Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арал тағдыры мен Байқоңыр ХАҚЫНДА

Арал тағдыры мен Байқоңыр ХАҚЫНДА

(жазушы Қ.Жиенбайдың жаңа романын оқығанда)
Арындаған арғымақтың шабысын шаң қаптыратын дүлдүл, дүлейлі ХХІ ғасырдың екінші ширегінің беташар (2026) жылындағы терең тамырлы, жайқалған жапырақты қазақ әдебиетіндегі елеулі жаңалық – «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауында жүздеген қаламгер қатарында атағынан ат үркетіні бар сегіз бірдей қаламгердің жүзден жүйрік атанып (бәйгеге қатысушы авторлар саны 220-дан асқан), рухани қазынамызға сүбелі олжа салуы еді. Сөз өнері додасында маңдайы жарқырап, құйысқаны көтеріліп шаршы топтан озғанның бірегейі – есімі оқырман елге кеңінен танымал көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай. Оның шашасына шаң жұқтырмаған, ұзақ жылғы тынымсыз ізденіс пен тамшылата тер төгудің арқасында шыр етіп дүниеге келген «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» туындысы. Кітап (А.«Қазығұрт», 2026) аңдатпасындағы: «...Әлдері келгенше әлемдік өркениетке ұмтылған бекет (Аралқұм) тұрғындарының тірліктеріне ішің жылиды. Қаламгердің бұл романында сан-түрлі тағдыр иелерінің психологиялық ахуалы мен ала-құйын сезім арпалыстары шынайы тебіреніспен, жатық суреттеледі», – деген сипаттама көп жайттан хабардар етеді.
Баспахананың қара бояуы әлі кеуіп үлгермеген шығарма оқиғасының өтетін орны айтып тұрғандай Сұлутам (Қазалы) депосына қарасты, Аралқұм темір жол бекеті. Аталған бекеттің негізі сонау патша заманында, яғни 1905 жылы Орынбор-Ташкент шойын жолы  екі жақтан жүргізілгенде қаланған. Ескінің көзіндей су тартатын күмбезді биік мұнара, ескі вокзал ғимараты мен барак үйлер әлі де сақталған. Сол қапталы Қарақұм жоталарымен, оң қапталы Аралдан жылға алатын Қамбаш пен Шөмішкөлмен шектеседі. Шығыс беткейдегі Қамыстыбас, Андабай, Бекбауыл, ал батысында Сапақ, Сексеуіл бекетімен (екі арада разъездер) жалғасып кете барады. Іргесіндегі таспалдай тартылған қазіргі Батыс Европа мен Батыс Қытай автотрассасы кейінде салынады. Жиырмасыншы ғасырда қазақ қоғамының ауыл тектес перзенті қатарына қосылған Арал мен Қазалы темір  жол бекеттері бойында туып, ұлттық руханиятымызға үлес қосқандар қатарында: Аралқұмдық суретші Қ. Зәкіров, Шөміштік ақын Ш.Сариев, Бекбауылдық және Байқожалық жазушылар: М.Қаназов пен Б.Алдамжаров ж.б. бар. Олар біздің мақтанышымыз.
Негізгі тұрғындары ұлттық пролетариаттың өкілдері – теміржолшылар. Ал жазушының қаламына арқау болғандар кейінгі жарты ғасырда ғұмыр кешкен, кейінгі ұрпағы бүгінгі күнге жеткендер. Қадым заманнан стратегиялық маңызға ие бекет ХХ ғасырдағы Герман-Орыс соғысы мен 1955 жылдан басталған жер кіндігі – Төретам (Байқоңыр) ғарыш айлағы салынып, аспанға үздіксіз спутниктер мен космос корабльдері ұшырылған сәтте (қазір де маңызын жойған жоқ) республика мен Одақ үкіметінің, әсіресе Қорғаныс министрлігінің айрықша назарында болған. Неге десеңіз, шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай тасымалданатын жүк тиелген жүк және жолаушылар поезы күндіз-түні кідіріссіз жүйіткуі тиіс. Әрісі Мәскеу, берісі Орынбордан космос корабльдерінің жабдықтары іргедегі Төретам бекетіне жеткізілгенше қолына автомат ұстаған әскерилер тарапынан қырағылық ерекше күшейтіледі. Сол мезетте жергілікті билік (Арал мен Қазалы ауданы) пен теміржол мекемелері басшыларының жаны қалмай аяғынан тік тұратын. (Шет жағасын көзіміз көрді). Осындай қысқаша баяндау тәсілімен тарих қойнауынан сыр шерткен жазушы: «Дәл қазір Аралқұм баяғы Аралқұм емес, әлемдік өркениеттің дүбірлі көшіне бүтіндей ілесіп кетпесе де, Түрксіб бойына қоныстанған өздеріңдей бекеттермен салыстырғанда көш ілгері», – деп байырғы елді мекеннің тыныс-тіршілігін қазіргі заманға жақындатады.
