Адалдық пен адамдық қорытпасы
Адам баласы жарық дүниеге келгесін уақыт көшіне ілесе қоғам мен адам және адам мен адам тоғысында ғұмыр кешері ақиқат. Осы көште біреулердің өмірде болғаны да, болмағаны да белгісіз, тек ағайын-туыс шеңберіндегі тіршілікте көрініс беріп, жылдар өте ұмытылып та кетіп жатады. Бұл да, бәлкім, адам баласы тіршілігінің заңдылығы болар. Ал, енді келесі бір адамдардың есімі мен еңбегі ұзақ жылдар ілгері жылжыған уақыт арнасында айшықтана көрінері де шындық. Бұл, әрине, елге істеген қызметтің, адамның сол қызметтегі және жеке өміріндегі адалдық пен адамдық қасиеттерінің тұтасуынан болса керек. Міне, сондай ел ықыласына бөленген азаматтардың бірі – осы жылы сексенінші көктемін қарсы алып отырған Сайлаубай Әбішов ағамыз десек қателесе қоймаспыз.Табиғаты тазалықты, адалдықты, ақиқатты қалайтын, өмірге ғашық азаматтың бүкіл болмысы да осындай адами қасиеттердің қорытпасынан жаратылғандай, елге қызмет етуді өмірлік ұстаным қылып, сыйластық пен достықты байрақ ете өмір көшіне ілескен ол бір сәт те өз ұстанымынан айныған емес және айнымасы да анық, әлі де ел үшін қызмет етуде. Қазіргі кезде алдыңғы буын ағалардың да, қатарластардың да арасында «Зейнетке шықтым – болды, демалыстамын, мені енді ешкім мазаламасын», – деген түсінік бары жасырын емес. Ал, Сайлаубай аға болса бұған тек қарсы болып қана қоймайды, «Бұл – өте зиянды пікір. Білгеніңді, көргеніңді кейінгілерге айтпасаң, тәжірибеңді үйретпесең несіне үлкенмін деп бәлсінесің», – дегенді жиі айтады. Осыны негізге ала отырып, аймағымыздағы қоғамдық жұмыстың әлі де алдыңғы легінде жүрген Сайлаубай Әбішұлы туралы ойтолғауды біз оның өмірге құштарлығы, сұлулыққа іңкәрлігінен бастағанды жөн санадық.
Алғашқы желі – өмірге құштарлық, сұлулыққа іңкәрлік. Сәкеңнің бүкіл болмыс-бітімі адами сұлулықты сездіріп тұратыны ақиқат. Бұл тұста біз оның тек сыртқы келбеті, өң әдемілігі туралы емес, оның жан сұлулығы, өмірдің, адам тіршілігінің мәні неде екенін ұға алғандығы туралы айтып отырмыз. Бұлай болуы, бәлкім, оның туған жер табиғатына тамсана өскенінен, туған жерге деген шынайы сезімінен де болар. Жер жаһанның жартысын отқа ораған, миллиондаған адамды жұтып, миллиондаған адамның тағдырын талқан еткен екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне жарты жылдай уақыт өте Арал ауданының Райым маңындағы «Қу қора» атты мекенде өмірге келген ол бала күнінен туған жер сұлулығына тәнті бола өсті. Жалаңашкөл, Райым көлі, Қаракөл, Ақшатау көлдерінің табиғаты бірінен бірі асып түсуге асыққандай, майда толқындар мұның жанын жайма шуақтыққа тартса, жел тұрғанда көбік ата көкке ұмтылар асау толқындар өрлікке шақыратын. "Қашанда адам баласы өзінің кіндік қаны тамған туған жер табиғатымен үндестікте болады" деген ел аузындағы тәмсілді есітіп жүрміз ғой, басқасын қайдам, ал, осы сөз тура Сайлаубай Әбішұлы ағамызға арналғандай болады да тұрады. Оның жақсылыққа құштарлығы, әдемілікке, жан әдемілігіне іңкәрлігі де осыдан бастау алатын сынды. Осы тұма бастау оны адамдарды құрметтей білуге, олардың ішкі әлемінде не болып жатқанын ұғуға талпындырып, бала күнінен қоршаған орта мен қоғам және адам табиғатын түсінуге жетеледі.
