Дауыл күнгі теңізде
Ерболдың жүрегі бүгін қаттырақ соғып тұр. Езуінде қуанышты күлкінің ізі бар. Себебі шаруа қожалығының төрағасы оны кеше ғана салтанатты түрде мүшелікке қабылдап, қарт балықшы Бердалының жанына қосқан. Сонан бері көңіл-күйі көтеріңкі. Әйтеуір әншейінде жан-жағына немқұрайлы қарайтын бозбаланың көңілі бүгін көктем күніндей жайма шуақ. Соның әсерімен жаңа ғана шайға дейін төргі үйдің терезесінен көрініп тұрған көк теңізге көзін біраз суарып тамашалап тұрған. Көз жетпес көгілдір су... Бір шеті Ерболдың үйінің терезесі алдында болса, екінші шеті көкжиекке барып бір-ақ тіреледі.
..Теңіз төбесінде ертелі-кеш қанаттарын қиғаштай қаққан ылғи ақ бауыр шағалалар, жағалауда табандарын майда толқындар сылп-сылп жалаған балықшы қайықтары. Онан әріректе маңқиып «Маржан басаттың» құмдауыт төбелері бұлдырайды.
Ербол кесесін анасынан бұрын төңкерді. Сыртқа шығуға қамданды. Ауызғы бөлмедегі кеше кешкілік анасы дайындап қойған жұмыс киімдерін ысылдап-пысылдап киініп жатыр. Бұрындары анасы қашан сары самаурынның суын сарқығанша міз бақпаушы еді. «Терлеп отырмын» деп түсіндіретін асықтырған ұлына. Бүгін етжеңді денесіне қарамай ширақ қимылдап, таң бозынан табанынан тозып жүр.
Ербол кіндіктен жалғыз. Анасы байғұс Ерболдан басқа үлкенді-кішілі алты перзентті жарық дүниеге әкеліпті. Бірақ Ерболдан өзгесі құтаймапты. Ертерек шетінеп кеткен көрінеді. «Өмірдің басы сайраy, аяғы ойран. Ажал шіркін біреуге ерте, біреуге кеш... Қолыңда қалған жалғыз ұлды Жаратқан Ием сақтай көрсін» деуші еді әкесі Ерболдың анасын жұбатқанда. Әкесі ірі денелі, мығым кісі сияқты еді. Шиттей алты перзентін өз қолымен :ер-ана қойнына тапсырғанда қайғыдан қан жұтып, кәдімгідей шөгіп кетті. «Ат арыса тулақ, ер адам аруақ болады» деп Жанназар шалдың мәтелдің майын тамызатыны осыдан шығар-ау.
Осыдан екі жыл бұрын әкесі күзгі қара дауылда қайығы аударылып, су түбіне кеткен. Сонан бері анасы ертелі-кеш әлдебір мұңды әуенді ыңылдап, есік жаққа қарай береді. Әсіресе ұршық иіріп отырса ұзын-сонар «гөй-гөйі» ертеден кешке дейін созылады. Күндегі дағдысы осы.
Бұрнағы күні ақ пен қызылдың арасында бұл үйге балықшылар қожалығының төрағасы бас сұқты. Анасы кешкі ас қамдап жүрген. Ербол болса төргі үйдің терезесінен күн батарда қарауыта түксиген кешкі теңіздің келбетін қызықтап тұрған. Бала күндері де терезеден теңіздің суретіне өстіп көзі тоймайқарап тұрушы еді. Дүлей дауылды күндері теңіздің ақжал толқындары бұлардың жағалауға тиіп тұрған қоржын тамының терезесін мөлдір тамшыларымен үнемі жуатыны әлі есінде. Сонда бұл өзін аквариум ішіндегі су маржанындай сезінетін.