Айна қатесіз шындық, Кеңестік дәуірде атағы жер жарған, айбатынан ат үріккен Байқоңыр космодром кешені жабық тақырып саналды. Ақын Жұбан ағамыз Республика басшысы Д.Қонаевтың қолдауымен жасампаздық тұрғыдағы «Байқоңыр баспалдақтары» поэмасын (1977) жазды. Қазақ журналистері (газет, радио, ТВ) мен жазушылары Тәуелсіздікке қол жеткеннен соң барып аталған тақырыпқа там-тұмдап бара бастады. Солардың қатарында есейіп, қолына қалам алғалы айдынды Аралдың жай-күйі мен жерлестерінің тыныс-тіршілігіне жалықпастан қалам тербеген Қуаныш та бар еді. Проблемалық мәселелер көтерген танымдық мақала мен очерктерін кеңейтіп, Байқоңыр тақырыбына арналған оқырман жылы қабылдаған «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде жұмақ бар», «У мен уылдырық» кітаптарын да жазды. Осы көкейкесті мәселені біз сөз етіп отырған роман желісі арқылы суреткерлік әдіс-тәсілмен жымын білдірмей көтереді. Азғантай ауыл Аралқұмды тіреп тұрған (автор сипаттамасы) бес шал: Мергенбай, Сексенбай, Мөңкебай, Ишанқұл, Дүйсенбайдың қисынды жерде үкімет атына аузымен айтылатын өкпе-наздың түп төркіні әлеуметтік әділетсіздік пен тұрмыстық теңсіздікке барып тіреледі.
Соның ең маңыздысының бірі ауыз су. Осы ділгір мәселені туған жеріне жаны ашитын Мұратбек атты кейіпкерінің ызаға булыққан лепесімен: «Айналайындар-ау, дарияның басындағылар су ішеді, аяғындағылар у ішеді. Дарияның лай суын тықпалағандарыңды қашан қоясыңдар, а?! Төретамдағы әскери қалашықтың қоқыр-соқыры түгелімен дарияға төгіледі. Ауыз судың ластығынан, әне, Аралқұмның тұлғалы азаматы Ишанқұл қария айықпас ауруға ұшырады. Бәрімізді сөйтіп ана дүниеге асығыс аттандырғыларың келе ме? Бізге артезиан құдығын қазып берсеңдер, біз алғыстан басқа, не айтамыз?!», – деп күйінеді (59-бет). Расында да тоқсаныншы жылдардың басында экологиялық апат аймағына жатқызылған (тартылған Аралдың табанынан ұшқан шаң-тозаң мен аспанға ұшқан космос корабльдерінің қажетіне жаратылған жер асты суларының тартылуы салдарынан) Сыр өлкесінің Қазалы мен Арал (ішінара Төретам) өңірі тұрғындары арасында гипатит (сары), онкологиялық пен асқазан, бүйрек, бауыр, анамия ауруының өршігені белгілі. Зәр жұтып, запыран құсқан, бір жағынан жұмыссыздық қысқан талай жұрт мына бейбіт заманда Атажұртын тастап, үдіре көшкені әлі көз алдымызда. Қарақан бастарын ойлап, жергілікті халықтың денсаулығымен  санаспаған әскери гарнизонның сары жағалы генералдарын кабинетіне шақырып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттық және облыстық бірінші басшысы өкілеттігіне сүйеніп тәубасына келтірген, лай судың дарияға төгілуін тоқтатқан сол тұстағы хатшы, мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков екендігін ризашылықпен айтқан орынды.