Сайлаубай Әбішұлы да өз құрдастары сияқты бала боп ойын қызығын көре қойған жоқ, өйткені, оның балалық шағы ел басындағы қиындықты кезеңмен – соғыстан кейінгі ел көшін түзеу жылдарымен тұспа-тұс келген еді. Олардың ойыны еңбекпен араласа жүрді, олардың оқуы жұмыспен қабаттаса жүзеге асты. Не дерің бар, уақыт талабы солай еді, колхоз шаруасы қайнап кеткен тұста оқушылар сабақты қойып, жұмысқа араласты, дауылды күндерде де толқынмен арпалыса көлге шығып, ау төкті, мұз ойып, шыжым тартты, пішен шауып, отын дайындады. Алайда, олар қиналса да оны сездірмеуге тырысты, себебі, үлкендерге қарады, ата-анаға қолғабыс жасады, оларды қуанту, олардың ризалығын алу бұларға үлкен мәртебе болатын. Маңдай терін жеңімен сүрте толқынмен арпалыса ескек ескен әйелдерді, соғыстан мүгедек болып оралса да жұмысқа араласқан майдангерді көргенде жан шыдап тұрар ма?! Сол кездегі жасөспірімдер сабақтың тоқтап, өздерінің жұмысқа араласып кеткендеріне бұлданған да, бәлсінген де емес, себебі, олар кемел келешекке, алда келер бақытты күндерге сенді, сол күндерді жақындатуға аз болса да өз үлесін қосқанды мұрат тұтты.
Бұл күндерді, қиындығы мен қызығы аралас, оқуы мен еңбегі сабақтас сол жылдарды «Асыл қазынам – өмір сабағы» атты өмірбаяндық эссесінде Сайлаубай аға сағына еске алады, сол кезеңге қимастықпен көз салып, балалардың сүйіктісіне айналған Тәуекел ақсақал жайлы ризалықпен қалам тербейді. Осы кітапта оның ауылдағы жетіжылдықты бітіріп, Қамыстыбас мектебінің сегізінші класына келуі туралы жазылған тұста бірге оқитын Әйтеке Жарымбетов пен оның қарындасы Куаланың қабағынан мұң аңғаруы, көп өтпей-ақ оның себебін білуі – жоғарыда біз айтып өткен Сайлаубай ағаның адам жанын ұғуға, жұртқа көмек қолын созуға жас кезінен-ақ ықыластылығын аңғартқандай. Бұл кейін ұстанымға айналып, оның өміріндегі бағдаршам іспеттес таным болып кетті. Студенттік шағында да, қызметке араласқан кездерде де, басшылық қызметтер атқарғанда да адам баласының жақсылығын көре, тани білу, құрметтеу, сыйласу, яғни, адами сұлулыққа іңкәрлік оның өмірге деген құштарлығымен тұтасып кеткен болатын. Міне, осы тұтастық бірсөзділік, ел үшін қызмет ету, арман-мақсат жолындағы еңбекпен бірігіп, адалдық пен адамдық қорытпасына айналған десек артық айтқандық бола қоймас деген ойдамыз.
Ойтолғауымыздың келесі желісі – кейіпкеріміздің ұстаздық жолы болмақ. Сайлаубай Әбішұлы мектепке алты жасында барғандықтан орта мектепті он алты жасында бітіріп, 1962 жылы он алты жасында студент атанды. Бұл сонау мектеп табалдырығын атаған сәтте білмекке құмарлықтан басталған балаң сезімнің мүшелді толтырған тұста ұстаз болмақты армандаған тілегімен тоғысып, оны Қызылорда пединститутының физика-математика факультетіне оқуға әкелген кезі еді. Мектепте оқыған кезден математика пәнін ұнататын ол институтта С.Елубаев, А.Нұғыманов, Ж.Беркімбаев, С.Жақыпов, Қ.Сексенбаев, Қ.Жанұзақов және басқа да ұстаздардың ризалығына бөленді, үздік шәкірт атанды. Әсіресе, Ә.Тәжмағанбетов ағайының жетекшілігімен ғылыми жұмыстарға араласудың ұстаз бен шәкірт арасындағы ағалық-інілік достыққа ұласуы өз алдына бөлек әңгіме. Мектепте жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы көп нәрсеге баулыса, институттағы қоғамдық жұмыс оның кейіннен жастар арасындағы жетекшілік қызметіне алғашқы баспалдақ болған еді.
