Баба рухын ұлықтады
Жуырда бабаға құрмет – балаға міндет екенін жадына тоқыған ұрпақтары ХVІІІ ғасырда өмір кешкен Бекше баласы Жұмағұл бабаға Бөген елді мекені жанындағы "Бекше төбе" маңайында тұрғызылған биіктігі 5 метр еңселі ескерткіш монументтің ашылу салтанатына қатысты.
Тарихшылардың айтуынша, 1730 жылдарғы Еділ қалмақтары мен жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ұлт азаттығы жолындағы соғыстарға қатысқан, сөзі дуалы, аузы уәлі қайраткер болған баба ұрпақтары қазір кең-байтақ еліміздің тұс-тұсында өмір сүріп, тәуелсіз Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуде. Бүгінгі ұрпақтары мақтан тұтатын, кезінде еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан қоғам қайраткерлері аз емес. Мысалы, 1929-1943 жылдары Бөген, Қамыстыбас ауылдық кеңестерінің, Арал аудандық атқару комитетінің төрағалары болған Медеубай Садақбаев, Шамша Кеулімжаев, бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатарынан үш мәрте қатысқан, мал шаруашылығының майталманы Досжан Зиянсыз баласы, имам Әбибулла Талқанбаев, қаржы саласының облыс, республикаға танымал қайраткерлері Бақтыбай Боранбаев, Таңатар Құттымұратов, инженер-ихтиолог Кемал Жаймағамбетов, Арал-Сарбұлақ су басқармасының басшысы болған Аязбай Маханов, атақты балықшы Сағынай Жүрімбетов, кезінде "Қайсар" футбол клубында, Қазақстан құрамасы сапында үздік ойын өрнегін көрсеткен атақты футбол шеберлері Ерлан Махамбедиев, Асхат Тағыберген, Индонезияда өткен дүниежүзілік Білім олимпиадасының күміс жүлдегері Асқарбек Орақов – ел мақтанышы.
Бабаға ас беру кітабын баспадан шығару, ескерткіш монументін тұрғызуға аянбай атсалысқан Жұбат Дәрібеков, Бақтыбай Боранбаев, Ғарифулла Сембиев, Бақыт Жолдасбаев, Өтемұрат Досжанов, Мақсұт Махановқа көпшілік алғысы риясыз болды.
Салтанатты рәсімнен соң баба рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Т. Нұржан-Балта