Туған жерге келгенде толқытқан сезім
Әркімге туған жері – Мысыр шаһар. Көптен айдынды өлкенің бас қаласы Аралға жолым түскен еді. Өзгешелікті аңғардым. Баяғы Арал емес, жаңарған, жасанған шаһарға айналыпты. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауының жемісі екені салғаннан-ақ сезіледі. Туған жерге келгенімде ерекше толқып, өткенді ой елегінде екшедім. Өзіммен тетелес бауырым Айсұлудың ізі қалған №2 мектеп-интернаты тіптен ыстық сезілді. Талай шәкіртті қияға қанаттандырып, қоғамнан орнын табуына себепші болған қара шаңырақ кім-кімнің де жүрегіне ыстық сезіледі. Осында еңбек етіп, болашақ иелеріне сапалы білім, саналы тәрбие берген ғибратты ғұмыр иесі, ұлағатты ұстаз Қиынбаева Айсұлу Құрманғалиқызы туралы ой толғауды жөн санадым.Қашанда адам баласы өзінің өмір жолында екі адамға қарыз болса, оның бірі, сөз жоқ, ақ сүтімен емізіп, бойыңа бар жақсы әдетті сіңіріп, аяғыңа тұрғызып жіберетін адамың – Анаң және санаңа білім құятын қастерлі тұлға – Ұстазың. Сондай жандардың бірі Айсұлу Құрманғалиқызы – Қызылорда облысына белгілі ұстаз, КСРО білім беру ісінің үздігі, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері.
Ол 1947 жылы 5 ақпанда Қызылорда облысы, Арал қаласында әкеміз Құрманғали және Нағима анамыздың отбасында, Қиынбаевтар әулетінде дүниеге келген, 6 баланың тұңғышы. 1964 жылы Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебін бітіріп, 1964-1968 жылдары Қызылорда қаласы Н.В. Гоголь атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдап, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
1968-1969 жылдары Арал қаласының Бөген ауылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқарып, 1969-1971 жылдары Арал қаласының №2 мектеп-интернатында тәрбиеші-педагог болып жұмыс жасады. 1971-1979 жылдары тұрмысқа шығуына байланысты Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді ауылының №42 орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1979-1995 жылдары Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жетікөл ауылындағы №174 қазақ орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек етті.
Айсұлу Құрманғалиқызы өз ісінің жетік маманы болды. Өте білімді, кез-келген мәселенің жауабын таба алатын жан болатын. «Халық ауыз әдебиеті», «Хандық дәуір әдебиеті», «Жыраулар поэзиясы», «XIX ғасыр әдебиеті», «XX ғасыр әдебиеті» өкілдерінің шығармашылығымен таныстырып, ұлттық әдебиеттің поэзия, проза, драматургия саласын шәкірттерінің санасына сіңіре білді. Әсіресе шәкірттерін қазақ драматургтерінің пьесаларын сахналауға үйретті.
Тағы бір айта кетерлігі, Айсұлу Құрманғалиқызы 1988 жылы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша бірінші рет ұйымдастырылған Республикалық олимпидада шәкірттері жүлделі І орынды иеленді. Сонымен бірге жалпы орта білім беретін мектептерге арналған оқу-әдістемелік нұсқаулықтар жазды. Жазушы Мұхтар Әуезовтің эпопеясына арнап «Мұхтар туралы альбом», «М.Әуезов атындағы драма театр кітапшасы» сынды еңбектері бар. Ұстаздың 1987 жылғы «Драмалық шығармаларды оқыту» атты әдістемелік құралы жарық көріп, тәжірибесі республика көлемінде таралды. Бүгінде осы еңбектерінің барлығы облыстағы Мұғалімдер білімін жетілдіру институтында сақтаулы.
