Зұлматты жылдардың Аралдағы зобалаңы
Әлем халықтарының тарихына көз жүгіртсек, қолдан жасалған тауқыметтерді қазақтан көп көрген халық жоқ. Кеңес үкіметі жүргізген жаппай тәркілеу, күштеп ұжымдастыру отырықшыландыру, байлар мен орташаларды тап жаулары ретінде жою, қолдан жасалған мемлекетке ет, астық тапсыру сияқты науқандардың салдарынан қазақ халқы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында орны толмас зұлматқа ұшырады. Тарихшылар айтып жүргендей, «Кеңес дәуіріндегі орын алған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін нәубетінен қазақ халқының үштен бірінен айырылды» деген дерек ащы болса да шындық.Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, «Болашақ өткен тарихты білуден басталады. Өткне тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жүрген дәуірінің қадірін де бағалай алмайды».
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Үргенішбай Қуатовтың тұсауын кесіп отырған «Зұлматты жылдардың Аралдағы зобалаңы» кітабының ұстанымы да осы. Кітапта 1920-1937 жылдардағы Кеңестік биліктің тоталитарлық саясаты салдарынан туған зұлматты оқиғалардың Арал ауданында орын алған дәйекті деректері архив құжаттарымен, көзі көрген көне көздердің естеліктерін кеңінен пайдлалана отырып баяндалады.
– Өз тарихымызға, оның ішінде, туған өлке тарихына ерекше назар аударуымыз керек деп пайымдаймын. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ ата-бабаларымыздың тарихына байланысты шынайы мағлұматтарды алатын болса, олардың өз еліне, ұлты мен халқына деген құрметі арта беретіні сөзсіз, – дейді автор.
Кітап тарихсүйер оқырман қауымға, ұстаздар мен өлкетанушыларға ұсынылады. Ол ұмыт болса бастаған ақтаңдақтарды қайта жаңғыртып, тарихтың тұмшаланған беттерін ашады. Арал жұртының тартқан азабы мен арпалысын айғақтап,әділет салтанат құруы үшін атқарылған игі жұмыстың жемісі.
Г.ӘЛНИЯЗИНА









