Қалам мен домбыра қос қанаты

Біз әңгімелегелі отырған белгілі журналист-жазушы, дәулескер күйші-сазгер, әріптесіміз Жұмабай Жақып осы соңғы топтың санатында. Үстіміздегі жылғы 1 шілдеде 80 жастың табалдырығынан аттаған Жұмабай ағамыз әлі тың, жүріс-тұрысында қарттықтың өзі түгіл, ізі де жоқ. Алла берген сол қуат- қажырының арқасында Арал қаласында құр аттай шапқылап қоғамдық жұмыстың бел ортасында белсеніп жүр. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылдан бері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Арал аудандық филиалының төрағасы қызметін бірқатар жыл абыройлы атқарды.
Өмір дерегіне ресми түрде ретімен тереңірек көз жіберсек жоғарыда айтқанымыздай, 1945 жылғы Жеңіс мерекесінен 2 ай 8 күн өткенде бұрынғы Райым ауылдық округінде шілде күні соғыс және еңбек ардагері Жақсылық Жүсіпов пен Наушарбан Алмағамбетқызының отбасында шыр етіп шырайлы дүние ecігін ашқан болатын. Жұмабай қаламгердің одан арғы өмір соқпағы төмендегіше өрнектеледі.
1962 жылы Қамыстыбас №21 орта мектебін, 1964 жылы Қазалыдағы теміржолшылар даярлау училищесін, 1976 жылы Қазақтың Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң еңбек жолын 1970 жылы Қазалы аудандық бұрынғы «Ленин туы» (қазіргі «Қазалы») газетінде корректорлықтан бастап әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Мұнан кейін Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде радио бөлімінің меңгерушісі, облыстық телерадио компаниясында аға редактор, Арал аудандық радио хабарын тарату редакциясында жауапты редактор, аудандық «Толқын» газетінде жауапты хатшы, аудан әкімінің баспасөз хатшысы болып істеді.
1999-2009 жылдар аралығында облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы аймақтық тілшісі, Арал аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор қызметтерін атқарды. Ол ақын, журналист, жазушы ретінде облысымызға кеңінен танымал қаламгер екені бізге жақсы аян.
Сонау алпысыншы жылдардан бастап ақын ретінде оның өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп келеді. 1977 жылы Қарақалпақ АССР-інде басылып шыққан Қызылорда, Қаpақалпақ ақындарының өлеңдер жинағына бір топ жырлары енген. Проза саласында экологиялық тақырыптағы «Теңіз қызы мен тау жігіті» атты ертегі повесі «Жалын баспасының» 1991 жылғы бәйгесінде жүлделі үшінші орын иемденсе, «Алақай, теңіз келеді, көкем келеді!» әңгімесі Қазақстан Республикасының 15 жылдық мерейтойына орай Мәдениет Министрлігімен «Қазақмыс» компаниясы біpiгiп өткізген «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» атты патриоттық тақырыптағы үздік көркем шығармалар байқауында жеңімпаз болып танылды. Оның ертегілері облыс ақын-жазушыларының «Жүректегі жауһарлар» атты жинағына енген болатын.
Ұзақ жылдардағы журналистік зерттеу еңбегінің нәтижесінде Жетес бидің шешендік сөздеріне арналған «Жетес би», «Теңіз қызы мен тау жігіті» ертегілер, «Шешілген түйін», «Аралдық Бауыржанның әзіл әлемі» атты прозалыкқ, «Жастық шақтан бір белгі» атты өлеңдер кітаптары жарық көрді. Мұнымен бірге Арал ауданының атаулы жылдарына арналған «Тарихи тұлға, тілді би» (2005 жыл), «Ән әлемінде, жүрек тереңінде» (2007 жыл). «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар» (2008 жыл), «Әлем таныған Арал» (2009 жыл), «Қазақ рухын көтерген Қарақұм құрылтайы» (2010 жыл), «Тәуелсіздік толғауы» (2011 жыл) кітаптарының құрастырушы редакторы. Жұмабай Жақып – сазгер-күйші ретінде де ауданның мәдени өміріне белсене араласып жүрген талант иесі. Ол отыздан астам күйдің авторы. Солардың ішінде «Құм кешкен керуен», «Отырардың оянуы», «Отырар сарбаздарының маршы», «Отырардың толғауы» атты топтама күйлері мен Қорқыт бабамызға арналған «Желмаялы Қорқыт». Абай Құнанбаевтың өлеңіне жазылған «Қараңғы түнде тау қалғып», Манап Көкеновке арналған «Арқалы ақын айтыста» атты туындаларының шоқтығы биік. Ол 1983 жылы Қармақшы ауданында өткен сазгер-күйшілердің облыстық байқауында жүлделі үшінші орын иеленген өнер иесі, дәулескер күйші.
