Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жауынгердің бір уыс топырағы туған жерге жеткізілді

Жауынгердің бір уыс топырағы туған жерге жеткізілді

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толса да, ақтаңдақтары толық ашылып болған жоқ. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Арал ауданынан Ұлы Отан соғысына 12 мыңға жуық майдангер аттанған. Соның 6 мыңнан астамы майдан даласында көз жұмып, 2 мыңға жуығы із-түссіз жоғалған. Бүгінгі күнге дейін олардың басым бөлігі хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында. Әсіресе ұлты қазақ жуынгерлердің ерекше ерлігі Кеңес кезеңінде еленбей келді. Сондай жауынгердің бірі – Әбдіраш Қияқбаев.
Ол 1920 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. 1941 жылы қыркүйек айында аудандық әскери комиссариат арқылы соғысқа аттанып, майданға жіберіледі. Алғашқы күндерден ерекше көзге түскен соң 2 айлық кіші офицерлер курсын тәмамдап, сержант шенін алып, Ленинград майданында взвод командирі болады. Бірнеше қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткен ол 1942 жылы 13-ші наурызда Ленинград қорғанысында қаза табады. Батырдың ұрпақтары талай жыл іздеп, архивтерді ақтарып жүріп Әбдіраш Қияқбаевтың сол елде жерленгенін анықтайды.
– Бүгінгі шараға тек қана үлкендер емес, ауған соғысы ардагерлері мен жастардың келіп қатысуы балалардың отансүйгіш сезімін оятудың бір көрінісі. Келешекте Жаңа Қазақстанды көтеретін жастар. Осындай идеология бүкіл елге керек. Осы шараны ұйымдастыруға басшылық жасаған аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Н.Бохаевқа жанұямның атынан алғыс білдіремін, – деді Нұрлыбек Қияқбаев.
9 мамыр күні жауынгердің інісінің баласы Нұрлыбек Қияқбаев әке аманатын орындап, сол жерден бір уыс топырақты туған жері Арал ауданындағы Алтықұдық ауылында ата-бабасы жатқан зиратқа әкеліп, ата-баба дәстүрімен әкесінің жанына қойды. Шараның жоғары дәрежеде өтуіне аудан әкімдігінің, Сапақ ауылдық округі әкімшілігінің, қорғаныс бөлімінің, мәдениет бөлімі мен ауған соғысы ардагерлерінің қатысуы Отанға, туған жерге, елге деген патриоттық маңызын арттыра түсті. Зират басына ескерткіш құлпытас орнатылып, құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды.
Б.ҚУАТОВ,
өлкетанушы
19 мамыр 2025 ж. 45 0