Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жарты ғасыр белесіндегі жайсаңдар

Жарты ғасыр белесіндегі жайсаңдар

Өмір - ұлы телегей теңіз. Сол ақшалқар айдынға желкенін керіп, заңғар кемесін салған кешегі түлектердің жол сапарына міне жарты ғасыр болыпты. Осыншама уақыттың бедерінде азаматтық арлы жолдан айнымай, абыроймен тіршілік тынысын түзеген олар бүгінде зейнеткерліктің шапағатына бөлен¬іп, ұрпақтарының шаттығын көріп отырған ақ баталы аталар мен ақ жаулықты әжелер. Өмірлік тәжірибелері әбден толысқан, кемел шаққа жеткен олар үлкендіктің ауыр да жауапкершілігі мол жүгін мойынға артып, бір-бір әулеттің алтын қазықтары болып бақуат жүріп жатыр. Кеңестік заманның тар шатқалдарын көрген ардақты жандар енді міне, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына, қарышты қадамына, сәнді салтанатына сүйсіне қарап, отбасыларының керегелерін кеңейтіп, ақылмандықпен жол көрсетіп, кейінгілердің бейбіт те мамыржай өмірін тілеп отыр.
Иә, жарты ғасыр белесіне көтерілген жайсаңдарымыз 1975 жылы Арал қаласындағы іргелі білім ұясы - №15 орта мектептің 10 "Е" сыныбын тәмамдап, асыл армандарын аялап, талаптарын тірек етіп қанат қаққан еді. Оған дейін №199 сегізжылдық мектепті тәмамдаған. Кейін Шөміш, Жаңақұрылыс, Сапақ, Құмбазар, Ұялы, Сазды ауылдарының ұл-қыздары келіп қосылып оқып, кәмелеттік аттестат алып шықты. Сынып жетекшісі белгілі ұстаз, химия пәнінің мұғалімі Сүлеймен Ержанов болатын. Бала жанының бапкері бола білген педагогтің есімін құрметпен еске алып отырады. Ал мектеп қабырғасында сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздар Байтуған Асанов, Кәлима Досжанова, Ботыш Тоқмырзаева, Жетіру Ділмағанбетов, Назгүл Мамыраева, Бақыт Қостаева, Нұржәмила Айқалқаева, Арыстан Әлімбетов, Жарас Оразаев, Шәден Өтегенов, Әдемі Жақыпова, Қани Баймағанбетов, Алданазар Құлмаханов, Роза Дебердиева, Айжамал Елеусізова, Аралбай Әлімбетов, Мәлика Досова, Жарқын Мұратбаева, тағы басқалар жас жүректерден ойып тұрып орын алғаны шындық.
Жетіру ағайдың туған жердің тарихын, тұлғаларды танытудағы еңбегі зор еді. Әр жексенбіде Арал қаласындағы өндіріс орындарына апаратын. Мектепте Социалистік Еңбек Ерлері, ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастыратын. Бақыт апайдың сабағында әншейіндегі тентектіктері сап тиылып, балалар моп-момақан болып отыратын. Сүлеймен ағайдың түрлі пробиркаларда жасаған тәжірибелерін қайта-қайта көретін. Роза апай бір жылы круиз кемемен біраз елдерді шарлап келген. Сол сапарында көрген қызықтары, Жапония елінің ерекшеліктері туралы әңгімелерін құлақ қойып тыңдайтын. Жас ұстаздар Жар¬ас ағай, Айжамал апайлар ұйымдастырған мазмұнды кештер де ұмытылмай есте жүр. Назгүл апайдың мейірімділігі, Мәлика апайдың білімділігі, Қани ағайдың қатаң тәртіптілігі, Ботыш апайдың қамқоршылдығы шәкірттерінің бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерін қалыптастырған.
Бүгінде жарты ғасырлық түлектердің өмір мұхитындағы алған орындары көңіл тоғайтады. Әрбірінің қызметтік жолы туралы бір-бір қалың кітап жазуға болатындай-ақ. Ең бастысы қай-қайсысы да ел мүддесі, халық игілігі, өз әулетінің берекесі үшін маңдай терілерін сылып жұмыс істеген қадірменді жандар екендігі білінді.
Қарапайым еңбек адамы Нағашыбай Жолданбаев ауа-райын бақылау стансасында 1976 жылдан бастап жиырма жыл бойы еңбек етті. Тындырымды жігіт өз мамандығының нағыз шебері бола білді. Еңбегі еленіп, басшы органдардан бірнеше мәрте грамоталар да алған. Нарыққа өту кезінде мекемесі жабылған соң он бір жыл бойы Сексеуіл кентінде сауда саласымен айналысты. 2009-2018 жылдары «Аралбалық сервисте» жұмыс істеп, зейнеткерлікке абыроймен шықты. Үш ұл, бір қызынан жиырмадан астам немере сүйіп, марқайып отырған ата.
