Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ісі кенеулі, есімі елеулі

Ісі кенеулі, есімі елеулі

Ұстаз деген қастерлі атаққа сай, жас жеткіншектерімізді білім нәрәмен сусындата білген, еліне, қауымына, ұжымына сыйлы мұғалімдеріміз аз емес. Солардың бірегейі – 35 жыл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, елінің, мектебінің мақтанышы, №265 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Инновация» республикалык ғылыми-педагогикалық орталығының «Оқу үздігі» төсбелгісінің иегері Ақжүніс Қанатбекова туралы айтпақпын.
Ақжүніс Айнашқызы 1968 жылы 29 ақпанда Үкілсай елді мекенінде дүниеге келген. Ақжүніс Айнашқызы Арал қаласындағы білім ордаларының қара шаңырағы атанган Т.Г. Шевченко атындағы  №13 мектепті 1985 жылы бітіріп шықты. Сол жылы аудандық білім бөлімі келешегінен үміт күткен Ақжуністі туған жері Үкілісай бастауыш мектебіне мұғалім етіп орналастырды. Математик болу арманымен Н.В.Гоголь атындағы институтына математика факультетіне түсіп, жұмыстан қол үзбей жүріп 1986-1991 жылдар аралығында бітіріп шықты.
Ақжүністің ұстаздық жолы осы мектеппен тағдырлас болып келеді десе болғандай. Қарапайым қатардағы мұғалімнен Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін ойдағыдай атқаруда.
«Неге әйелдер кез келген шаруаны басқара алады?» деген сұраққа Маргарет Тэтчер: «Кім өзі үйіндегі шаруашылықты дөңгелетіп әкете алса, ол мемлекеттің де шаруасын шашауын шығармай жүргізе алады», – деген екен. Ақжүніс  Айнашқызы да мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметімен қоса өзінің жинақтаған мол тәжірибесін қарауындағы мұғалімдеріне егумен қатар, өзінің  отбасылық шаруасын да, мемлекеттік жұмысын да шашауына шаң  жұқтырмай абырой биігінен көрінуде.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы болар, Ақжүністің елеулі еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Ол облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімінің  Құрмет грамотасы, республикалық білім жетілдіру инстутының Алғыс хаты, «Инновация» республикалык ғылыми-педагогикалық орталығының «Оқу үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Ұстазы ретінде білетінім, Ақжүністің мектеп қабырғасында білімге құштарлығы, алғырлығы, сонымен қатар қазақи қыздарға жарасатын ибалы және қарапайым мінезі оқушы қыздар арасында әрдайым сезіліп тұратын.
«Ұстазы ақ тілеулі ана сияқты» деген даналар сөзі бар. Ақжүністің жүріс-тұрысы, ибалықпен өрілген мағыналы, мәнерлі сөздері, аналық мейірімі, қазақи салт-дәстүрге беріктігі, отбасының ұйытқысы, ел тыныштығының  тілеушісі ретінде, ана сүтімен дарыған бай мінезі өзіне жарасып тұрғандай. Ақжүніспен жүрек жарасымын тапқан азамат Қамбарбек те әрқашан өзін бақытты санайды. Олар 1989 жылы шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге бірге қадам басты.
Бір данышпаннан «Бақыт деген не?» деп сұраса, ол «ұлың ұялтпаса, қызың қызартпаса, немере жетектесең, шөбере өбектесең бақыт деген сол емес пе» деп жауап беріпті. Сондай-ақ Қамбарбек пен Ақжүністің ұлдары ұялтқан да жоқ, қыздары қызартқан да жоқ, ата-аналарына немерелер сыйлаған өнегелі жандар екені белгілі. Бүгінде олар еліміздің әр аймағында түрлі сала бойынша табысты еңбек етіп жатыр. Бұл да қос бәйтеректің еңбектерінің жемісі екені анық.
А. Жолмағанбетов,
КСРО және ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері
13 қазан 2020 ж. 532 0