Бастық атаулы теңіз жағалауындағы жалғыз үйге көп келмейтін. Осы жолы төраға арнайы бас сұқты. Аяғына оралған анасына:
– Ойбай, апай рахмет. Кейін дәм ауыз тие жатармыз. Лай балықтың кезі. Екі-үш балықшыны әскерге әкетті. Адам жоқ. Құйрық басып отыруға уақыт жоқ. Өзіңізбен ақылдаса келдім. Марқұм Кәрім ағам осы ауылдың озат балықшысы болатын. Аты ауылдан асып, тіпті ауданда дүрілдеп тұрған еді. Амал нешік, осы талаптың жолында беймезгіл қазаға ұшырады.
Осы сөзді есіткен анасының көздері тұманданып кетті. Ербол бір қараса омырауына қарай екі тамшы егіз із салып келеді екен.
Қожалық төрағасы қолындағы шәпкесін мыжғылай отырып әңгімесін әрі қарай созды:
– Науқан кезі ғой, жұмыс қолына зәруміз. Балаң жаман болмас. Балыққа кірсін. Шәйлық пұл табады. Ата кәсіп қой,-деген.
Төрағаның сөзіне анасы тез көнді. «Жылауық» есіктің ағаш тұтқасына қол созған оған:
– Дегеніңіз болсын! Тек мұны әшкейлі қайнағаға қос,-деп кесіп айтты...
...Күзгі шық жалғыз аяқ соқпақты былшыратып тастапты. Ербол тайғанақтап әрең жүріп келеді. Теңіз үстіне шөккен қою тұман әлі тарқамапты. Жағалау мүлде көрінбейді десе де болғандай.
...Шал жалғыз екен.
– Ә-ә, келдің бе? – деді қайықтың көшкі бауын жинап жатып. Жуан арқаннан тұнық суға су тамшылары тырс-тырс құлдилайды.
Бір кезде қолындағы жырық езу қалайы күрешкемен қайық табанындағы суды сарқып төгіп жатқан шал:
– Тұманның тұтасып тұрып алуын қарашы. Бояқты тауып алсақ жарар еді, – деп қауіп айтып қояды.
Шынында да теңіз үстінде тұтасқан қою тұманның жуық маңда ашыла қоятын түрі жоқ еді. Сіресіп тұр. Егер тұман тарқап, күн шайдай ашылса, ау торында бұлқынған су маржандарын шағалалар көктен құйылып кеп шұқып тастайтыны анық. Тұманның тарқауын күтсең әлі біраз уақыт бар сияқты. Бұлар құрған ауларына жету үшін бірқыдыру жер жүруі керек. Сондықтан қарт балықшы қайықтың моторына дереу от алдырған.
...Іле-шала қара қайық ұшанға қарай бет түзеді. Дүрілдеген мотор дауысы айналаны жаңғыртып ұйқыдағы теңізді әп-сәтте оятып жіберді. Былай шыға бере үстерінен бір топ торыала үйректер ұшып өтті. Қанаттарын ауырлау қағады. Тоқ тәрізді. Бағыттарына қарағанда «Шағалалы қайырға» қонады-ау деп топшылады азына тақтайда ерігіп отырғанЕрбол. Сонан соң артта қарауытып қалып бара жатқан жағалауға көз тіккен. Төбе басындағы қырық-елу үйлі ауыл түйедей, төмендегі өзінің жалғыз үйі түймедей боп көрінді көзіне.
Ербол ауылдан ұзап кеткенін сонда ғана сезінді. Ол өмірі ауылдан ұзап шықпаған бала болатын. Осы жолы өзінің кәмелет жасқа жеткеніне, бір үйдің асыраушысы екеніне көзі жеткендей болды. Соны сезінген Ербол енді жан-жағына назар аударған.
...Айнала көкпенбек көк теңіз. Жаңа әзірде тұтасқан тұман түндігі түрілгенде балықшы біткен өздерінің ау құрған жерлеріне біртіндеп бара жатқандарын көрді. Солардың қатарында міне, шал екеуі де құрған ауларын қарауға бара жатты.