– Мен жақында әскери қалашықта болдым, – деді Арманжан аса бір құнды жаңалық айтатындай, – өйтіп барғаным құрсын. Жердің үстімен барып, астымен қайттым... Шалдар жарап тұр. Аралқұм кішкентай бекет, осы кішкентай бекеттің де өркениетке қосар үлесі орасан. Басқасын айтып, бекерге шаршап қайтеміз, мына іргеміздегі космодром біздің бағымыз бен сорымыз, – деп әріден көсіледі. Баққа Байқоңырдың дүрілдеген атақ-даңқын жатқызады. Ал сорын санамаласаң шаштың түгі жетпейді. Онысы космодромнан ұшатын улы шаңдақ. Оны жұтатын жергілікті халық. «Бұл бұл ма, мына Төретам әскери қалашығындағы кірмелердің тұрмыс жағдайы бәрінен асып түседі. Дәрігерлік қызметіне адам қызығады. Мамандардың айлық жалақысы біздердікін бес-алты мәрте рет орап алады. Осы әділдік пе?», – деп күйінеді көзі ашық,  көкірегі ояу Арманжан. Ол қыза-қыза келіп, әскери қалашықтағылар (космодромда қызмет ететіндер) айлықтарына ай сайын отыз процент үстеме қосылады екен... Сол жәрдемнің бізге келгенде желге ұшып кететіні қалай?», – деп отырғандарға сауал тастайды. Ал керек болса?!
Біздер, Қазалы стансасында туып, өскен, соғыстан кейінгі ұрпақ іргедегі (екі аралық жүз шақырым) Төретам бекетіне таяу, дария жағасына орналасқан қалашық пен төңірегіндегі өндіріс ошақтарының қалайша қанат жайғанынан хабардармыз. Алтай разъезінен көшіп барған Өмірбай нағашы атам мен Жұмагүл әжемнің, Нұрадин ағам мен Бибайша жеңгемнің үйіне жиі баратынбыз. Ағам Төретамның жүк вагондарын қабылдайтын товарный конторада, жеңгем сондағы қонақ үйде жұмыс істейтін. Қалашық Ленинск аталатын да төңірегіндегілер нөмірленген алаңға жататын. Құрылысшы мен жолшылардың дені әскери-құрылыс отрядының (ВСО) солдаттары мен офицерлері. Жаңа үлгіде салынған көп қабатты үйлері сәнді, тұрмысқа қолайлы. Пәтеріне суық-ыстық су кіргізілген. Балонды газ. Кәріз жүйесіне қосылған. Көшесі асфальтталған. Түнгі жарығы самаладай. Қоғамдық автобусы тағы бар. Сол заманда мұндай қолайлы жағдай қос қапталдағы мемлекет жыл сайын мыңдаған тонна күріш өткізетін екі ауданның орталығы: Қазалы мен Жосалы кентінде жоқ болатын. Ал гастроном үлгісіндегі дүкендеріндегі Мәскеу арқылы жабдықталатын азық-түлік (сары май, шұжық, семіз ет т.б.) түсіңе ғана кіруі мүмкін. Өз алдына жеке ет комбинаты, оның директоры Аралбай ағамыздың болғанын білеміз. Ең бір сорақысы, жабық қала саналғандықтан сырттан рұқсат қағазынсыз жан баласы кіре алмайды ( қазірде де солай). Айнала автомат асынған күзет. Осы тақырыпты көптен бері зерделеп жүрген қарымды қаламгер аталған романында ұзақ жыл үстемдік құрған әділетсіздікті кейіпкерлерінің айтуымен шынайы жеткізеді. Жетім баланың күйін кешкен кешегі және бүгінгі Төретам бекеті тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі де назардан тыс қалмайды. Мұндай көзқарасты, алалауды Мәскеудегі Кеңестік билік басшыларының өзіне, Ресейге дегенде көл, өзгеге дегенде (одақтас республикалар) шөл болғандығын айғақтаса керек.
