Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр ана бақыты

Батыр ана бақыты

«Еңбек түбі – береке» екендігін дәлелдеп жүрген табанды жандар қаншама. Олар белгілеп алған мамандығы болмаса да ел қатарлы отбасында ұл-қыз тәрбиелеп, жоққа сабыр, барға шүкір етіп, азды ұқсата білген жай ғана шаруа адамдары. Бірі күзетші, бірі күтуші, бірі жай ғана тазалықшы бола жүріп, адал еңбекпен тапқан нанын ұрпағының аузына салып отырған адамдар. Сондай өмірі жастарға үлгі боларлық батыр ана Балкенже Дәрібаева бүгінгі біздің әңгімеге арқау болмақ.
Ол көркем мінезімен көпке құрметті болған жан. Әулетте үлгілі келін, ұжымда сыйлы әріптес, ең бастысы ұрпағына адалдық дәнін себе білген ақылшы ана. Балкенже Дәрібаева 1976 жылы Арал қаласында өмірге келеді. Арманы асқақ, алға қойған мақсаты айқын ару адамның емес, Алланың әмірі мықты екендігін сол сәтте сезінді. Ол 18 жасында жолдасы Досболатпен жарасым тауып, шаңырақ көтерді.
– Отбасылық өмірге ерте аяқ бастым. Мүмкін бұл маған Алланың бұйыртқан батпандай бағы шығар. 1994 жылы Досболат екеуміз отау құрдық. Осылай үлкен әулеттің келіні атандым. Шаңырақта ене бағып отырған жайымыз бар. Келін, әйел, ана болған соң көп жылдар қазан-ошақтың маңынан ұзап кете алмадым. Мен үшін ең бірінші орында әркез отбасым тұрады. Жолдасым біздің бар қажетімізді өтеп отырды. Ол еңбекқор жан. Қазір мал шаруашылығын қолға алды. Бұған дейін де еңбектен қол үзбей әр түрлі жұмыстар істеп жүрді, – деген Балкенже отбасылық өмірі жайлы сыр шертті.
Осылайша Балкенже 7 баланы өмірге әкелген батыр ана атанды. Балалар өзді-өзімен бола бастаған соң еріне болысып еңбек еткенді жөн деп тапқан ол қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығына тазалықшы болып жұмысқа орналасады. Қазір он жылдан артық еңбек өтілі бар. Ұжымнан ойып орын алған жан.
– Ұжымдастарым мені ең бірінші батыр ана деп құрмет тұтып қолдайды. Әсіресе басшымыз Лаура Қолғанатқызы аудандық, облыстық марапаттарға ұсынып, іс-шараларға қатыстырып, демеу білдіріп отырады. Соған қарап өзім де марқайып қаламын. Маған қарапайым тазалықшы деп қарамайды. Қазір өзім де ештен кеш жақсы деп бір мамандықты меңгергенді жөн деп тауып, сырттай негізде іс-қағаздар жүргізуді оқып жатырмын, – деді Балкенже.
Иә, оның отбасы мен қоғам өмірін ұштастыра білген еңбегі әркез ескерусіз қалған емес. Өткен жылы облыста өткен аналар форумына аудан атынан қатысты. Аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Әрбір мереке күндері құрмет төріне көтеруді басшылық назарда ұстап келеді.
– Қазақта «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деген жақсы тәмсіл сөз бар. Әр баланың несібесі бар деп ырымдайтын халықпыз. Менің де әр баламның перзенттік тілегі шығар. Аллаға шүкір, елден артық та, кем де емес өмір сүріп жатырмыз. Қазір 3 балам аяқтанып кетті. Үлкенім Шерхан отбасын құрды. Екі немерем бар. Онан кейінгі ұлым Бақыт жуырда шаңырақ көтерді. Қызым Данагүлді құтты орнына қондырдық. Қалған балалар Сабина, Гүлзаида, Ерасыл, Инабат мектеп қабырғасында оқушы. Баламен жетіліп, жетісіп, құда-жекжат, екі келінге ене, немереге әже болып отырған жайым бар, – деді кейіпкеріміз.
Қазақ қоғамында батырлығымен де, даналығымен де дараланған қыз-келіншектер баршылық. Біз көбінде басшылар мен лауазымды жандардың үлгі етуге тырысамыз. Ал біздің кейіпкеріміз Балкенже Дәрібаева сынды нағыз еңбек адамдары тасада қалып жататыны өкінішті. Міне, біз бүгін қарапайым тазалықшының көпке үлгі болар бейнесін танытуға тырыстық. Ол ешкімге өкпе артып, өкініш білдірмейді. Қиындықтан өтті. Жақсылыққа жетті. Оның бәрі жоққа сабыр, барға шүкір еткендіктің нәтижесі. Қазақ әйелі деген қастерлі ұғымның өмірдегі сипаты әсілі осындай болса керек.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
11 сәуір 2023 ж. 329 0