Аздан соң ау басына жеткен шал су астындағы торды күс басқан қолымен іліп ап, асықпай жағалай бастады. Ербол болса қос ескекті жайлап есіп, қайықты ау арқалығының бойымен жағалатып келеді. Анда-санда шал «Тоқта!», «Жайлап ес!» деп ескертіп қояды. Сол кезде манадан шиқылдап Ерболдың құлақ етін жеген қос ескектің мазасыз үні тына қалады. Су бетінен сәл-пәл жоғары көтерілген ескектердің қос қалақшасынан күн сәулесімен күмістей құбылған мөлдір тамшылар төмен сорғалайды.
Ау торына шырмалған су маржандарын шал болса біртіндеп әлі жазып жатыр. Асықпайды. Аптықпайды. Тордағы сазан, айнамкөздерді жазып алып қайық табанына дүрс еткізіп тастайды. Қимылы ширақ. Тіпті жан-жағына қарауға мұршасы жоқ. Ал, қайық табанындағы балықтардың жанталаса тыпырлағанын көрсең... Желбезектерін желпілдетіп аласұрып жатыр. «Босат бізді» дейтін сияқты.
Осы кезде артына бұрылған шал:
– Мына шіркіндерге не дауа. Адам түгілі балыққа да азаттық керек. Көрдің бе? – деп Ерболға көзілдірігінің аржағынан күлімсірей қарайды.
Адамның жауы да, досы да адам болса, балықтың бірінші жауы жыртқыш тұқымдастары, екінші жауы су астына тор құрып өздерін өлермендікпен есепсіз аулап жатқан екі аяқты пенделер еді. Бірақ олар осынау айдынның кешегі кемел кезеңін, қадірін білмейтін ұрпақ болатын.
Бұл – талайға несібе болған, талайларға жұт жылдары ақ таяғын ұстап қалғанда ақ сирақ аштықтан аман сақтаған ұлы теңіздің жағалаудан алыстаған тұсы еді. Сол сол-ақ адамдар ашкөздікпен қойнау-қолтықта қалған судағы балықтарды тіпті жарылғыш құралдарымен қынадай қырып салған.
...Шал тордан жазып алып жатқан балықтарды еркелетуді де ұмытпайды.
– Кел, кел,-деп күн сәулесімен күмістей құбылған қабыршағын мәпелей сипалайды.– Ә-ә, мені танымай қалдың ба, мен қарт балықшы Бердалы Бисенов деген көкелеріңмін ғой. Е-е, сен байғұстың тілің жоқ екен-ау, – деп қолындағы көздері ботаның көздеріндей мөлдіреген айнамкөз деген балыққа мүсіркей қарайды. Әлгі айнамкөздің көздері ескекте осы көрініске есі кете қарап отырған Ерболдың көздеріне түсіп: «Сен де бізге тор құрып тұқымымызды тұздай құртуға кіріскенадамзат баласы болдың ғой. Неғып отырсың, мелшиіп» дегендей болады.
Бір кезде Ерболдың есіне марқұм әкесінің осы айнамкөз балыққа байланысты айтқан аңызы түскен...
Ерте, ертеде теңіз жағалауында қарт балықшы өмір кешіпті. Қолында бәйшешектей боп өскен асқан сұлу жалғыз қызы болыпты-мыс. Ай десе аузы, күн десе көзі бар әлгі қыздың аты Айнамкөз екен. Сонан қыз жүрегін бір қырдың астындағы жетім жігіт жаулап алған көрінеді.
Сұлуға кімнің көзі түспеген, кім құмартпаған. Сол ауылдағы бай баласы да Айнамкөзге сырттай ғашық болыпты. Бірақ қыз жүрегі оны қаламапты.
Күндердің күнінде қызды көндіре алмай ашуға булыққан бай баласы әлгі жетім жігіттің қол-аяғын байлап теңізге тастап жібереді.
Мұны естіген Айнамкөз қыз қайғыдан қан жұтып, басын өлімге байлапты. Сөйтіп теңіз жағалауындағы биік жартасқа өрмелеп шығып соңғы рет «Қош бол, әке» деп теңізге секіріп ажал құшыпты.
