Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кітап жазып жүрген қыз

Кітап жазып жүрген қыз

Дана халқымыз ертеден-ақ көп оқыған, ой қуған көп білген білімпаз адамның қадірін арттырып, төрге шығарған. Әсіресе қолына қалам алып, артына аманаттап мұра қылып жазба жазған адамдарды айрықша атап «Кітап жазған адам ғой» деп баға беретін. Шынымен де, «кітап жазған адам» деген тіркестің өзі құлаққа жағымды жағымды естіледі. Бұлай берілген баға адамның білім әлеміндегі еңбегінің тым-тым жоғары деңгейін, ғылымға іңкірлігін, ілім көкжиегінің кеңдігін, арғы-бергі тарихты игергендігін, тынымсыз ізденгіштігін танытса керек.
Бүгінгі күнде де кітап жазушыларды зиялы қауым, барша халық жақсы біледі. Өйткені әрбір жазылған кітап, баспадан шыққан туынды – көркем дүние, танымдық еңбек, ғылыми жұмыстың пәсі артық. Кітап – адам баласының кейінгіге қалдыратын ең үлкен рухани дүниесі, тарихи қазынасы, асыл мұрасы.
Өзіміз де осы салада біраз жылдардан бері жүргендіктен өңіріміздегі әр саланы зерделеп-зерттеп, өткен тарихын мұхияттап жинап, ел мен халыққа қызмет істеген арда азаматтарды танытып, уақыт шаңы астында қалған ақтаңдақтарды аршып жүрген жерлестерімізді жақсы білеміз. Соның бірі – Арал аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылым қызметкері, «құқық магистрі» ғылыми дәрежесі бар қарындасымыз Гүлнар Кәримолдақызы.
Айдынды Арал өңірінің барша тарихын құнттап жинап отырған аудандық музейге бас сұққан әр адам осы Гүлнарді алдынан кездестіреді. Өйткені осындағы жүздеген жәдігерлер мен деректердің баршасын білгірлікпен таныстыратын – сол. Әрбір келуші осыннан туған жеріміз туралы, қара нардай қайраткерлер туралы, үлкен-үлкен оқиғалар туралы мәлімет, деректерге қанық болып шығады. Және де осы мұраны егжей-тегжейлі таныстырған оған айтар алғысы шексіз болып қайтады. Өзіміз де түрлі тарихи деректердің анық-қанығын нақтылау үшін әдейілеп музейге соғып, керекті мағлұматтарымызды алатынымыз бар.
Гүлнар тек қана өзі қызмет ететін музейдің қатардағы қызметкері емес, ауданымыздың барша өткен күндердегі шежірелі тарихын түгендеп жүретін өлкетанушы. Қаламыздағы тарихи білім ордасы №13 Тарас Шевченко атындағы орта мектепті бітірген. Кітапқа, оқуға құмар бойжеткен мамандық таңдағанда сол кітаптар әлемінде болғысы келіп, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогика-мәдениет институтына 1984 жылы түсіп, 1988 жылы жақсы білім алып, «кітапханатану және библиография» маманы деген диплом алып шықты. Туған жерге оралып, қаламыздағы Абай атындағы орталық кітапханаға әдіскер болып орналасты. Кейін аға библиограф қызметін атқарды. Ол өзі сүйген мамандықтың нағыз иесі болды. Оқырмандарды кітапханаға көптеп тартып, оларға керекті әдебиеттерді ұсынып отырды. Жас кітапханашының еңбегі жемісті болды. 1991 жылы облыс орталығында өткен Қызылорда облыстық кітапханашылар сайысында жүзден жүйрік шығып өзінің тәжірибесі мен теориялық білімін танытып «Үздік кітапханашы» атағын иеленді.
Кітаптар әлемінде еркін жүзген Гүлнар Кәримолдақызы үнемі білімін тереңдетуге тырысатын. Осы мақсатта қызметтен қол үзбей жүріп 2000-2002 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын құқықтану мамандығы бойынша бітіріп, «ғылым магистрі» академиялық дәрежесін алған. Кейін 2014 жылы Шымкент университетінің тарих факультетін оқып бітіріп, тарихшы мамандығын да игерген. Осылайша жан-жақты біліммен қаруланған Гүлнар 2014 жылдың қаңтар айынан бастап осы күнге дейін Арал аудандық тарих – өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып абыройлы жұмыс атқарып келеді.
Гүлнардың қай кезде де тыным тауып отырғанын көрмейсің, үнемі ізденіс үстінде, үнемі қолынан қаламы түспей жазу үстінде. Осы жылдар ішінде музей жәдігерлеріне қатысты өңіріміздің тарихи тұлғалары туралы ауданымызда болған әр кезеңдегі оқиғалар туралы ондаған мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдар бетінде жарияланды.
Ғылыми қызметкер ретінде Гүлнар музей ішіндегі жәдігерлер мен атаулы тарихи даталарға орай жылына ондаған шаралар өткізеді. Ең бастысы, ол өткізген шаралар қатысушылардың көкейінен шығып, жаңа деректермен таныстырып, рухани байыта түседі. Және де қаламыздағы, ауданымыздағы, елді мекендердегі білім ұяларында сол жердің тарихына байланысты тарихи тұлғаларға орай көшпелі көремелер ұйымдастырып, тақырыптық кештер өткізіп келеді. Оған туған жеріміздегі белгілі азаматтарды шақырып қатыстырады.
Жоғары оқу орындарынан алған терең білімімен қатар музей маманы ретінде тәжірибесі толысқан Гүлнар Кәримолдақызы соңғы жылдары көлемді дүниелерге, яғни кітап жазуға да ден қойды. Ұзақ та тынымсыз жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы «Жиенай» баспасынан «Арал кітапханалары – өңір руханиятының қайнары» атты кітабын шығарды. Бұл кітапта ауданымыздағы кітапханалар жүйесінің қалыптасуы, дамуы, өркен жаюы туралы сан алуан мәліметтер бар. Осы кітапхана саласының көшбасшылары болған азаматтар мен азаматшалардың өмірдеректері, салаға сіңірген еңбектері туралы қамтып жазған. Сондай-ақ аймағымызға, өңірімізге белгілі тұлғалардың кітапхана жұмысына байланысты жазған естеліктерін жинақтаған қызығылықты еңбек болды.
Осы күні Гүлнар Кәримолдақызы жаңа бір тақырыпты қолына алып, осыған сәйкес ізденіс жұмыстарын жүргізіп, енді міне, болашақта баспадан шығатын «Аралдың көшбасшылары» атты дүниесін толықтыру үстінде. Бұл кітап – бір ғасыр аясында туған жерімізге елеулі еңбек сіңірген, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени-рухани өсуіне жетекші болған тұлғалы азаматтар туралы дүние. Әрине, өткен тарихқа құлаш сермеу оңай емес, көптеген қиындықтар кездесетіні белгілі. Алайда Гүлнардың ізденімпаздығы, алға қойған мақсатынан қайтпайтындығы оның еңбегінің жемісті болуына апаратын даңғыл болып жүр. Ұзамай осынау мазмұнды кітап та оқырман қолына тиіп қалатынын айтып отыр.
– Өткен 2025 жыл жалпы өңірдің руханияты үшін, соның ішінде біздің Арал аудандық өлкетану музейі үшін де елеулі жыл болды. Ұзақ жылдар отырған көне ғимараттан заманауи сәнді де салтанатты, қазіргі технологиямен жабдықталған ғимаратқа көштік. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені кең де жарық залда барша жәдігерлерімізді қоюға мүмкіндік туды. Және жаңа экспонаттармен толықтыру бағытындағы жұмысымызды жандандыра түстік.
Өзіме келетін болсам, алға қойған мақсатымның бастысы туған өңірімізде, тарихи өлкемізде әлі де ашылмай, танылмай, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылмай жатқан тұлғалар, қарымды қайраткерлер, үлкен-үлкен оқиғалар туралы ізденгім, жазғым келеді. Сондай-ақ Арал музейінің жәдігерлерін көбейту жолында жұмыстарымды жалғастырудамын, – дейді Гүлнар Кәримолдақызы.
Кітап жазып жүрген қыздың әлі талай асуларды бағындырып, биіктерден көріне беретініне сенеміз.
Ерғали Абдулла
25 сәуір 2026 ж. 62 0