Кейде адам өмірінде өзі күтпеген жақсы жаңалықтар да болып жатады, алайда, сол күтпеген деген сөздің өзі кейде шартты түрде айтылған сияқты болып көрінеді. Себебі, «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен», – деп С.Торайғыров айтқандай, барлығы адамның өз іс-әрекетіне, еңбегіне, адалдығына байланысты болса керек. Кешегі кеңес билігі тарағанша студенттердің жаз бойы еңбек семестрінде болатыны белгілі ғой, біреулер студенттік құрылыс отрядтарында, біреулер ауылшаруашылық жұмыстарында болады. Ал, Сыр бойы студенттерінің егін орағына баратыны бесенеден белгілі, ол тұста күрішті шашпай-төкпей жинау – аса маңызды мемлекеттік шаруа болатын. Сондай егін орағы аяқталған сәттегі жиында, 1964 жылы пединститут тарихында алғаш рет жеті студент «10-шы тың астығын жинау» мерекелік медалімен марапатталды. Соның бірі – Сайлаубай Әбішұлы болатын.
1966 жылы Қызылорда пединститутындағы мемлекеттік емтихан тапсыруды оның факультеті, оның оқу тобы бастап, бұл сол жылғы түлектер арасында бірінші бітіруші атанды және мұның ұқыптылығын, тындырымдылығын, маржандай әдемі жазуын ескерген болуы керек сол жылғы бітірушілер дипломын толтыру бұған жүктелген болатын. Бұл – оқу ордасының оған деген үлкен сенімі еді.
Содан бері, міне, 60 жыл бойы ол ұстаздар сапында келеді. Оның ішінде мектепте қызмет атқарған жылдары бір бөлек болса, комсомол, партия, халықтық бақылау, мәдениет салалары мен шаруашылықтар басқарған кездері, облыс, аудан, қала деңгейіндегі түрлі қоғамдық жұмыстар атқаруы – бұл да ұстаздықтың келесі бір қыры, яғни, адам тәрбиесіндегі келесі бір сала екені анық. Енді осы тұста пікірімізді оның өмірбаяндық деректерімен тиянақтай отырсақ, ол 1946 жылы 9 сәуірде өмірге келген, республикалық «Аманат» партиясына 2001 жылдан мүше. 1966 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) физика-математика факультетін бітіріп, «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығын алған. Бұдан соң қызмет талабына сай Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауылшаруашылығы институтында оқып, «Инженер-механик» мамандығын игерген. БЛКЖО (ВЛКСМ) ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебінің Фрунзе қаласы филиалында, Қазақстан Компартиясы ОК Жоғары партия мектебінде, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі жанындағы жоғары мектепте арнайы білімін жетілдіру курстарынан өткен.
1966-69 жылдары Арал қаласындағы №86 сегіз жылдық, Т.Г. Шевченко атындағы №13 орта мектеп пен Камбаш орта мектептерінде математика пәнінің мұғалімі болған ол жастар қоғамдық ұйымдары жұмысына белсене араласуының нәтижесінде 1969 жылы Арал аудандық балық шаруашылығы комсомол комитетінің хатшылығына сайланған. Осы тұста жоғарыда аталған өмірбаяндық эссе парақтарына көз салар болсақ, қызметтес болған М.Махатова, Б.Махатов, Ә.Әлмаханов, Ә.Бердалиев, А.Қылышбаев, Қ.Сұлтанбаев және басқа да ұстаздар туралы ерекше ықыласпен әңгімелей отырып, ол: «Сағынай Ешекенов, Гүлжан Дошниязова, Жәкебай Бекжанов, Якуда Халықұловтардың тұлға ретінде қалыптаса бастағаны сол кезде-ақ аңғарылатын», – деп жылы лебіз білдіреді және мұғалім мен шәкірт арасындағы сыйластық пен достыққа қатысты бірнеше мысалдар келтіреді.
1970 жылы Қызылорда облыстық комсомол комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстарының бөлім меңгерушілігіне бекітіліп, 1973 жылы Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Сайлаубай аға 1973–1993 жылдар аралығында, яғни 20 жыл бойы Шиелі ауданының экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларының, сондай-ақ ауылшаруашылығының дамуына, мемлекеттік тәртіпті нығайтуға белсене ат салысты. 1975 жылдың соңында өткізілген аудандық комсомол конференциясында партиялық жұмысқа ауысып, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде қызмет атқарған ол 1980 жылдан 1993 жылдар аралығында аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағалығына тағайындалды, кейіннен аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланды. Жоғарғы басшылықтың ұсынысына сәйкес, 1991 жылы қаңтарда аудандағы ең ірі шаруашылық Ленин атындағы колхоздың төрағасы болып, шаруашылықтың экономикалық жағынан нығаюына, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімінің көбеюіне, рентабельді шаруашылыққа айналуына, сондай-ақ ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуде белсенділік көрсетіп, барлық істе табандылық таныта білді. Ел құрметіне бөленді.
