Бауыр – жанның екінші жартысы

Ерперзент Ысқақұлы – 1950 жылы Қызылорда облысы, Бөген ауылдық округінде дүние есігін ашқан. Осы қасиетті топырақта кіндік қаны тамып, сол ауылдың самал желімен өсіп-өніп, азамат болып ер жетті. Бөгеннің сайын даласы мен дарқан мінезді жұрты оның бойына қарапайымдылық пен адамгершілік қасиеттерін сіңірді.
Көз алдында ағасы мен жеңгесі бірінен соң бірі бақилық болды. Бұл қаза Ерперзент атаның жүрегіне өшпестей із қалдырды. Бірақ ол жаны жүдеп, мойыған жоқ. Керісінше, олардың артында қалған қос бала – Әбдіраман Ержан мен Ерболатқа өз бауырындай қамқор болды.
Аға мен жеңге өмірден өткен сәт – Ерперзент Ідәріп үшін де өмірінің ең ауыр кезеңдерінің бірі болды. Артында қалған бала-шағасы өмірдің қиындығын тым ерте көрді. Бала деген – бір үйдің шырағы, келешектің үміті емес пе? Бірақ сол шыраққа жел тұрып, үміт сөніп бара жатқандай еді. Қос бала тағдырдың тауқыметін тартып, әр үйде күнелтіп, өз үйлеріндей өмір сүре алмады. Өзгеге телмірген өмір – баланың жанына ауыр соққы. Жетімдіктің ащы дәмін татып өсті. Олардың тіпті заңмен бекітілген зейнетақысы, жәрдемақысы да рәсімделмеген. Бұл жағдай Е.Ысқақұлына бей-жай қалуға мүмкіндік бермеді.
Сол сәттен бастап, өз жүрегіне бұл істі аманат еткен. Мемлекеттік мекемелердің есігін бір емес, талай мәрте қақты. Құжат жинап, тіркеу жасап, әр қағаздың соңында жүріп, заңды түрде тиесілі әлеуметтік көмек пен жәрдемді өз иелеріне алып беруге күш салды. Аллаға шүкір, көп ұзамай игі нәтижелерге қол жеткізді. Қазір сол ағамның бір баласы елу жасқа толып отыр. Оны әлеуметтік қорғау мекемесіне тіркеп, дұрыс күтім мен қамқорлық жасалатын орынға тапсырған. Бұл – ата үшін жүрек ісі, борышы, аманаты болды.
Осы жолда өзіне қолдау көрсеткен жандарға айтар алғысын ағынан жарыла ақтарды:
– Алдымен, бұл іске адалдықпен атсалысқан, тынбай тер төккен інілеріме бас ием. Сіздердің жанашырлықтарыңыз – бауырмалдықтың, адамгершіліктің биік үлгісі. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Ибайдулла Тілепұлы ерекше алғысымды білдіремін. Көмек қолын созып, жаны ашыған, шынайы тілекпен әрекет еткен азамат ретінде жүрегімнен орын алдыңыз. Және «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Талғат Мырзағұлұлы Қанатов бауырыма – үлкен рақмет! Сіз де бұл істі өз ісіңіздей көріп, қолдан келгенін аямай қолдадыңыз. Халық қалаулысы, Арал аудандық мәслихат депутаты Батырхан Орымбайұлы Прекеев мырзаға да зор ықыласымды білдіремін. Азаматтық ұстанымыңыз бен қамқорлығыңыз – қашанда елге үлгі. Бүгінгі қоғамда қайырымдылық пен қамқорлық аса қажет. Ал сіздер соны сөзбен емес, іспен дәлелдеген жандарсыздар. Бауыр еті баланың көз жасын сүртіп, тағдырын жеңілдетуге атсалысқандарыңыз – үлкен сауап, адамдықтың биік шыңы.
Қатыгез қоғамда жанашыр жандардың қолдауы мен көмегі ауадай қажет. Осындай елеусіз қалған азаматтарды елеулі орынға тапсыруда жәрдемдескен тұлғалардың әрбіріне алғысымыз шексіз.
Жақсылық жасаудан жарысайық. Әрбір ізгі іс жүрекке жылы тиіп, өз жемісін берері анық. Жақсылықтың ұрығы қайда егілсе де, түбінде гүл атып, біреудің өміріне нұр сыйлайды. Бір жылы сөз, бір мейірім, бір көмек – кейде тұтас тағдырды өзгертіп жібереді.
Сол үшін айналамызға мейірім шуағын шашып, қолдан келген көмегімізді аямайық. Жақсылық – тарам-тарам бұлақ секілді: бастауы кішкентай болса да, арнасы кең, ықпалы мол. Ендеше, жақсылықта жарысайық, жақсылықта табысайық!
Нұрай ӘМІРХАНОВА
Фото: Нұрболат Нұржаубай