Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықшы қайығы - Аралдың төл өнімі

Балықшы қайығы - Аралдың төл өнімі

Бұл - Арал Ауданының төл өнімі. Белгілі шебер һәм кәсіпкер Жансерік Нысанбаевтың цехынан шығып жатқан балықшы қайықтары. Пластиктен құйылған бұл қайығың суда қауіпсіз. Төңкерілсе де теңіз түбіне батып кетпейді.
2009 жылдан бері жиһаз құрастырып жүрген Жансерік қайық істеуді 2016 жылы бастап еді. Қазір Арал Қаласында орналасқан цехтан үш түрлі қайық шығады. Олар - «Прогресс-4», «Тримаран-410» және «Касатка-520». Барлығы да шыныталшықты шайырдан, яғни пластик өнімнен құйылады. Керекті шикізат Еуропадан келеді. Төзімділігі темір мен алюминийден екі есе артық әрі тот баспайды, шірімейді. Сондай-ақ Жәкең тапсырыспен 4-5 метрлік құс қайықты да істей береді.
Қазір Арал қайықтары Каспий теңізі, Балқаш пен Алакөлде жүзіп жүр. Ал жергілікті балықшылар екі-үш жылдан бері қызығушылық танытып келеді. Тапсырысты да жиілеткен. Себебі сапасы мықты, бағасы қолжетімді. Ең қызығы, цехтегі жігіттер әр қайыққа иесінің атын әсемдеп жазып, қалауынша бояп береді. Айтпақшы, былтыр наурыз айында Шымкентте әр өңірдің өнімі қойылған көрме өткен еді. Қызылорда облысынан барған жергілікті өнімдер ішінде Аралдан шығатын қайыққа қызыққандар көп болған деседі. Шынымен де, өзен мен теңізге керек өнім өзімізден болса, неге қуанбасқа?!
Ержан ҚОЖАС
09 қыркүйек 2024 ж. 150 0