Бір күні қыздың әкесінің ауына көзі мөлдіреген ерекше бір балық түсіпті. Қараса балықтың көзі қызының көзінен аумайды екен. Сонан әлгі балыққа қарт балықшы қызының есімін еншілепті. Сонан бері айнамкөз деген сұлу балық Кіші Арал теңізінде пайда болыпты-мыс...
– Міне, соңғы тартым ауды да қарап болып қалдық, – деген шал дауысы шыққанда Ербол әлгі балықтың көзінен көзін тайдырып жіберген еді.
...Қара қайықтың табанындағы балықтар сарт-сұрт тыпырлап ойнақшып жатыр. Олар су астында уылдырықтан жаралып балық болып жүзгелі өздерін ұстап алған екі аяқты пенделерді, төбедегі аспанды бірінші рет көріп тұр.
Су – балықтар үшін, аспан қанатты құстар үшін, ал адамзат баласы үшін жер шары құтты, қасиетті мекен саналады. Жаратқан Ием оларға осылай нәсіп берген көрінеді. Бірақ адамдар сол Жаратқан Иемнің ісіне қу тамағы үшін қарсы шығып жүрген жоқ па? Шықпаса мынаусы несі? Су түбінде емін-еркін алаңсыз жүзіп жүрген байғұстарда қандай әкесінің құны бар? Тіпті алты атасынан қалған өші бардай қынадай қырып жатқан жоқ па?
...Бір кезде ауларын жағалап бұйырған су маржандарын тордан жазып алған шалдың көзі енді аспан шетіндегі бір түйір қара бұлтты шалып:
– Анау бұлт дауылдың хабаршысы. Ауылға қайтайық,-дегенше болған жоқ әуелі теңіз безгек тиген адамдай жыбыр-жыбыр етті. Артынша жағалаудан соққан күшті жел ақ басқын дауылға ұласты. Аспанда лезде қара қошқыл бұлттар киіздей тұтасты. Тәжірибелі қарт балықшы:
– Қайықтың жақтауынан мықтап ұста. Суға ұшып кетпе, – деген сөзді айғайлап айтып, ауыз жиямын дегенше нөсер жаңбыр теңіз бетін бұршақпен ұрғандай бұлқан-талқан етті. Таудай ақжал толқындар жағалауға қарай асыққан моторлы қайықтың аптығын басқысы келгендей тап-тап береді.
...Рульмен алысқан қарт балықшы бірінен кейін бірі аждаһадай иреңдеп кеп, қайықты қақпақыл қылған толқындардың арасынан әйтеуір жол тауып келеді. Әне, отырысын қарашы, қаққан қазықтай. Мызғымайды, мығым. Шал мұндай сойқан дауылдың талайын көрген тісқаққан теңіз тарланы. Жылдың төрт мезгілінде теңізден шықпайды. Өмірі өстіп өтіп келе жатыр.
...Бір кезде мотор үні қақалып-шашалып өшіп қалды. Шалдың сонда да салы суға кеткен жоқ. Дереу мотордың қақпағын жауып тақтайда бүрісіп отырған Ерболға айғай салды:
– Ескектерді орынына сал. Дауылға қарсы жүземіз,-деді. Өйткені сұрапыл дауыл ауыл жақтан ұйытқи соғып тұған еді.
Осыны айтқан қарт балықшы Ерболды ескекке отырғызып, өзі қайық ішіне оқтын-оқтын құйылған суды жырық езу күрешкемен төгуге кірісіп кетті. Ауық-ауық:
– Келе жатқан толқынға қарсы ес. Күшіңді сарқып алма. Міне, жігіт, – деп айғайлап дем беріп қояды. Өйткені таудай толқынның гүрілі, долы дауылдың дүрліктірген үні былайғы адамға үрей туғызады. Ал Ербол болса осы теңізде туып, теңізде ержетіп келе жатқан жеткіншек. Теңіз табиғатына туғаннан бір адамдай қанық. Ес жинап, етегін жапқаннан бастап әкесіне тырбаңдап қолғабыс көрсетті. Әкесімен бірге ау торын тараштап балықшылық кәсіпке машықтанды. Енді міне, өзі де алғаш рет әке жолын жалғастырып алғаш рет талапқа шығып отыр.
