Асанәлі Аралға келгенде...
Арулар сұлулығының мәңгі мұзартына баланған Жібек сұлу кіші жүздің Жібегі ғана емес, бар қазақтың Жібегіне айналды. Ал махаббат символына айналған "Қыз Жібек" фильмі біздің өшпес таспамыз. 55 жылдан асса да қайталап көрудің себебі – фильмнің мазмұндылығында. Ал осындай ғұмырлы дүние әлбетте әртістің шеберлігімен өлшенеді. Меруерт Өтекешева, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімовтер тіпті өмірде дәл сол кейіпкердің есімімен аталып кеткен.Бір өкініштісі "Төлегеннен" ерте айырылған қазақ былтыр жылдың соңында "Бекежанмен" де қоштасты. Осылайша Кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР және КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, айта берсек таусылмайтын құрметтің иегері Асанәлі Әшімов 88 жасында дүниеден озды.
Міне, дәл осы кезде бүгінде баспасөзбен қатар шауып, талай тарихты еске салып отырған әлеуметтік желіден өшпес тұлғаның табаны Арал топырағына тигенін айғақтайтын бір суретті көзіміз шалды. Және оны желіге жүктеуші жерлесіміз ақын, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Мешітбай Құттықовтың немересі Шынболат еді. Ақын ағамыздың шаңырағында түскен сурет елең еткізбей қоймады. Бұл естелік қай уақыттың куә екенін білгіміз келіп, анықтауға тырыстық.
Жалпы өмір атаулы естеліктерден тұрады. Асанәлі жайлы естеліктен бұрын әртісті қонақ еткен ақын жайлы бір ауыз естелік айтуды жөн көріп отырмыз.
Мешітбай ақынға ас беру кезінде білім бөлімінің басшысы, осы саланың ардагері Ебейсін... "Теңіздің шалқып тұрған уақытында Аралға кімдер келмеді. Міне, осылардың бәріне Аралды таныстырған Мешітбай еді" деген екен.
Дәл солай, Асанәліге де Аралды таныстырыпты.
Тәуелсіздіктің перзенті Шынболаттың сілтеуімен теңізді өлкеге текті тұлғаның табан тіреуі жайында Мешітбай Құттықовтың келіні Гүлсім Құттықовамен сөйлестік.
Сәлемімізді алып, аналық батасын берген Гүлсім апамыз сөзінің басын осындай киелі шаңырақтың келіні атанғанын мақтанышпен айта жүретінінен бастады. Марқұм ақын 2001 жылы өмірден өтті. Сол кезде жазушы Айжарық Сәдібеков: Екі кеменің басын ұстаған адам суға кетпейтінін көрсеткен қазақта екі-ақ тұлға бар. Бірі – Кемел Тоқаев, бірі – Мешітбай" деп атаған екен. Осынау азаматқа келіндік қызмет жасаудан асқан бақыт, мақтаныш болсын ба?!
Шындығында екі тұлға да ішкі істер саласында жүріп қаламды серік еткен. 35 жыл Қазалы, Арал аудандық Мемлекеттік авто-инспекциясының бастығы болған ақын ағамыз екі кеменің басын ұстады десек артық емес. Ақындықты ардақтаған сезімтал, жылы жүректі кеудесінде тербетіп жүріп, талабы бұл табиғатқа мүлде қайшы келетін қызметті ұзақ жыл атқару мүмкін еместей көрінеді.
Одан әрі тікелей тақырыбымызға көштік. Гүлсім анамыз:
– Бұл оқиға ертеректе болған. Мен ол кезде жаспын. Байқасаңыздар фотодағы кішкентай қыз менімен қатар. Алайда келін болып түскен соң енемнен Асанәлі ағамыздың келгені жайында азды-көпті естуім бар. Шамамен 70 жылдардың ол жақ, бұл жағы. Сол уақыттар Кеңестік идеологияның дәуірлеп тұрған шағы. "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі", "Қыз Жібек" сынды танымал фильмдердің басты рөлін сомдаған Асанәлі Әшімов ел-елді, жер-жерді аралап, теңізде де болған, – дейді.
Сөзін әрі қарай жалғаған Гүлсім Құттықова: " Аралға келгенін орын алған мына бір оқиғаны айтқаны есімде қалыпты. Асанәлі ағаның есінде де мәңгі сақталған шығар. Ас ішіп, аулаға шығып әңгімелесіп тұрған сәтінде Қазалыдан енемнің анасы келіп қалады. Есіктен кірген бойда "Әй, мынау Төлегенді өлтірген шіркін мұнда не істеп жүр" деп бәрін күлкіге қарық қылыпты" дейді. Ел есіндегі "Бекежан" болып қалғаны осы емес пе?!
Иә, халық әртісі ешқашан ұмытпаған шығар деуге де себеп бар. Ол жайлы да Гүлсім анамыз былай дейді.