Жұмабай Жақып Қазалы ауданының біршоғыр домбырашылары Жалдыбай Елекеев, Қобылаш Жаймұратов, Нұрмағамбет Әлиевтерді жан-жақты жазып, күйшілік өнерді насихаттай білді. Сол арқылы атақты Қазанғап күйшінің замандасы, Сыр елінің саңлақ сазгері Мырза Тоқтаболатұлының өмірі мен шығармашылығын зерттей жүріп, «Тұмар» баспасынан «Сазгер, күйші Шал-Мырза» атты кітабын шығарды.
Сазгер-күйші Ж.Жақыптың жеке орындауында 1984 жылғы Қазақ телевидениесінде және бірнеше мәрте облыстық телевидениеде арнайы хабарлар берілді. 2015 жылғы облыстық Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапханада «Қалам менен домбыра – қосқанатым» атты әдеби-әуездік шығармашылық кеші өтті.
Жәкең ұзақ жылдар бойы басқарған, тамырына қан жүгіртіп отырған филиал жұмысына келетін болсақ, бүгіндері ауданда «Қазақ тілі» қоғамының 120 бастауыш ұйымы, Сексеуіл кентінде бір комитет жұмыс істейді. Олар қоғамның 3560 мүшесін біріктіріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, аудандық филиалда 11 мүшесі бар алқа құрамы сайланып, бастауыш ұйымдармен және олардың жетекшілерімен тығыз байланыс орнатылды. Филиал жыл сайын белгіленген iс-шараларға сәйкес жоспарлы жұмыс істеді. Түрлі тақырыптар бойынша бастауыш ұйымдарда, мәдени көпшілік орындарда кеш, кездесулер өткізу, озат ұйымдар мен тіл жанашырларын марапаттау, ынталандыру жұмыстары тұрақты атқарылып, көпшілік ықыласына бөленгені есімізде.
Aтап айтқанда «Ана тілі аналар жүрегінде», «Тілді сүйсең Абайша сүй», «Ұлттық тілден ұлысы жоқ», «Мұқағалидың жыр әлемі», т.б. тақырыптардағы дөңгелек үстел, кездесулер тіл жанашырларының қатысуымен әсерлі өткені көрермендердің есінде.
Филиалда екі штат бірлігімен төраға және әдіскер жұмыс істейді. 3.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде орналасқан. Жұмыс бөлмесі компьютер, телефон, стол, басқа да кажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Iс қағаздар мен құжаттар жолға қойылғанын көзіміз көріп, көңіл сүйсінді.
Ж.Жақыптың шығармашылығы әр жылдары өз бағасын алуда. Атап айтсақ, 2002 жылы «Облыстың үздік журналисі», 2003 жылы Арал ауданының «Үздік журналисі» атанып, екі мәрте облыстың Құрмет грамотасымен, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен марапатталған. Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті Азаматы, Облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері.
2017 жылдан бері өзі ұйымдастырған «Арал аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік» қоғамдық бірлестігінің және «Арал әлемі» газетінің төрағасы. Жұмабай ағамыздың журналистік қызметпен бірге күйшілік өнерді алпыс жылдан астам уақыт бойы аялап келе жатқан қабілеті бізді қашанда қатты қызықтырып келе жатқан. Соған орай кейіпкерімізге келте сауал қойдық.
– Әр нәрсенің бастауы болады. Күйші-сазгер болуыңа қандай нәрсе және кім түрткі болды?