1993 жылдың қаңтар айында облыс басшылығының шешіміне сәйкес Арал ауданының «Приарал» совхозының директорлығына ауыстырылды. Ел басшысының елде экономикалық реформаларды жеделдету мақсатында жүргізілген бағдарламасын жүзеге асыра отырып, Арал өңірі азаматтарының ауызбіршілігін қалыптастыруда белсенді еңбек жасады. 1996 жылы Арал аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне бекітіліп, 1999–2003 жылдары аралығында Арал аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы болды. Аудандағы құрғап қалған көлдер жүйесін қалпына келтіруге, балық шаруашылығының қайтадан жандануына негіз қалануына, су шаруашылығының аудандағы жұмысын ретке келтіруге бар күш-жігерін, өмірлік тәжірибесін жұмсады. 2003 жылы Қызылорда қаласына жұмысқа ауысып, «Білімжәдік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне директорлыққа тағайындалды. Сонымен бірге саяси реформалардың елде жедел қарқынға ие болуы тәжірибелі қызметкерді облыстың саяси өмірі сахнасына алып келді де, ол Республикалық «Отан» саяси партиясының Қызылорда қалалық, кейіннен облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Кейіннен «КазРосМунай» ЖШС бас директорының кеңесшісі болып қызмет атқарды.
Елге қызмет етуді өзінің міндеті санаған азаматтың қоғамдық қызметтерге араласуы, яғни, жалақысыз өз қалауымен көптеген жұмыстар атқаруы түсінген жанды еріксіз таңқалдырады. Қай қоғамда болмасын, мейлі кеңес заманында, мейлі бүгінгі егемен елімізде болсын алдына ел үшін, халық үшін қызмет етуді мақсат етіп қойған ол Арал, Шиелі аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің мүшесі, Шиелі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңес атқару комитетінің мүшесі болып ұзақ жылдар сайланған, Шиелі аудандық кеңесінің 8 дүркін депутаты болып, халық сеніміне ие болады. Республикалық колхоздар кеңесінің мүшесі, облыстық колхоздар кеңесінің төрағасы болып сайланып, Қазақстан комсомолының ХІІІ съезіне, республика колхозшыларының ІІІ съезіне, республикалық «Отан» саяси партиясының съезіне бірнеше рет делегат болып қатысқан ол облыстық тәртіптік кеңестің штаттан тыс инспекторы, Арал аудандық әкімдіктің тәртіптік кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарды. Ол «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалы саяси кеңесінің бюро мүшесі болып сайланған, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы. «Нұр Отан» партиясының Қызылорда қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, қала әкімдігі жанындағы «Мерейлі отбасы» комиссиясының мүшесі болып, сондай-ақ жиырмаға жуық облыстық және қалалық комиссияларда, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Қызылорда облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Тәлімгерлер кеңесінің» мүшесі, облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қызылорда қаласының медиаторы, облыстық әділет басқармасы жанындағы нотариалдық палатаның әдеп жөніндегі комиссиясының мүшесі.
Міне, осы жұмыстарды тәлім-тәрбие ісінен бөліп қарай алмасымыз анық, біздің Сайлаубай аға әлі ұстаздар сапында – деп отырғанымыз осыдан еді. Сонымен қатар бұл қызметтер оның қайраткерлік сипатын да ашады. Қазіргі кезде жалақы алып атқарып жүрген қызметтерін міндет қылатын замандастарымыздың да бар екенін ескерсек, оның бұл жұмыстарын ерлік демеске шараң да жоқ. Әрине, ақиқаты – осы.
Біз бұл тұста Қызылорда қаласының және Арал ауданының құрметті азаматы, ел құрметтісі Сайлаубай Әбішұлының атқарған қызметтеріне, қоғамдық жұмыстарына тек шолу жасай өттік, себебі, оның барлығын толық тарата айту бірнеше томға жүк болары анық. Оның бір айғағы кітап болып басылып шыққан «Асыл қазынам – өмір сабағы» атты 696 беттен тұратын өмірбаяндық эссесі. Бұған баспаға дайын тұрған көлемі 700 беттей «Өмір сабағы – ұрпаққа аманат» атты кітаптың қолжазбасын қосыңыз. Енді осы ойдан сөзімізді әрі өрбітер болсақ, келесі бір желі – Сайлаубай ағаның қаламгерлік қыры мен мұндалайды.
