Өнегелі өмір өрнегі

Жақып Жұмабай Жақсылықұлы 1945 жылы Арал ауданы, Райым ауылдық кеңесінде туған. Өзінің таңдаған мамандығы бойынша журналистика факультетін бітірген соң, еңбек жолын «Ленин туы» газетінде корректорлықтан бастап, журналистика саласында 45 жылдан астам еңбек еткен. Осы жылдар ішінде Қазалы, Сырдария аудандық газеттерінде жауапты хатшы, облыстық телерадиокомпаниясында аға редактор, «Сыр бойы» газетінде Арал, Қазалы аудандары бойынша аймақтық тілші, Арал аудандық «Толқын» газеті баспасының редактор-директоры қызметтерін атқарды.
Бүгінгі таңда Жұмабай Жақсылықұлы – Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Арал ауданының құрметті азаматы, "Тұран" сыйлығының иегері.
Мұнан бөлек, мәдени мұраны насихаттауда жасаған еңбегі зор. Сыр өңірінің атақты би, күйшілерін зерттеген «Жетес би», «Сазгер-күйші Шал-Мырза» және «Шешілген түйін», «Теңіз қызы мен тау жігіті», «Аралдық Бауыржанның әзіл әлемі» атты прозалық, «Жастық шақтан бір белгі» атты поэзиялық кітаптары жарық көрген. Ол «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалінің иегері. «Қазақстанның құрметті журналисі», Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі. Осылайша қызметінде абыройлы еңбек еткен Жұмабай ағаның отбасылық өміріне тоқталсам деймін.
Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
Ата-ана да адам, сондықтан олардың қателесетін, жаңылысатын, ағаттық жіберетін кездері болады. Сол кезде өзінің ұстанымы жөнінде сұрағанымда, Жұмабай аға:
– Әдепті бала ондай кезде зіркілдеп, дауыс көтеріп шыға келмейді, ал үлкенді балағаттау – бала тұрмақ жасы кіші адамның ісі емес. Үлкендердің әлдеқалай істеген ісі, сөзі жанына қатты батса да, сабыр етіп, өзіңді дүниеге әкеп, зор мехнатпен әлпештеп өсіргенін есіңе түсіруің, кешірімді болуың міндет. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке – өз үйі» – деген тамаша нақыл бар. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі, – дейді салмақты қалпымен.

Осындай өмірден өз орнын тауып, бір-бір шаңырақтың иесі атанған балаларына қарап, Жақыповтар отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы, сыйластығы мол, ауызбіршілігі берік орнаған орта деген тұжырымға келдім. Өйткені бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру ол әр ата – ананың міндеті болып табылады. Балалары ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтіп, әдепті қалпымен өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып жатса, отбасына кіріс кіргізіп, әке-шешенің қарттығын қажетті тыныштықпен өтуіне жағдай жасаса одан артық бақыт бар ма?! Осының бәріне әсіресе отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқан қарапайымдылымен ерекшеленетін Жұмабай ағаны мақтан тұтамын.
Шаңырағының ақылшысы, арқа сүйері ағамыз болса, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен, түн ұйқысын төрт бөлген жеңгеміз Мария екеуі бірін-бірі демеп, сүйеу бола біліп, өмір бойы ынтымағы жарасқан, үлгілі отбасы қатарынан десек қателеспейміз. Ұстанған бағытында «үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді – тәрбиенің бастауы деп білген Жұмабай аға зор беделге ие. Сонымен бірге ол жастармен өмірлік тәжірибесімен аянбай бөлісті. Қасындағы жандарға қызметте жүріп тіршіліктің тірегі – иманды адам мен ибалы адам және осы бес күндік жалғанда өмірдің мәні мансапта емес, мақсатта екенін әлі күнге түсіндіріп келеді. Саналы ғұмырын сарабдал істерге арнады.
Қазіргі таңда ол "Арал аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік" қоғамдық бірлестігінің және аймақтық "Арал әлемі" газетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Әлі күнге Жұмабай ағамен қызметтес болған буын өкілдері оның жұмысына деген жауапкершілігі мен тиянақтылығын өз орталарына паш етіп, жастардың құлағына құйып отырады. «Ата-анам – ізетім, бала-шағам– сенімім» деген бағытты ұстанған Жұмабай ағаның ел игілігіне жасап жатқан риясыз еңбегі, адалдығы, елге жасаған зияткерлігі бүгінгі ұрпаққа берері мол мұрасы деп бағалаған жөн.
Күнзипа ЗДЕНОВА