Мұратына жеткен Мұрат
Мұрат ағаны жаңа ғасырдың сал-серісіндей көремін. Өткен жылы құрбым Ханзада Әбілғазиевамен бірге аудан әкімінің есептік жиынына қатыстық. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың есебінен аудан тарихының алтын қоры іспетті «Толқын» газетінің 95 жылдығын, Мұрат Сыдықовтың 85 жасын, Жұмабай Жақыптың 80 жылдық мерейтойларын ресми дәрежеде атап өтуді ауданның бас жоспарына енгізгенін білдік. Сол сәтте аудан басшысына риза болғаным есімде.Өйткені Мұрат салдың шығармашылық кеші екі мәрте Алматыда, бір мәрте облыс орталығында республикалық деңгейде өткен еді. Бұл өте дұрыс шешім болды деп қуандым. Алайда Мұрат сері бұл күнге жете алмады…
Поэзия падишасы – Фариза
Мөкеңнің ақындығын таныған – Фариза Оңғарсынова. Ол 1987 жылы қыркүйектің 17-сі күні ауданға арнайы іссапармен келді. Қазақтың қалам ұстаған қайсар қызы Фариза ақын маған: «Мені Мөкеңнің шаңырағына алып баршы» деді.
Ол кезде Мұрат аға мен Базар апа «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің алдындағы екі қабатты көппәтерлі үйде тұратын. Фариза ақын Мөкеңнің талантына бас иіп, хал-жағдайын көзбен көру үшін арнайы барды. Талант табиғатына тамсанған қос сұңғыла суреткердің достығына еріксіз бас идім.
Фариза апамдай зиялы тұлғаның Мұрат ағамен етене араласуы менің де олармен жақын болуыма себеп болды. Фариза Оңғарсынова — отты жырымен халықтың ыстық ықыласына бөленген дара да дана ақын. Фариза апам мен Мөкеңнің тонның ішкі бауындай шүйіркелескен әңгімелерін тыңдап, көп нәрсеге қанықтым. Олардан өміріме азық боларлық тәлім-тәрбие алғанымды әрдайым мақтан етемін.
Республикалық «Пионер» газеті (кейін «Ұлан» газеті болып өзгерген) басылымының бас редакторы Фариза Оңғарсынованың аудандық Мәдениет үйінде аудан жастарымен кездесуін жүргізгеніме ақын апам риза болды. Сол сапарында:
– «Құндыз, айналайын, өзіңдей жеткіншектер болса, біз қуанамыз. Аман жүр, биікте жүр!» – деп ақ батасын берген еді.
Жанында жас шәкірттері Бекзат пен Мейірхан Ақдәулетов болды. Қазір белгілі қаламгер Мейірхан аға сол сапар туралы төмендегідей лебіз білдірген еді:
«Аралдың айдынын көре алмасам да, өзіңдей аққуларын көрдім… Ел ырысының ортаймай тұрғаны – осындай азаматтардың арқасы».
Фариза апамыздың жанында бір апта жүру бақыты бұйырды. Мінезі салмақты әрі сұсты, лирик ақынның жанында бар жағдайын жасап жүру үшін батыл да төзімді болуға тырыстым. Ақынның бірбеткейлігі, тектілігі, арқалы мінезі тәнті етті. Сонымен бірге қаламгер апамыз бізді бір көргеннен бауырына тартып, бауырмалдығымен, адамгершілік асыл қасиетімен баурап алды. Аралдықтардың жыр падишасын қалай алақанына салып аялағанының куәсі болдым.
Рухани досым
Мөкең ақпарат айдынында Арал халқының асқақ арман-тілегін, мұң-мүддесін жазды. Оның еңбегі аудан тарихының алтын қорына алтын әріппен жазылып қалды. «Толқын» – ұрпақтар сабақтастығын жалғаған басылым.
Мұрат аға редакцияға жиі келіп, жағдайымызды сұрап, шығармашылық шабыт тілеп кететін. Алдымдағы жұмыс күнделігіме ой-пікірін түртіп алып жүретінмін.
– «Толыбайды көрсем толып кетем, Құндызды көрсем құлпырып кетем», – деп әзіл-шыны аралас айтатын. «Достықтың он түрі бар, біз – рухани доспыз», – деген пікірі әрдайым жігерлендіретін. «Өнер өрісін тапса – бақ, таппаса – сор», – дейтін.
Шығармаларымды алып қалса, «халыққа берген рухани мұрам» дейтін. Мөкеңнің асыл арманын жүзеге асырып, сан қырлы шығармаларынан құралған «Жырлайды Арал перзенті» атты кітабын баспадан шығаруға сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сүбелі қолдау көрсетті.
Келешек ұрпаққа мол мұра қалдырған Мұрат ағамыз өлген жоқ – ол халқымен бірге жасай бермек.
Табыс кілті – табанды еңбек
Мөкең адал еңбектің қадірін терең түсінді. Ән-жырымен, күйімен, қаламымен еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, бар саналы ғұмырын соған арнады. Халық музыкасын, әсіресе күй тарихын зерттеп, алпыс жыл бойы нотаға түсірумен айналысты.
Тектілік тұқым қуалайды. Сыдықовтар әулеті – Аралдың мақтанышы. Мұрат аға мәдениет пен өнер саласында аянбай тер төгіп, ұлтына қалтқысыз қызмет етті. Оның тұлғалық қалыптасу жолында жұбайы Базар апаның үлесі зор болды. Екеуін өнердің қос алыбы деуге әбден болады.