1987 жылы В.И. Лениннің 1921 жылғы Арал балықшыларына жазған хатына сәйкес «Достық қолын созғандар» тақырыбында пьеса дайындап, Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы драма театрында қойылым жасады. 1987-1992 жылдар аралығында драма театрға сахналық қойылымдармен барып, көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен бірге зейнет демалысына шыққанға дейін М.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының мемлекеттік емтиханынның тұрақты түрде мүшесі болды. «КСРО білім беру ісінің үздігі» және «Қазақ ССР Халық ағарту існің озық қызметкері» лайықты бағасын алды. Бірнеше мәрте Қазақ ССР халыққа білім беру министрінің Құрмет грамоталарыменмарапатталды.
Өзінің аса дарынымен көзге түскен Айсұлу Құрманғалиқызыныңалдынан дәріс алған шәкірттерінің арасында ғылым кандидаттары, профессорлар, докторлар, белгілі педагогтар, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер бар. Айтар болсақ, Роза Мәжитова, Алматы қаласындағы ҚазҰАЗУ профессоры. Шамахова Ақманат – филология ғылымдарының кандидаты, Бекзат Динаева – филология ғылымдарының кандидаты, Astana IT University қауымдастығының профессоры, Әбубәкір Смайлов– ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Қорғаныс министрлігінің Баспасөз Басқармасының бастығы, Роза Жадиева– Қызылордадағы Қ.Қаракөзов атындағы №235 қазақ-орта мектебінің директоры болып қызмет ететінін мақтанышпен айта аламыз.
Қажырлы еңбегімен жетістікке жеткен Айсұлу бауырым жолдасы Жақыпұлы Серікбаймен қырық жылға жуық бірге бала тәрбиесіне де барлық күш-жігерін жұмсады. Жолдасы Серікбай да механик-өнертапқыш, кезінде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне облыс атынан қатысып, мерейі үстем болған жан.
Өз орталарында туыс-жекжат, достары арасында беделі жоғары, абыройлы, үлгілі отбасы болды. Жездем екеуі отбасында бес бала тәрбилеп өсірді. Ұлдары – Еркін, Берік, Жанболат, Жандос және қызы Меруерт – бәрі де жоғары білімді өз ісінің мамандары.
Оның отбасындағы Ұстаз рөлінің маңыздылығы сол төрт баласы да жоғары білімді мұғалім аруларға үйленді. Сүйікті немерелерінің ата-әжесі болды. Айсұлу апамыздың ісмерлік қабілеті де зор, он саусағынан өнер тамған шебер еді – құрақ көрпе тігу, алаша тоқу, киіз басу, қалың шарқаттар тоқу, қолы қалт еткен кездегі сүйікті ісі еді және бағбандықпен де айналысты. Жетікөл ауылында үлкен бау-бақшасы және жүзім бағы болды. Бақша егем деген ауылдастарына жездем екеуі ақыл кеңестерін аямайтын.
Айсұлу Құрмағалиқызының жасаған жұмыстарының ізі осы күні де өз жалғасын тауып мектептегі өзі бастамашы болған әр түрлі клубтар, драма үйірмелері әлі де жұмысын жалғастырып келеді. Бейнесі мектептегі «Ардагерлер бөлмесінің» төрінен орын тауып, өзінен кейінгі әріптестеріне ақылын айтып және жол көрсетіп тұрғандай.
Қанша уақыт өтсе де асыл заттың өңін өзгертпейтін секілді, сенімділік пен сабырлық, табандылық, төзімділік, өзгеге қолдау білдіру дегеннің не екенін үйретіп, жақсылық пен мейірім шуағын шашып кеткен бауырымызмәңгі жадымызда.
Дегенмен қысқа уақытта аймақтың білім саласын биікке көтеруге көп күш-жігер жұмсағанын көпшілік жақсы біледі. Ендігі мақсат ғұмырын ұлағатпен өрген, кісілікпен көмкерген білікті педагогтің есімін ұрпақтар жадында жаңғырту. Әр жүрекке білімнің өшпес сәулесін құйған дара ұстаздың есімін тарихта мәңгі қалдыру – парызымыз. Сіздің жүріп өткен жолдарыңыз әрқашан елге мерей, азаматқа мәртебе, өскелең ұрпаққа өнеге.
Нұрсұлу Киімбаева,
Филолог, Қазақстан Авторлар Қоғамының мүшесі,
Алматы қаласы