Жоғарыда атап өткен түрлі жұмыстар арасында уақыт тауып, қолға қалам алу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Бұл да оның бойындағы адалдық пен адамдық тұтасуынан нәр алып, тазалыққа, әділеттілікке, тәртіптілікке, ұқыптылыққа, бірсөзділікке, еңбекқорлыққа негізделген, ел үшін, адам үшін еңбек етуді мұрат тұтқан ұстанымынан болса керек. Әлгі кітаптардың жазылуы да оның «Білгеніңді, көргеніңді кейінгілерге айтпасаң, тәжірибеңді үйретпесең несіне үлкенмін деп бәлсінесің» деген сөзін тағы да тиянақтай түседі. Ол туралы белгілі қаламгер Бегімбай аға Ұзақбаев: «Ол өзін ешуақытта дәріптемейді, өзі туралы мақала жазып, мадақтауды да жаны қаламайды, бірақ өзі өмір сүрген қоғамдағы барлық жағдайларға саналы түрде ой тастап, кез келген аудиторияда, баспасөз беттерінде ашық пікірін айтуға жалтақтық жасамай, билік басындағылардың уақытша саясат ағымына еріп кетпей, шынайы өмірдің іргетасына қатысты мәселелерде ұстанымы тұрақты азамат», – дейді осыдан бес жыл бұрын жарық көрген сұхбатында. Біз де осы пікірге қосыла отырып, Сайлаубай ағаның газеттер мен журналдарда, әлеуметтік желідегі мақалалары мен жазбалары, естеліктері мен пікірлері өзіндік қолтаңбаға ие екенін, оның туындылары негізінен адам баласының жақсы жақтарын көрсетуге, соны кейінгілерге үлгі, өнеге етуге бағытталатынын айта өткенді жөн санадық.
Ол жоғарыда аталған өмірбаяндық эссесінде Шиелі ауданында колхоз төрағасы қызметін атқарып жүрген кезіндегі бір оқиғаны айтып, шаруашылықтың алдыңғы саптан көрінгенін, алайда жанар-жағар май тапшылығынан бармақ тістеп отырған тұста ауылға жасы қырыққа да жетпеген осы елдің тумасы, Шымкент қаласындағы қорғасын зауытында қызмет атқаратын Әбдіқасым Зайынұлы Сыздықовтың келгенін, оның бұлардың еңбегіне риза болғанын, сонан соң ешқандай алдын ала шарт жасамай-ақ он күннің ішінде Павлодар мұнай зауытынан екі цистерна солярка, бір цистерна бензин, түрлі маркадағы жүз аккумулятор, бір «КамАЗ» көлігін толтыра карбид жіберткенін толқи отырып, тамсана жеткізеді, «Мен өзім шынымен бұл жігіттің адалдығына, мәрттігіне, сөзі мен ісінің арасындағы беріктігіне әлі күнге қайранмын», – деп ашығын айтады. Бәлкім, басқа адам болса осылай жазар ма еді, жазбас па еді, талай азаматтардың еңбегі елеусіз жылдар қатпарында қалып жатқан жоқ па, ал Сайлаубай аға болса «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген халық даналығын басшылыққа алады.
Оның қаламгерлік қырындағы тағы бір ерекшелік – өзі әңгімелеп отырған жайттерге қатысты барлық құжаттардың сақталуы. Сонау алғашқы комсомол қызметіне кіргендегі жиналыс, пленум, конференцияларда сөйлеген сөздерінің мәтініне дейін сақталуы – оның барлық жағдайға мән бере қарайтынын көрсетумен қатар ұқыптылықты, адами тазалықты биік қоятынын аңғартады.