Композитордың көпқырлы шығармашылығы оны даңққа бөледі. Сыдықовтар әулеті – қасиет қонған шаңырақ. Рухани мұрасы ел жадында мәңгі сақталады. Тәлім алған шәкірттері ұлтына қызмет ете бермек.
Күйші
Күйдің өзге өнерден айырмашылығы — оның шығу тарихында. Күй атасы Құрманғазы бабасына ұқсап, өз басындағы жағдайды емес, қалың қазақтың тағдырын, әсіресе киелі Аралдағы көк теңіздің халін домбыра үнімен жеткізді. Жоғары деңгейде бағаланған «Батыр баба – Жанқожа», «Махамбеттің толғауы», «Тойға шашу» атты симфониялық күй-поэмалары – орны бөлек, биік туындылар. Сондай-ақ «Мұраттың төкпесі» атты күйі – ерекше текті күйлердің бірі.
Базар апа – бекзат мінезді ана, еңбек пен өнерді ұштастырған жар. Ол Мұрат серіге серік болып, ел мүддесіне жасаған құнды еңбегі арқылы оны жұртқа танытты. Сөйтіп, олар ел-жұртына қалтқысыз қызмет ете жүріп, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ана – ұлы есім. Адамды өмірге жетелейтін, Мұрат ағаны алға ұмтылдырып отырған адал жарының махаббат сезімі еді. Сол ғашықтық сезім 65 жыл бойы өшпеді.
Өнердің бақыт құсы қонған бұл отбасының әр арманының, әр шығармасының өз тарихы бар. Олар бір-бірін қолдап, еңбекті бірге еңсерді. Бұл шаңырақ – берекенің символы. Отбасының тірегі болған Мұрат аға өзінің ұлылығын ісімен дәлелдеп кетті.
Жыршы
Жыршылық – құт, қасиет, кие. Ол – жыраулық өнердің жаршысы. Мұрат аға: «Жастарды құрсақта жатқан кезден бастап тәрбиелеу керек» деп айтатын. Осы киелі өнерге баулыған шәкірттері де бар. Олардың қатарында Елмұра Манасқызы, Айна Қонысбайқызы, Айбек Тәңірбергенов сынды дарынды жыршылар бар.
Ол жастарды ерте жастан тәрбиелеудің маңызын үнемі айтып отыратын. Шыншылдық өнер – қазақ халқының сан ғасыр бойы қалыптасқан рухани идеологиясы, халық пен ханның арасындағы алтын көпір деп түсіндіретін.
Ақындық сыншылдығы бар, үлкен азаматтық тұлға еді. Оның жырлары өміршең. Арал тарихы, Арал теңізі туралы өлеңдері жастарды ерекше әсерге бөлейтін. Жер туралы сыршыл жырлары оқырманын бейжай қалдырмайтын. Ол өз еңбегімен жұмысшы мамандығын дәріптеп, ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Кабинетіме келіп: «Ерінбей еңбек етсең, қашан да болса мақсатыңа жетесің», – деп жігерлендіріп отыратын. Шынында да, еңбектен қашпаған жан ғана бақ пен мұратқа жетеді дейтін. Қарапайым еңбек адамы Мұрат аға істеген ісіне ерекше ықыласпен қарады. Еткен ерен еңбегінің жемісін де молынан көрді.
Жұмысшы мамандығын қастерлеп, сол тақырыпта өлең жазды. Оның өлеңдері «Толқын» газетінің бірінші бетінде тұрақты түрде жарияланып отырды. Барға қанағат қылып, адал еңбек етті. «Бойында қасиеті бар адамдар таланттың аяғын көреді, бірақ көпке көріне бермейді», – дейтін.
Мөкең – нағыз ақын. Ол халықтың жүрегі, тілі және тілегі болды, бұқара халықтың шын жанашыры еді. Ақын болып туған жан. Ақын Мұқағали айтқандай, «Ақыннан жол сұрама, жыраудан сұра». Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне орай Мұрат ағадан өлең жазып беруін жиі сұрайтынмын. Оның жырларының қуаты сондай – тақырыпқа сай, өңдеусіз-ақ бірінші бетке жариялана беретін.
Тәуелсіздік күні, Астана күні және өзге де мерекелерге арналған өлеңдерін бір түнде жазып, сиясы кеппей жатып басылым бетіне шығаратынбыз. Мұрат Сыдықов туралы белгілі өнер қайраткерлері Ғазиза Жұбанова, Роза Бағланова, Асқар Тоқпанов, Фариза Оңғарсынова, Шара Жиенқұлова, Мыңжасар Маңғытаев, Кеңес Дүйсекеев жылы лебіздерін білдірген.
Қазақстанның Еңбек Ері Ерғали Рахмадиев: «Әр істің саны емес, сапасы қымбат», – деген. Аралдық Сыдықовтар отбасылық ансамблінің құрамы шағын болса да, бір шығармада он шақты музыкалық аспапты шебер меңгеріп, жоғары деңгейде орындайтын.
Ауданда өткен «Наурыз – 91» мерекесінен бастап күні кешеге дейін ұлттық мейрамдардың қазылар алқасының төрағасы болды. «Наурыз – береке, Наурыз – мереке», «Наурыз жыры ауылдары» байқауларын бағалау барысында төрағаның орынбасары ретінде бір байқағаным – Мұрат аға әр ауылдың еңбегіне әділ баға беріп, жоғары деңгейде саралайтын. Осы әділдігі мен талантына әрдайым бас идім.
Құндыз Дәуітова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі










