Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Менің Фаризам...": Жүрекке жеткен жыр, экрандағы шынайы тағдыр

"Менің Фаризам...": Жүрекке жеткен жыр, экрандағы шынайы тағдыр

Қазақ поэзиясының падишасы атанған Фариза Оңғарсынова – ұлт руханиятының биік шыңы. Оның өр мінезі, отты жырлары мен қайсар болмысы талай ұрпаққа үлгі. Осындай біртуар тұлғаның өмір жолын арқау еткен «31 арна» эфирінен «Менің Фаризам» телехикаясы – көрермен көңілінен ерекше орын алған тағылымды туынды болды.
Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 25 желтоқсанында Гурьев облысының Манаш ауылында дүниеге келді. Қарапайым отбасында өссе де, оның жүрегінде сөз өнеріне деген ерекше құштарлық ерте оянды. Анасының сауаты болмаса да, жас Фариза кешкілік шам жарығымен кітап оқып, өлең жаттап, рухани әлемін байыта түсті. Дала желі мен құм арасындағы табиғи кеңістікте оның нәзік сезімі мен қайсар мінезі қатар қалыптасып, болашақ ақынның ішкі әлемін шыңдай түсті. Дала желі мен құм арасы демекші... Телехикаяда Фариза Оңғарсыновамен сұхбаттасқан студент қыз ақынның туған жеріне бірге саяхатқа барады. Сонда ол жақтың табиғатын көріп ақынға: «Алтай жақтың, Алатаудың табиғатына қашан да ән салып тұрғандай. Шырайлы, әсем. Ал мұнда құм. Құм арасында жүріп ақын болу қиын сияқты...» деп өз сауалын жеткізеді. Қыздың не айтқысы келгенін бірден түсінген Фариза Оңғарсынова: «Не айтайын деп тұрғаныңды түсінем. Бірақ мына құм менің кішкентай кезімде үлкен жаюлы тұрған кітап секілді елестейтін. Сол құмның кітабын оқып өскен алыптардың біреуімен бүгін кездесесің» деп жауап береді.
Ақынның әдебиеттегі алғашқы ірі қадамы 1967 жылы жарық көрген «Соловей» жыр жинағы болды. Бұл еңбек қазақ поэзиясына жаңа леп әкеліп, әсіресе әйел поэзиясының жаңа белесін ашты. Сыншылар Фариза жырларын шынайы серпіліс ретінде бағалап, оның өткір үні мен батыл ойлары ұлттық әдебиеттің бағытын өзгертті деп таныды.
Осы бір тағдырлы ғұмырды көркем тілмен сөйлеткен «Менің Фаризам» телехикаясы – көрерменді терең ойға жетелейтін ерекше туынды. Он бөлімнен тұратын сериал өткен дәуірге жасалған рухани сапар іспетті. Мұнда көрермен ақынның балалық шағындағы алғашқы өлеңдерінен бастап, жастықтың албырт сезімдерін, махаббатқа толы сәттерін және өмірдің талай сынынан сүрінбей өткен қайсарлығын көреді. Сонымен бірге телехикаяда қыз бала өзін қалай ұстау керектігі мен оның мінезі қандай болуы керектігі де Фариза Оңғарсынова тарапынан көрерменге үлгі етіп айтылады. Яғни, бұл телехикаяның тәрбиелік мәні де зор.
Телехикаяның әрбір көрінісі көрерменді бейжай қалдырмайды. Экрандағы оқиғалар арқылы біз Фариза Оңғарсынованы бұрынғыдан да жақын тани түсеміз. Оның батылдығы, әділдікке деген адалдығы, өмірге деген қайсар көзқарасы бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды қасиеттер. Сериал ақынның тек шығармашылық жолын емес, оның адамдық болмысын, әйелдік нәзіктігін де терең ашып көрсетеді. «Менің Фаризам» телехикаясы поэзия мен өмірдің үйлесім тапқан тұсы. Ақынның жүрекжарды жырлары көріністермен астасып, туындының әсерін еселей түседі. Әрбір эпизод бір тағдыр, бір шындық, бір өмір. Сол арқылы көрермен тек тамашалап ғана қоймай, ойға шомады, толғанады. Осы тұста айта кетерлігі, телехикаяда ақынның мінезді болуы қажет екені жөнінде де біршама керемет дүниелер айтылады.
Сонымен бірге телехикаяның көркемдік қуатын арттыратын тағы бір ерекшелік онда қазақ руханиятының ірі тұлғаларының бейнеленуі. Фариза Оңғарсынованың өмір жолында із қалдырған Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды қайраткерлердің образдары арқылы сол кезеңнің тынысы айқын сезіледі. Бұл туынды – өткенге тағзым, бүгінге сабақ, келешекке аманат. Фаризадай тұлғаның өмірін дәріптеу ұлт руханиятын ұлықтау болып саналады. Ал осындай сапалы дүниелер көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырып ғана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға қызмет етеді.
Телехикаяда басты кейіпкердің образын актриса Жанат Чайкина шебер сомдаса, жас Фариза рөлін Ажарлым Мағзұм, ал балалық шағын Мақпал Құлбек пен Иһдинәс Нұрлан әсерлі жеткізеді. Ал Азамат Сатыбалды сомдаған Мұқағали бейнесі көрермен жүрегіне жол табады. Жобаның режиссері – Ернат Байұзақ, бас продюсері – Ерке Байжігіт.
«Менің Фаризам» – тек бір ақынның өмірбаяны емес, бұл – тұтас бір дәуірдің көркем шежіресі. Поэзия мен өмірдің астасқан тұсын көрсеткен туынды көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Әрбір кадрда шынайылық бар, әрбір сөзде терең мағына барын байқаймыз.
Сөз соңында айтарымыз, «Менің Фаризам» – жүрекке жеткен, жанды тербеткен, ой салған ерекше телехикая. Ол Фариза есімін жаңа қырынан танытып, көрермен санасында мәңгілікке сақталатын бейне етіп қалыптастырды.
А.НҰРЛАНОВА
14 мамыр 2026 ж. 105 0