Бір бойына ондаған адами қасиеттерді тоғыстыра алған Сайлаубай Әбішұлы республикамыздың экономикалық, мәдени саласын дамытуға белсене қатысқаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен (11.02.1988), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен (2016), «Астана қаласына 20 жыл» (2018), «Тың өлкесінің игерілгеніне 10 жыл» (1964) мерекелік медалімен, Қазақ КСР халықтық бақылау комитетінің Құрмет Грамотасымен (1983), ВЛКСМ Орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді қызметі үшін» (25.11.1974, 28.04.1978) арнайы белгісімен екі дүркін және де көптеген мадақтау грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен бес дүркін, Орталық Комитет Хатшысының Алғыс хатымен (2016), «Нұр Отан» ХДП Құрмет Грамотасымен екі дүркін (партияның 10 жылдығы, 15 жылдығына байланысты), партиядағы белсенді қызметі үшін арнайы төс белгісімен (2015), «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне 30 жыл (2017), «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» (2020), Ы.Жақаев атындағы, Ғани Мұратбаев атындағы және де көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Ол – Халықаралық жазушылар одағының мүшесі (2018). «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» (2018), Арал ауданының «Құрметті азаматы» (2021), Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» төс белгісінің иегері (2021) және ҚР Ауылшаруашылығы саласының «Құрметті ардагері» төс белгісінің (2022), «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ардагер» төс белгісінің (2023), «Қазақстан Республикасының Алтын жұлдызы» төс белгісінің иегері (2024).
Жақында облыс әкімі Н.Нәлібаевтың ресми жиында өнегелі істердің ұйытқысы бола білген Сайлаубай Әбішұлын мерейтоймен құттықтап, дәстүрге сай құрмет көрсетуі – елдің ардагерге, оның тәлімді істеріне деген ықыласы деп білеміз.
Бұл құрмет оның жақын-жуықтарын, туыстарын, отбасы мүшелерін де қуанышқа бөледі. Ойтүйіндік желі ретінде оның отбасы жайлы да айта өткен жөн деп білеміз. Биыл бас қосып, шаңырақ көтергендеріне 55 жыл болып отырған тұста Сайлаубай ағаның бүкіл өмірлік жолында, оның табыстары мен жеңістерінде жары Гүлсайран Жұмашеваның үлесі мол екенін айтуымыз керек. Бұл күнде құрметті зейнеткер атанған ол – медицина саласының ардагері. Гүл өсіруді ұнататын, бүкіл ауланың гүлге оранып тұрғанын қалайтын ол елге қызмет етіп жүрген, ел алдында жүрген Сәкеңнің қас-қабағына қарап, отбасының барлық тірлігін өзі ұйымдастырып, өзі үйлестіріп отырған жан. Бұл тұста да біз олардың отбасындағы татулықтан бастау алар әдемілікке, сұлулыққа іңкәрлікті, табиғатқа деген қамқорлықты байқаймыз. Олар өсірген ұл-қыз да ата-ана үлгісімен тіршілікке араласып, өз отауларын тікті, балалардың барлығының бойынан еңбекқорлық, ұқыптылық, табиғатты аялау, қыздардың ұлттық өнерді бағалауы, тігіншілікті шебер меңгеруі, әдет-ғұрыпты сақтауы – әкенің қанынан, ананың сүтінен болар деген ойдамыз. Балалардың үлкені Ғабит – Алматы қаласында жеке кәсіпкер, келіні – Айнұр Алматы қаласында жоғары санаттағы дәрігер, қызы Жанагүл Астана қаласы салық комитетінің бас маманы, Айгүл Астана қаласының медицина саласының маманы, Айжан – Түркияның Стамбул қаласындағы «Gelisim» университетінің магистранты, Түркия Республикасында қызмет жасайды, кіші ұлы Қуаныш – «Петро Қазақстан Құмкөл ресурсис» мұнай компаниясының маманы, келіні Жансая – Қызылорда қаласы білім бөлімінің маманы, немерелері: Айдын – Стамбул қаласының халықаралық қатынастар университетін бітіріп, Түркияда қызмет жасайды. Қасымжомарт – Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы арнаулы математика мектебін, Қазақстан-Британ халықаралық университетінің финанс-бизнес факультетін бітіріп, Алматы қаласында қызмет атқарады. Ақниет, Мейірім, Сәкен, Әмина – Астана, Қызылорда қалаларында мектепте оқыса, Іңкәр мектеп жасына дейінгі тәрбие орнында өсіп жетілуде.
Қай қоғамда болмасын өмір жолында елге қызмет етуді тұрақты ұстаным еткен Сайлаубай Әбішұлы өмір сүру дегенді қоғамға, айналасына, отбасына қажет болу, соларға еңбек ету, тындырған жақсы ісің болу, ел айта жүрер өнегең болу – деп біледі. Адалдық пен адамдық қорытпасы сынды тұлғаның 80 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Алдажар ӘБІЛОВ