"Бірде енем екеуміз Асанәлі Әшімовтің сұқбатын көріп қалдық. Журналист қандай тамақты ұнататынын сұрады. Сонда аңыз адам "Аралға немесе Қазалыға барған кезде балық пен қамыр жайып салатын тамақ іштім. Соның дәмі әлі таңдайымда тұр" деп жауап берді. Сол кезде енем "Әй, несін ұмытып отырсың, мен ғой қарма істеп берген" деп айтып қалды" дейді.
Иә, сахна мен киноның қаһарманы Аралға естелік тастап қана кеткен жоқ. Естен кетпейтін әсер де алып кетсе керекті.
Мұнан бөлек әлеуметтік желі бізге жерлесіміз, журналист Нұрбек Әмишадан да жазба жеткізді. Фейсбук парақшасындағы "Асанәлі және Арал теңізі" деп басталатын жазбасында "Қаратерең ауылындағы өзім туып-өскен қара шаңырақтағы қабы қара альбом ішіндегі қара-ақ түсті фотоны ара-тұра көріп қалатынмын. Бала кезімде әкем Шынтемірден бұл суреттің тарихын сұрағаным еміс-еміс есімде.
Жетпісінші жылдары “Қыз Жібек” фильмі экранға шыққан соң, басты рөлдегі актерлер ел аралап, әрі фильмді көрсетіп әрі халықпен кездесіп, мәре-сәре болыпты. “Атаманның ақыры”, Қыз Жібек” фильмдерінің бас рөлдерін сомдап, аты жер жарып тұрған Асанәлі Әшімов сол мақсатпен Аралға, теңіз жағасындағы Қаратерең ауылына келіпті.
Ол кезде комсомол ұйымының жетекшісі болып жүрген әкем Шынтемірге әйгілі актердің қасында жүріп, елмен жүздестіріп, күтіп-баптау тапсырылған болу керек, аңыз ағасының қасынан бір елі қалмапты (суретте оң жақтан екінші отырған менің әкем Шынтемір).
Асанәлі Әшімовтің ел санасына Бекежан болып бекігені соншалық, Қаратереңнің шал-кемпірлері "жағымсыз кейіпкерге" "Төлегенді неге өлтірдің?" деп кейіп, өнер мен өмірдің ортасында сұрақ-жауапқа түсіп, ақкөңіл аға-апаларымен емен-жарқын сұхбаттасыпты.
Бұл кез Арал теңізінің де шалқып жатқан шағы болса керек, кино көрсетіліп, халық тараған соң Асанәліні теңіз жағасына апарып, қайыққа мінгізіп, балық аулатып, Қаратереңнің қармасынан дәм татқызыпты. Мына суреттегідей қайратты шашы желбіреп, жылы жымиып, Қаратереңнің қара топырағын жалаң аяғымен кешіп, жалаң кеудесін Аралдың самалына төсеп, рахаттанып демалыпты, елдің пейіліне риза болыпты.
“Мені жақын тартып, Шынтемір, сен қасымда жүр” деп, жанынан қалдырмады. Кетерінде ысталған балықты ораған картон қағазды жыртып алып, сыртына Алматыдағы үйінің адресі мен телефонын жазып, “жақсы жігіт екенсің, Алматыға келсең, үйге кел” деген деп әкем күлімсіреді маған. Алыстаған Арал, алыстаған ағаны еске алып, тәтті естелікті талмаған әкемнің жанарынан ағаға, аңыз адамға құрметін көргендей болдым сол кезде.
– Алматыға талай бардыңыз ғой, Асанәлінің үйіне бардыңыз ба?
– Жоқ, ыңғайсыздандым…
Әке жауабы осы болды. Жақын тартты деп әйгілі актердің мазасын алғысы келмепті.
Бұл фото отбасымыздың бір құнды жәдігеріне айналды. Бала кезімде бұл бейнелерге назар тоқтатып өтуші ем, енді әкенің жылы естелігін де еске алып, бір уақ өткенге ойша саяхаттаймын. Жақсының жанынан табылған әкемнің қуанышты сезімін түсінемін, өткен өміріне деген құрметі мен қанағатын байқаймын, өнер алыбының толқыған теңіздей разы көңілін де байқаймын.
Асанәлі аға аралдықтардың, қаратереңдіктердің кең пейілін, қошеметін ұмытпады. Оны өнер биігінде бейнеледі. Өзі суына түсіп, құмын кешкен Арал теңізінің кешегі кезеңі туралы Игорь Вовнянконың Арал трагедиясы туралы "Апат" пьесасында басты рөлді сомдап, теңіз жұртшылығына мәңгілікке бас иіп кетті.
Бір сурет. Бір дәуір. Бір естелік" деп тебірене жазыпты.
Иә, Арал талай дараның көзін көрген киелі мекен. Әлі талай тарланның табан ізінен тарих айтатын туған жеріміз мәңгілік болсын!
Оңталап ЖОЛДАСОВ









