Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыр жалауын желбіреткен

Жыр жалауын желбіреткен

Қызылорда қаласында өткен дәстүрлі балалар шығармашылығына арналған «Бозторғай – ХХVIII» облыстық конкурсы жас өнерпаздардың талантына тағы бір мәрте кең өріс ашты. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған талапты өрендер өнердің әр саласы бойынша бақ сынап, ұлттық мұраның қадір-қасиетін айшықтай түсті.
Солардың қатарында Арал аудандық мәдениет орталығының терме-жыр үйірмелерінің мүшелері де ерекше өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Даланың дархан үні мен бабалардың аманатын бойына сіңірген жас жыршылар сахна төрінде ұлттық өнердің мәребесін асқақтатты.
Байқау қорытындысында «Жаңаберген жырау» үйірмесінің мүшесі Нұрдәулет Тасболатов пен «Нұртуған шайыр» үйірмесінің мүшесі Аллаберген Серік ІІ орын иеленіп, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал «Жақсан жырау» үйірмесінің мүшесі Әлижан Шектібай мен «Әбілхан Маханов» атындағы үйірменің мүшесі Нұрперзент Октябрьұлы ІІІ орыннан көрінді. Сонымен қатар, осы үйірменің тағы бір мүшесі Нұрбай Нұрмаханов та ІІ орынға лайық деп танылды.
Жас дарындардың бұл жетістігі–тек олардың талпынысының ғана емес, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұстаздарының да жемісті еңбегі. Өнерлі өрендерге бағыт-бағдар беріп, жыраулық дәстүрдің мәйегін жас буынның бойына сіңіріп жүрген жетекшілер Айбек Тәңірбергенов, Гүлжамал Бейсова және Айнұр Сүйеуованың еңбегі зор.
Қасиетті Сыр бойының жыраулық өнері ғасырлар бойы ұлт руханиятының алтын арқауы болып келеді. Бүгінгі жас буын сол асыл мұраны жалғап, домбыраның қоңыр үнімен елдің рухын көтеріп келеді. «Бозторғай» байқауында топ жарған аралдық жас жыршылар –соның айқын дәлелі. Ұлттық өнердің шамын сөндірмей, жыр мен терменің тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген жас таланттарға шығармашылық табыс, биік белестер тілейміз!
Н. БАҚЫРАН
16 мамыр 2026 ж. 29 0