...Сәлден соң қос ескекке қарт балықшы отырды. Күші мығым. Дауылға қарсы қайықты қасқая есіп келеді. Бет-жүзін жауған жаңбыр мен толқын тамшылары тоқтаусыз жуып, омырауына қарай сорғалайды. Оны сүртуге қарттың мұршасы да жоқ. Ол түгілі су-су көзәйнегі тұманданып кеткен. Оны сүрту де мүмкін емес еді тап қазір. Есіл-дерті аман-есен жағалауға жету. Сол үшін де ешқайда қарайтын емес. Тіпті қайық ішіне құйылған суды жанталаса төгіп жатқан Ерболды да байқар емес.
Қарт балықшы мұндай теңіз дауылын басынан талай рет өткізген. Әйтеуір соның бәрінен әзірше аман-сау өтіп келе жатқан жайы бар. Бір Құдай біледі. Оның жанын қаздаңдап жүрген қара жерде ме, әлде ақжал толқынын аспанға атқан асау теңізде ала ма? Бәрібір сияқты оған. Оның өмірінің көбісі теңіз төсінде өтті. Бейне ол қос мекенді адам тәрізді.
Иә, ол осы жасқа жеткенше басын бәйгеге тіккен адам еді. Осы теңіздің шарасына сыймай жатқанын да, көзден ұзап, табаны айтақырға айналғанын да өз көзімен көрген қарт балықшы еді ол.
Бұрынғы өткендер бұл теңіздің осы күнгі Бозарал тұсындағы бұғаздан есте жоқ ескі заманда түйелі керуендердің ары-бері өтіп жатқанын көріпті-мыс. Тіпті ол ол ма, сол көнекөздер теңіз суы асып-тасып қайта толғанда табанында қырық қалашық қалғанын айтып отырады екен.
Сол сөздің төркіні рас шығар. Мезгілінде күн батып, таң ататыны сияқты ескі қоғам есіктен шығып, жаңа қоғам табалдырықтан аттаған тұста суы қайтқан сол теңіздің қаңсыған табанынан Кердері кесенесі табыла кетті. Сонан археологтары бар, тарихшылары бар осы жерге құмырсқадай қаптап, әлгі көне кесене орта ғасырдарда өмір кешкенін баспасөз беттерінде, телеарналарда жақтары талғанша жамырай айтып, қолдары талғанша жаңылмай жарыса жазып жатты...
«Мейлі ғой. Тек балықшы үшін теңіз, теңіз үшін балықшы ауадай қажет екенін ан-ау ақ сарайларда отырғандар білсе екен» дескен бұл ауылдағылар. Ал, дүниежүзілік картаның бетіндегі кез-келген нүктені көзін жұмып-ақ табатын Дүкенбай секілді білгіштер былайғы елге мүлде бейтаныс. «Өлі теңізді» көрсетіп, Таяу Шығыстағы Израйль мен Иордания мемлекеттерінің арасында жатыр бұл байғұс. Қайдам, соның кебін кимесек болар еді деп ауық-ауық қауіп айтып, ауылдастарының төбелерінен қара аспады төндіретін.
Бірақ уақыт өте келе Дүкенбай сияқты желауыздардың екі елі еріні, алты қарыс ауызынан шыққан әлгіндей желсөздер бекер екендігіне жағалау жұртының көзі әбден жеткен. Е, азынаған ақ даулдың өтіндегі телміріп отырған теңізі алтықырдан асып, жеті қырға жеткен Арал жайын билік басындағылар біледі екен.
Көп ұзамай жоғарғы билік бастап, жергілікті билік қоштап ел боп еңсеріп жағалау жұртына арман болған аты шулы бұғазға мызғымас бөгет орнатты. Сол сол-ақ ұлы теңіз келмеске кетті. Жаңадан пайда болған Кіші теңізде біраз жыл тоқырап қалған балық кәсіпшілігі қайта жанданды.