Енді бір бойында жақсылық пен жамандық қасиет астасып, қатар өрбіп жататын, күрделі кейіпкер, Сұлутам депосының бастығы Аспандиярдың өзіне өтініш айтып келген Мергенбайға зілденіп: «Ақымақ шалдар... Мейлі, мың жерден теміржолдың ақсақалдары бола берсін, мені осы сөзім үшін сотқа берсеңдер де еріктерің. Не бәле шықса да Аралқұмнан шығады. «Аралқұмда ақымақтардың астыртын ұйымы» бар дегенім – деген», – дейтін  (82-бет) қасиетіңнен айналайын жарықтық бес шал: Мергенбай, Сексенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай мен Ишанқұл қариялар ұлтымыздың ардақ тұтар ақылман ақсақалдар шоғырының ізбасарлары. Дала билерінің жұрнағы. Әр ауылдың құты. Есімдері аталған бес қазыналы қарт атамекен Аралқұмның гүлденгенін, халық тұрмысының жақсарғанын қалайды. Байырғы сергек ойлы теміржолшылардың бүгінгі таңдағы сөйлеген сөзі мен іс-әрекетінен жаһандану дәуірімен үндесе білуінің қарекеті байқалады. Романның «Бейтаныс планетаның иесі» тарауында төсек тартып, ауырып жатқан Ишанқұлдың көңілін сұрай келген төрт серіктесі қарияның көңілін көтеру үшін аспан планетасына қатысты әңгімелейді. Философиялық пайымға дейін барады. Қызды-қыздымен галактикадағы Марсты күнде көріп жүргендей сипаттап, жерге жақындаған (жүз жыл салып) бейтаныс планетаны Ишанқұл атымен атағанымыз жөн деп уағдаласады. Дауысқа салады. Құттықтайды. Серіктерінің ниетіне ризашылық білдірген Ишанқұл Әбдіжәміл ағамыздың «Қан мен тер» романындағы дәйім де ақ сөйлеп, әділдікті жақтайтын Сүйеу қарттың жолымен жанындағы қиялға берілген Сексенбайға: «Сөзің бар болсын! Маған жетпегені сол еді», – деп басу айтады.
– Елім мен жерім дегенде кеудесіндегі жүрегін жұлып беруге дайын тұратын Мөңкебай қарттың баласы, мектеп директоры Арманжан өзін: «Ал біз үндемейтін ұрпаққа жатпаймыз. Бұрынғылардың да, өзіміздің де ұрпақтарымызды түгендеп, найзағайдай жарқылдап жүруіміз қажет!», – деген топқа жатқызады. Әскери қалашық пен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік әділетсіздікке, тұрмыстық түйткілге (жоғарыда айтқанымыздай) ренішін білдіре келе мұғалім Қанағатқа: «... Мен айтқан мәселені жүйелеп, қағазға түсір. Түсінбегеніңді сұрап ал. Сосын Дубайға, Айтөреге жөнелт! Біздің жағдайымызды ағылшын тіліндегі дүниежүзілік сайтқа тіркесін. Қосып, алатыны болса өзі білер, бірақ кешіктірмесін. Уақыт бізді күтіп тұрмайды, уақыт жалт ете қалған сәуледен жылдам...», – деп тапсырма береді. (69-бет). Оның бұл әрекетінен Байқоңыр ғарыш айлағы төңірегіндегі қордаланып қалған экономикалық және әлеуметтік, экологиялық мәселенің оң шешіміне әлемдік гуманистік ұйымдардың назарын аударуға бағытталғаны аңғарылады. Қалай десек те, көптің қорқытары, тереңнің батырары бар ғой...
Қадірменді оқырман! Бүгінгі таңда шығармашылық қабілет-қарымы толысқан, жүйрік аттай бабына келген, қаламы қарымды жазушы Қуаныш Жиенбайдың су жаңа романын байыптап, саралап оқыған сәтіміздің ізін суытпай ой бөлісіп, пікір білдіруім: ат арқасына мінген сәттен қос: Арал мен Байқоңыр тақырыбын домбыраның қос ішегіндей, болат жолдың қос рельсіндей қатар алып жүрген қаламгердің мына туындысына ризашылық сезімімді білдіруден туындады. Қадірін біліп, қасиетін ұғынғанға  құндылығымен, кесектігімен қазіргі заманға қазақ романы қатарынан ойып тұрып, орын алған «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» туындысы Азамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс көкеміздің «Боранды бекет» (Ғасырдан да ұзақ күн) романының қазақ әдебиетіндегі жаңа тұрпаттағы заңды жалғасы, сыңары десе асыра айтқанымыз болмас. Айтпақшы кітаптың 18-ші «Тосын шешім» тарауы соңында (284-бет), зейнетке шыққан Аспандияр қабырғасымен кеңесе отырып, жоғарғы басшылықтың келісімін алғасын бар шаруасын жаңа бастыққа тапсырады да, немересі Тұрсынбайды алып, Аралқұмнан бірақ шығады. Барак үйджегі екі бөлмесіне көшіп барады. Роман: «Мөңкебай бастаған аралқұмдық ақсақалдар Аспандиярға қоныс жайлы болсын айтайық деп жиналып жатты»,  25 ақпан, 2026 жыл деп аяқталады. Түйіндеп айтсақ халқының кешегі, бүгінгі, ертеңгі тағдырына алаңдаған қамкөңіл жазушының жан айқайы, міне, осындай...
Қараша ҚАРАМАН,
қаламгер
Алматы облысы
09 маусым 2026 ж. 36 0