Ал өмірге деген өзіндік көзқарасы нық Аралбай Сатыбаевтың еңбек жолы сан-салалы. Ақтөбе, Арал, Байқоңыр қалаларындағы өндіріс орындарында токарь, оператор боп еңбек етті. Ұлттық намыс бойында тұнған ол 1991 жылы Оралдағы казактардың автономия сұрауына байланысты болған оқиғалардың бел ортасында болып, сепаратистерді елден қуып шығуға басын тіккен қаһарман жігіт.
Шөміш бекетінде тұратын Бегімбай Айдарбеков болат жолдың бойында 45 жыл қызмет етті, оның отыз жылында бригадирлік етті. Бегімбай ата тектен келе жатқан сынықшы-емшілікті бойына дарытқан. Біраз жылдан бері жер-жерден келген дертті жандардың еміне шипа тауып беріп жүр. Ерекше қасиетімен танылғандықтан да оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген шипагері атағы берілген. Сыныптастар арасында он сегіз жасында алғашқы болып үйленгендіктен де бүгінде шөбере сүйіп отырған әз-ата.
Таразда тірлік отын жаққан Әлимаш Күзембаева Ақтөбе мәдени ағарту училищесін, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясын бітірген. Атақ¬ты күйші-сазгер Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті. Оқу орнын бітірген соң, Тараз қаласына жолдамамен барып, училищеде сабақ беріп, ондаған шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Олардың арасында халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары бар. Әлимаш "Қазақстан мәдениет саласының үздігі" атанған, "Ы.Алтынсарин" медалінің иегері.
Туған жерге туын тіккен Серік Самбаев Шымкент қаласында киномеханик мамандығын игерген. Кейін Арал қаласындағы кинотеатрда еңбек еткен. Одан соң Арал балық өндірісі мекемесінің компрессор цехында слесарь, аға машинист қызметтерін атқарған.
Жаңақұрылыстық ару Зираш Қилыбаева Қызылорда ауылшаруашылық техникумының бухгалтерлік есеп бөлімін үздік оқып бітірген соң, 1977 жылдан кеңшарда жиырма бір жыл есеп-қисап жұмысын жүргізген. Білімді де білікті Зираш ауылдағы жастар ұйымында көзге түсіп, кейін әйелдер кеңесінің төрағасы, ауылдық кеңестің депутаты болған. Қазалы қаласындағы "РЗА" ЖШС-да еңбек етіп, 2011 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Айқаным Сералиева мектеп бітірген соң, түрлі жұмыстар атқарып, кейін қаламыздағы орталық базарда сүт өнімдерін саудалау жұмысымен айналысқан. Қарапайым еңбек етіп жүріп ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, олар бүгінде дәрігер-невропатолог, мұғалім, мал дәрігері болып еңбек етуде.
Жастайынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын Мырзахан Қазиев кезінде Қызылорда облыстық филормониясында музыкант-әнші болып елге танылған. Өз жанынан шығарған бірнеше әндері бар. Қазір ол ұзақ жылдардан бері Ресейдің Толятти қаласында тұрады. Сондағы автомобиль шығаратын алып зауытта қызмет еткен.
Он жыл бойы мектеп оқуында ең үздіктердің қатарынан ешқашан түспеген Майра Қалдығұлова - сыныптастардың мақтанышы. 7-8-сыныпта оқып жүріп-ақ Қазақ Мемлекеттік университеті жанындағы математика мектебінен сырттай білім алған. Кейін осы атақты білім ұясында жоғары білім алды. 40 жылдай қала мектептерінде ұстаздық етіп, шәкірттер тәрбиелеген. Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған тамаша педагог.
Ұялыда туған Бибігүл Маханова мектеп бітірген соң, аудандық күзет бөлімінде ұзақ жылдар еңбек етті. Еңбегі еленіп, суреті "Құрмет тақтасынан" түспеген. Қазір Бибігүл Алматы қаласында тұрады.
Бақытгүл Әлімбетова жүрегі қалаған өнер саласын таңдап, Қызылорда қаласындағы музыкалық училищені бітірген маман. Еңбек жолын аудандық Мәдениет үйінде, Өнер мектебінде, кейін аудандық спорт мектебінде жалғастырды. Өнерінің арқасында өңір жұртшылығының құрметіне бөленген. Ол туралы газет беттерінде бірнеше мақалалар жарияланды.
Теміржолдың қас маманы Қалыбек Боранбаев бүкіл ғұмырын осы салаға арнады. Қарапайым вагон тіркеушіден бастап станса кезекшісіне дейін көтерілген. Тараз, Қызылорда қалаларында мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Белсенді азамат Қалыбек бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, әріптестерінің әлеуметтік жағдайларына қызмет етті. Ол сыныптасы Күлшат Байқадамовамен шаңырақ көтерді. Ол достарының үнемі бас қосатын бір үйіне айналған қонақжай жандар.
Аралбай Дәрімбетов болса мектептен соң жүргізушілік мамандық алып, Арал қаласында, онан соң Ақтөбе облысының Ырғыз, Нұра жеріндегі мекемелерде жүргізуші болып еңбек етті. Еңбекқор жан қай кезде де қоғам игілігі үшін шаршамай-шалдықпай жүретіндігімен айналасындағыларды тәнті етті.