...Қазір теңіз төсінде, дауыл өтінде өршелене жүзіп келе жатқан шал мен бозбала соның жемісін теріп келеді, соның рахатын көріп келеді.
...Біраздан соң толқындардың арасынан қарайып қара жер көрінді. Қарт балықшы көзіне тіпті төбе үстіндегі ауыл шалынғандай болды. Бірде толқын жұтып қояды әлгі көргендерін. Енді бірде қалт-құлт етіп таудай толқындардың ақжалданған өркештерінде қырық үйлі балықшы ауыл бейнесі бұлдырап ойнақ салады. Соны көрген Ербол да елеңдеп, ескекке отырған шал да сол жаққа есі кете қарайды.
Сол сәтте шапшыған, аласұрған ақжал толқындардың шашыраған мөлдір тамшылары бет-жүздерін жуып келе жатқан қос балықшының кеуделерінде үкілі үміт пайда бола кетті. Бірі жас, бірі қарт екеуі сол үмітке жармаса кетті.
Адам шіркін үмітке үйір. Үмітпенен өмір сүреді. «Үмітсіз шайтан» деген сөз бар біздің қазақта. Әйтеуір көзге көрінбейтін, бұл жалғанда бар-жоғы сезілмейтін сол үміт алапат дауылдан мына екі пендені қара жерге қарай жетелеп келеді. Енді тіпті таудай толқындардың арасынан батып-шығып ауыл қарасы көзге шалынғанда үміт оты үсті-үстіне лаулай түсті. Сол үміт қой мына қарт балықшының қайратына қайрат, жігеріне жігер қосып ескек есуін еселендіре түскен. Сол үміт шығар қайық табанындағы суды тіршілікке деген тәтті үмітпен Ерболға төккізіп келе жатқан.
Оны айтасың-ау, тіпті қайық табанында тіршілік үшін жанталаса тулап жатқан балықтар да сол үміттен дәмелі сияқты.
– Ә-ә-әй!
...Шалдың дауысы Ерболдың құлағына бөлініп-бөлініп әзер жетті. Дауылдың екпіні ғой. Әйтпесе Ербол саққұлақ. Жүз қадамдай жердегі дыбысты «локаторы»демде қағып алатын.
Шал қайта айғай салды:
– Ескектің бір жағына отыр!
Бұл жолы дауысы кәдімгідей ап-анық естілді. Ербол қарт балықшының жанына жетіп барып өзіне тиген ескекті жылдамдата есе жөнелді. Қайық жаңағыдай емес, екі адам ескен соң құстай ұша жөнелді.
Бұл кезде дауылдың екпіні басылайын деген еді. Теңіз үсті әлгіндегі сүргіннен арылып, құр әншейін өксіп жатыр. Жағалау жақындап қалды. Ақ бауыр шағалалар бұлардың үстінде үйіріліп ұшып жүр. Бір-бірінен қалыспай суға лақтырған тастай лып етіп сүңгіп, іле-шала бармақ басындай кішкентай балықты тұмсығымен іліп алып көкке көтерілді. Әлгі байғұс балықтың қабыршағы жазғы күннің сәулесімен саф алтындай жалт-жұлт етеді.
...Қайықтың құс тұмсығы қара жерге дік етіп тірелгенде барып қарт балықшы «уф» деп демін бір-ақ алды. Сонан соң балығын арқалап артында келе жатқан Ерболға:
– Жолың болсын, балам! Жаңағы дауылда да саспадың, нағыз теңіз ұлысың. Азанда қайта шығамыз. Ұмытпа, – деп көзәйнегінің аржағынан күлімсірей қарады.
Ербол артына бұрылып қарап еді.Әлгінде ғана әзірейілдей аттан салған ақ дауыл сап басылған. Теңіз жайма-шуақтанып жылы жүзді жаңағы қарт балықшыдай жымиып жатыр екен...
Толыбай АБЫЛАЕВ










