Топ-баннер
Топ-баннер2
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әже – тәрбиенің алтын діңгегі

Әже – тәрбиенің алтын діңгегі

Балалар үлкендердің қолына су құйып, бата алатын кезде, ақсақалдараңыз айтып, шежіремен шер тарқататын кезде, құрт қайнатып, сүр қақтаған әжелеріміз бесік жырын айтатын кезде, көрші-көршінің үйіне күнде кіріп, ауылда ағайын-бауыр бірін-бірі көрмей тұра алмайтын кезде – бәрі басқаша еді-ау...
Бұл – біздің ұлттық құндылықтарымыздың бір дәуірдегі көрінісі секілді. Алайда қазақ отбасындағы көнекөз, құдіретті әжелеріміздің қадір-қасиетіне ештеңе тең келмейтіні анық. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол әжелердің қаттылау болса да жып-жылы алақанының табы көңіліміз бен жадымызда мәңгі сақталып қалды.
Балалары үшін ананың орны бөлек болса, әже қамалы тіпті биікеді. Әр адамның өмірі – бір тарих. Бүкіл саналы ғұмырын, ақыл-парасатын, имани ізгі ниетін ешкімді алаламай, ештеңе дәметпей, елге қызмет етуге арнаған текті жандардың өмірін насихаттау – ұрпақ алдындағы азаматтық парызымыз.
Осындай насихаттауға лайықты көнекөз әжелердің алтын сынығындай қасиетін бойына сіңірген ұлағатты ұстаз, ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатының иегері, әжелер сайысының бас жүлдегері, алтын құрсақты ана – Қанымкүл Қайыпназарқызы Аманова туралы айтпақпын.
Қанымкүл Қайыпназарқызы 1953 жылы Аманөткел ауылдық кеңесіне қарасты «Хан» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Аманов Қайыпназар 1917 жылы туған. 1938 жылы  әскер қатарына алынып, Финляндия соғысына қатысқан. Ұлы Отан соғысын аяқтап, офицерлік қызметін жалғастырып, елге оралған. Ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
1946 жылы елге оралған соң Арал теңізі портында, кейін мал шаруашылығында еңбек етіп, ферма меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. 1968 жылы «Озат шопан» атанған. Ерен еңбегі ұрпақ жадында сақталып, Шижаға елді мекеніндегі бір көше оның есімімен аталады.
Анасы Айнагүл Лепесқызы 1924 жылы дүниеге келген. Отағасымен бірге еңбек етіп, 20 жыл дүкенші болған. Тоғыз перзент тәрбиелеп, «Батыр ана» атанған ардақты жан еді.
Қанымкүл апай 1971 жылы мектепті тәмамдап, 1973 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, 1976 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шықты. Еңбек жолын бала бақша тәрбиешісі болып бастап, кейін өзі оқыған мектепте ұстаздық етті.
1978 жылы Елубай Төлегенұлымен отау құрды. Жолдасы – Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық институтының түлегі, білікті инженер. Қаладағы ауа райын зерттейтін (ГМО) мекемеде техник, инженер маманы болып, біліктілігінің арқасында абыройлы еңбек еткен азамат екенін жақсы білеміз. «Дүние шіркін! О, дариға, қайран өмір! Сенің алтын сәулеңе не жетеді? Көзді ашып-жұмғанша, яки кірпік қаққанша өтіп кетер шекер дүниенің қызығына кім тояр?» демекші, Елубай бауырымыз 2009 жылы 58 жасында дүниеден өткенде беліміз қайысып, қимастықпен соңғы сапарға шығарып салғанымыз бар.
Қанымкүл апай 1980 жылдан бастап №199 мектепте, кейін №62 мектеп-лицейде бастауыш сыныптарға сабақ беріп, талай шәкірттің білім іргетасын қалады. 2011 жылы зейнеткерлікке құрметпен шықты.
Қанымкүлдің ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. ҚР Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен» қоса білім саласы басшылығы мен кәсіподақ комитеттерінен І, ІІ дәрежелі дипломдар, «Әжелер сөзі – тәрбиекөзі» сайысында бас жүлде, «Әжелер ертегілер елінде» – 1 орын, «Аналар – асыл қазыналар» атты сайыста 1 жүлделі орындарға ие болумен қатар, басқа да сала басшыларынан алған марапаттары өз алдына бір төбе десе болады.
Ол – бес перзентті дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Бүгінде ұрпақтары әр салада еңбекетіп, елге қызмет етуде.
Әже – ақылдың кені, мейірімнің көзі. Олардың батасы мен өнегесі – таусылмас тәрбие мектебі. Ұлт ұстазы Мағжан Жұмабаев айтқандай, әр тәрбиешінің жолы – ұлт тәрбиесімен сабақтас болуы тиіс.
Жақында қаладағы «Гүлдер» бөбекжай-бақшасында «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты сайыс өтіп, Қанымкүл Аманова бас жүлдені иеленді. Бұл – әже тәрбиесінің өміршеңдігін дәлелдейтін игі шара.
Әжелер өнегесі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын сарқылмас қазына. Осындай ардақты жандардың ғибратты ғұмыры кейінгі буынға үлгі бола бермек.
Қанымкүл апайға зор денсаулық, отбасының амандығын, ұрпақтарының қызығын көріп, әжелік өнегесін жалғастыра беруін тілейміз.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР халықағартуісініңозыққызметкері
10 наурыз 2026 ж. 61 0