Наурыз баба: Кемел тарих көрінісі

Салтанатты шараның шымылдығын баба ұрпақтарының қатысуымен ерекше мазмұндағы прологпен ашылды. Көркем қойылымда Наурыз баба ұрпақтарының кесене салынатын жерді белгілеу сәтіндегі алғашқы қадамдары көрініс тапты. Бұл әсерлі көрініс шараның тарихи салмағын айшықтай түсті.
Ата-баба аманатына адалдықтың белгісі ретінде ерекше атап өтер жайт – баба жатқан қасиетті топырақ алыстағы Қарақалпақстан елінен әкелініп, кесенеге қойылды. Бұл – бабаға деген құрметтің шынайы, терең һәм тағылымды көрініс. Шекара асып келген топырақ – ұлт пен ұрпақ арасын жалғайтын киелі дәнекерге айналды.
Салтанатты шара барысында «Наурыз баба» ұрпақтарының ұйымшылдығы, бірлігі, елге, жерге деген сүйіспеншілігі ерекше көзге түсті. Бұл – баба рухына көрсетілген зор құрмет пен ұлттық сана – сезімнің жаңғыруы еді.
Кесене басындағы көріністер жүректерге рух сыйлады. Кең далада өткен ақындар айтысы көрермендерді баурап алса, жыр мен терме тыңдаған жұрттың жүрегі елжіреп, өткенмен қауышқандай күй кешті. Ұлттық спорттық ойындар ер жүрек жауынгер, Наурыз баба ұрпағы – күректі қару еткен Қошабай атамыздың рухына арналып өткізілді. Еркін күрес, қол күрес, гир тасын көтеру, қошқар көтеру, арқан тартыс сынды ойындар ойнатылып, қатысушылар жігер мен күшті, қайсарлық пен намысты танытты. Жарыстар нәтижесінде жүлделі орындар беріліп, жеңімпаздар марапатталды. Бұл күн – ас берілу ғана емес, елдік пен руханияттың, ата – баба аманатына адалдықтың белгісі болды.
Дастархан басында қонақтарға ұсынылған дәм – тұз ерекше бағаланып, кең пейілмен қонақжайлылыққа ризашылық білдіргендер көп болды. Ағайын – туыстың жүздері жарқын, көңілдері шат болып, бірлік пен ынтымақ тереңдей түсті.
Сондай-ақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей осы шараға шынайы ықылас танытып, атсалысқан азаматтарға Алғыс білдірілді. Ұйымдастыру ісінде белсенділік танытып, жан – жақты көмек көрсеткен азаматтардың еңбегі көптің ризашылығына бөленді.
Ата-апаларымызға арнайы шапан мен қамзолдар сыйға тартылып, үлкендерге деген ізет пен құрмет көрініс тапты. Дәстүрге сай жиендерге арнайы сыбаға тартылды. Сонымен қатар әр ру мен аталық өкілдеріне де құрметпен шақырылып иықтарына шапан жабылды.
Әсіресе, қызмет жасаған келіндер ибалылығы мен ұлттық нақыштағы көйлек пен қамзол киген сән салтанатымен көптің көзайымына айналды. Ибалы келін – елдің ырысы мен берекесі екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Осы игі істің басы-қасында болып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Наурыз баба ұрпақтарына алғысымды білдерімін.
Гүлфарида ИСМАГУЛОВА
Фото: автордан