– Ә, онда кішкентай бала едім. Ол кездері нағашыларым Қосжар елді мекенінің маңайында егіншілікпен шұғылданып отырған. Анамның інісі әскерден келіп, отбасы той жасап, соған бізді шақырған бір күні. Барған бетте киіз үйдің төрінде ілулі тұрған ағаштан ойып жасаған домбыраны көзім шалды. Менің көзімнің той аяқталғанша кереге басында ілулі тұрған домбырада болғанын әкем аттас Жақсылық нағашым аңғарса керек. Ауылға қайтарда қолыма ұстатты. Оның үстіне әкем марқұм да ыңылдап ән салып, домбыра шерте білетін өнерлі адам еді. Соның арқасында бұл аспап жетпіс жылдан астам уақыттан бері маған сенімді серік болып келеді, - дейді Жұмабай ағамыз. Жөкең аудандағы өнер адамдарымен тығыз қарым-қатынаста Олардың екіншісі журналист, үшіншісі суретші. Ол өзі басқарып отырған «Арал әлемі» басылымында шығармашылығына баса көңіл бөліп отырады. Заманында «Тілді би» атанған атақты: Жетес Қыстаубайұлының ұрпағы. Атағы Арал-Қазалы аймағынан асып, алаш баласына түгел мәлім болған арғы атасы жайлы көп жылдардан бері қалам қарымын танытып келеді. Бірсыпырасы жоғарыда айтқанымыздай баспа, басылым жүздерінде жарық көріп, қалың көпшілікпен қауышқалы қашан.
Жұмабай ағамыз екеуміз жиырма жылға жуық қатар қызмет атқардық, Қаламның қызығын да шыжығын да бірге көрдік. 1990-1995 жылдары облыстық радиокомитeттің Арал қалалық радио хабарларын тарату редакциясында шығармашылықпен қатар шұғылдандық. Онан кейін де аудандық газетте қол ұстасып бipгe еңбек еттік. Қол боста біріміз қоңыр домбыраға тіл бітірсек, eкіншiміз жаңа жазған жыр шумақтарымызды оқып беретінбіз. Cөйтіп Жөкең екеуміздің Арал қаласындағы «Жазушылар одағымыз» – редакцияның құрқылтайдың ұясындай бөлмесі, әдеби ортамыз да екеуіміз болған едік.
Жұмабай ағамыздың қос қанаты қалам мен домбыра іспеттес, Қағаздан қажығанда қоңыр домбыраны алдына өңгеріп күй өнері саласында орындаушылық шеберлігі, табиғаты мүлде тосын, сонысымен көңілге қонымды, құлаққа жағымды «Құм кешкен керуен», «Отырар сарбаздарының маршы» сияқты күйлерін күмбірлететін. Жөкең сияқты күйші- композитордың осы бағыттағы еңбегі ел тарапынан әлі жөнді бағаланбай жүргені анық.
Ол облыстық «Сыр бойы» басылымының Арал-Қазалы өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін атқарған он жыл оның ұмытылмас кезеңдері, осы айтылған уақыт ішінде журналист Жұмабай Сырдың аптап жазында, алтын күзінде, жаймашуақ көктемінде, ақша қар басқан аязды қысында Қызылқұмды бөктерлей орналасқан қазыналы Қазалы мен Қарақұмды жайлап, ел байлығын еселеген аты әлемге мәшһүр Арал аудандарының шартарабын талай шарлаған. Бұл сапарларынан туған проблемалық мақалалары, сүңгіттей суреттемелері, ойлы очерктері облыстық басылымда күн кұрғатпай жарияланып, оқырман оясынан табылып жататын.
Сол шабысынан кейін де танған жоқ. Арал аудандық «Толқын» газетінің редактор-директоры қызметінде жүргенде де қаламынан туған талай журналистік ізденістері іркілген жоқ Редакция табалдырығынан имене аттаған талай жастың маңдайынан сыйпады, арқасынан қақты. Сөйтіп, журналистік сапарға аттандырып ақ жол тілегені біздің есімізде.
Бұл күндері Арал қаласындағы үлкен шаңырақтың иесі атанып, өмірлік cepiгi Мария Өтегенқызы екеуі бес бірдей перзентін аялап өсірді. Тұла бойы тұңғыштары Махмуд мемлекеттің, Айнадин мен Мағжаны болат жол бойының білікті қызметкерлері, Гүлфариза үйлі-баранды, медицина қызметкері, сүт кенжелері Тоғжан студент.
Осыдан бес жыл бұрын аталып өткен Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесі қарсаңында Жұмабай ағамыз салалық министр А.Балаева мен облыс әкімінің мақтау марапатына, құттықтауына ие болып 75 жастың табалдырығынан сергек сенім, зор қуанышпен аттаған болатын. Енді міне 80 жастың босағасынан сергек аттаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесіне көңілің шабытты, өмірің бақытты болсын деп тілейміз.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Облыс әкімінің «Тұран-2024»,
Ж.Әбдірашев атындағы
Республикалық әдеби сыйлықтардың лауреаты,
Арал ауданының Құрметті азаматы