінде орыс тілі пәні мұғалімі болып еңбек еткені туралы мәліметтер бар.
1941 жылы мамырда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Рязань жаяу әскер училищесін бітірді. 150-жеке құрылысы батальоны сапында Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, кейін 13-армия құрамында Брянск майданында қызмет етті. Батыс, Орталық, І Уркаина, І Беларусь майдандарына қатысты. 1943 жылы Курск түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
1944 жылы қаңтарда 605-атқыштар полкінің батальон командирі болып тағайындалып, сол жылы капитан шеніне көтерілді. 4-5 шілде күндері Украинадағы Ковель маңындағы Старый Кошары ауылын азат ету кезінде ерекше ерлік көрсетіп, бес қарсы шабуылды тойтарды. Алайда бірнеше күннен кейін, 1944 жылдың 9 шілдесінде, Паридубы ауылы маңындағы шайқаста қаза тапты.
1945 жылы 24 наурызда Александр Минге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Ленин», «Александр Невский», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Ол Волынь облысының Луков ауылындағы бауырластар зиратына жерленген.
Александр Миннің құрметіне Жамбыл облысы Бурыл ауылында бюст орнатылып, Путятин аралындағы №254 мектеп ғимаратына мемориалдық тақта қойылды. Өзбекстанның Ташкент және Аққорған қалаларында, Арал қаласында оның есімімен аталған көше бар.
Мақаш Балмағанбетов: Днепр өткеліндегі ерлік
Мақаш Балмағамбетов 1914 жылы Сыр бойындағы Арал ауданының Аманөткел ауылдық кеңесінде Қарадөң деген жерде, қарапайым малшының шаңырағында дүние есігін ашты. Жасынан еңбекпен шыңдалып өскен ол қиындықты мойымай, хат танып, ауылдағы бастауыш мектептің төрт сыныбын тәмамдайды. Санасы ояу, ынтасы ерекше Мақаш кейіннен туған ауылындағы колхозда есепші, техник болып еңбек етеді.
Өмір ағысы өз арнасымен жылжып жатқанда, 1943 жылы аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысының қанды майданына аттанады. Сөйтіп, 1943 жылдың наурызынан бастап 72-дивизияның құрамында жау алдында найзадай түйілген сарбаздар қатарынан табылды. Кейіннен әскери құрама 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына қосылды.
Тағдыр оның ерлігін Днепр өзенінің бойында сынады. 1943 жылғы 25 қыркүйекте гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетов жеке оқу батальонының 2-ші ротасының бөлімшесін бастап, Украинаның Днепропетровск облысындағы Жоғарғы Днепр ауданындағы Бородеевка кенті маңынан Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып өтіп, жаудың пулемет ошағына қарсы бетпе-бет шайқасады.
Сол бір ауыр күнде Мақаштың басшылығымен бөлімше үш рет қарсы шабуылға ұмтылған жауды кері қайтарды. Ол қол астындағы жауынгерлердің өткелден өтуіне жағдай жасап, жаудың екпінді шабуылдарына кеудесін тосып, қорғаныс шебін қасық қаны қалғанша қорғады.
Түн жамылғанда да шайқас тоқтаған жоқ. Жауынгерлер Бородеевка кентінің шетіне шабуылдап, қосымша күш келгенге дейін басып алған шепті қайсарлықпен ұстап тұрды. 28 қыркүйекке қараған түні Мақаш Балмағамбетов жау бекінісі орналасқан үйді жарып, жаудың бірнеше атыс нүктесін жойды. Осы ерлік батальонның алға жылжуына жол ашып, ауылды басып алуға мүмкіндік берді.
Отан үшін от кешкен бұл ерлігі елеусіз қалмады. 1944 жылдың 22 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мақаш Балмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды. Бұл – туған елінің абыройын аспандатқан, халқының рухын асқақтатқан мадақ еді.
Соғыс аяқталған соң Мақаш Балмағамбетов аға сержант шенінде демобилизацияланып, бейбіт өмірге оралды. Ол Қарақалпақ автономиялық республикасының астанасы Нүкіс қаласына қоныс теуіп, сонда еңбек етті. Туған халқының абыройлы перзенті 1977 жылы 29 қыркүйекте мәңгілік сапарға аттанды.
Балмағанбетов Мақаш туралы Жұматәлі Әбдіраман мен Амангелді Суханберлиевтің «Сыр бойы» газетінің 2011 жылғы 7 мамырдағы санында «Қарақалпақстандағы казақ батыры», 2014 жылғы 8 қараша күнгі санында Куат Үргенішбай мен Толыбай Абылаевтың «Батырын құрметтеген ел бақытты», т.б. зерттеу мақалалар жарық көрді. Қарақалпақстан мен Қазалы, Арал ауданында мектеп, көше және саябаққа Мақаш Балмағанбетов есімі берілген.
Кеңес Одағының батырлары – ел үшін еткен еңбегімен де, майдан даласында төккен қасық қанымен де ұлт мақтанышына айналған тұлғалар. Жүріп өткен жолдары – ұрпаққа үлгі, елі үшін жанын қиған ердің мәңгілік рухы. Ерлік пен өшпес рухтың символы. Олардың есімімен аталған көше, мектеп, ескерткіш – халық жадындағы мәңгілік даңқтың көрінісі.
Г.САҚТАПОВА
30 сәуір 2025 ж. 39 0