Қазір Қызылорда қаласында тұратын Беріктай Мұстафаев дәнекерлеуші мамандығын жете игерген азамат. Арал Кеме жөндеу зауытында, кейін облыс орталығындағы Күріш зауытында, құрылыс мекемесінде кәсіби біліктілігімен көзге түсті. Еңбегі еленіп, мекеме кәсіподақтар тара¬пынан Алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.
Танымал қаламгер Ерғали Абдулла мектеп бітірген соң Арал Май зауытында механик боп еңбек жолын бастаса, кейін аудандық Мәдениет үйінде әдіскер қызметін жалғастырды. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы педагогикалық институтын тәмамдаған ол ұзақ жылдар Арал өңіріндегі мектептерде ұстаздық етті. Ауданымызда жарық көрген бірнеше газетте редактор болды. Оннан астам кітаптың авторы. Бірнеше республикалық, аймақтық әдеби байқаулар мен мүшәйралардың жүлдегері. Ерғали - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
Астана қаласында тұратын Асылай Досбаева банк саласының маманы. Ұзақ жылдар осы салада абыройлы қызмет жасап, зейнеткерлікке шықты. Мінсіз қызметі үшін салалық басқармалардың Алғыс хаттарын иеленген.
Аманөткелдік Сұлушаш Қаражанова ауылдағы қадірменді аналардың бірі. Ұл-қыздарына жақсы тәлім-тәрбие беріп, ағайын-туғанның алдында абырой биігінде жүрген жан.
Шөміштік Нәбира Тәжікова қарапайым еңбегімен тұрғындар құрметіне бөленген. Ауылдағы той-домалақтың барша ырыс-берекеті Нәбираның қолынан өтетін. Ол дайындаған ас көпшілікті тамсандыратын. Нәбира бүгінде немерелерінің маңдайынан сүйіп, аялап отырған әже.
Тоқабай ауылының тұрғыны Майра Өмірбаева болса бір үлкен әулеттің әз анасы. Тоқабай ауылдық кітапханасында, ауылдық ауруханада қарапайым еңбегімен көпшілік құрметіне ие болған. Ұл-қыздары өздері таңдаған салаларда көзге түсіп, елеулі азаматтар болып жүр.
Зинеш Сисенова болса Арал Обаға қарсы күресу стансасының лабораториясында көп жылдар қызмет атқарды. Аса қауіпті аурумен күресте әріптестерімен бірге абыройлы еңбек етті.
Өмір - ұзақ та қысқа жол. Тағдырлары талайлы болып, келместің кемесіне мініп кеткен сыныптастарды бүгінде дос-құрдастары еске алып отыр. Олардың әлі де шығатын биіктері бар еді. Алайда Алланың қалауымен мәңгілік мекендеріне мезгілсіз қайтты. Бүгін марқұмдар Аманғос Есмұрзаев, Баян Сатыбаева, Ербол Жүсіпов, Ал¬пысбай Көшекбаев, Қази Найзабеков, Қайырбек Жұбанов, Кеңескүл Жылмағанбетова, Тілеуқабыл Орынбаев, Жұман Қапанов, Тұрсын Бердекешов, Аралбек Құсайынов, Орынкүл Кенжеғұлова, Роза Ділмамбетова, Роза Әйтеноваларға құран бағыштап, дұға етіп отыр.
Аралдың арда азаматы атанған Аманғос Есмұрзаевтың орны бөлек. Қоғамдық өмірге белсене қатысқан арда жігіт демократиялық жаңару кезеңінде аудандық "Азат" партиясын басқарды. Тәуелсіздіктің тұғырының нығаюына зор үлес қосты. Әділ¬діктің ақтаңгері атанған оны аудан тұрғындар Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты етіп сайлаған. Қаладағы №64 мектептің басшысы ретінде білім саласында да іргелі із қалдырды. Жүрегі шабытқа толы Аманғостың өлеңдер жинағы "Айсыз түнгі ақ жұлдыз" атты кітап боп шыққан. Оның ғұмыры, қоғамдық қызметі жайында үш естеліктер кітабы жарық көрген. Арал қаласындағы бір көшеге есімі берілген. Басқа да марқұм сыныптастардың өмір жолдары өнеге мен үлгіге толы еді.
Міне, жарты ғасырлық белеске көтерілген жайсаңдар осынау мерейтойлық салтанатын өткізерде өткен жылдарға үлкендік көзбен бір қарап, даналық оймен бір шолып, қазіргі жайларға шүкіршілік айтады. Егемен еліміздің өркентиетті әлемде өз орнын алып, кейінгі ұрпақтар үшін ұлы Отан болып нұр шуағын төгіп тұра беруіне сенім білдіреді.
Білім ұяларынан қанат қағып ұшқан жайсаңдардың ғұмырлық жолы кейінгілерге жұғысты бола берсін.
Н.КЕНЖЕБАЕВА.
02 маусым 2025 ж. 356 0