Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қармақ һəм балық хикаясы

Қармақ һəм балық хикаясы

Бүгінгі мерекеде балалық шағым, ең алғаш балық аулауға барғаным еске түскені. Ол кезде біз тұратын Əйтеке би кенті Жаңақазалы поселкесі аталатын. (Теміржол станциясы бір кездері Сұлуттам деп те аталыпты).
1977 жыл. Біріншіні бітіріп, жазғы демалысқа шыққан кезім. Кейін Е.Көшербаев атанған, сол кездегі Қазақстанның 50 жылдығы атындағы көшеде тұрамыз. Ауладан сыртқа шықсам «шара-бара» деп атанып кеткен арбакеш қарт ат арбасымен көшені басына көтеріп келеді. Соңына ерген өзім секілді көшенің қарадомалақтары мəз-мейрам. Бірі қолға түсе бермейтін шар, енді бірі ысқырық алып, думандатып жүр. Дереу жетіп барып қармаққа қажетті заттарды ала бастадым. Ойым – əйбат қармақ жасап алып, балыққа бару. Көшенің үлкен балалары балыққа барып, олжалы болған сəттерін айтқанда аузымның суы құрып, «шіркін, менің де қармағым болса дəу балық ұстар едім» деп армандаймын ғой.
Қош, қалың жилкаға (балық аулау жібі – леска) үлкен ілмек ұшты мықтап бекітіп, қорғасын мен қалтқыны байлап, жуан таяқтан сап жасап, ертесіне түс мезгілінде Ақарыққа тартып кеттім. Ақарық – Жаңақазалы мен ескі Қазалының (біз оны қала дейміз) ортасындағы қолдан қазылған канал. Бала кезімізде осы канал біздің көзімізге Қатонқарағайдағы Бұқтырма өзені секілді көрінетін. Оралхан ағам суреттейтін ағыны қатты өзен ше, тап соның өзіндей. Салып ұрып тас жолдағы көпір үстіне келіп, қармағымды ағысқа салғам ғой. Жарықтық, судың мол кезі, ағыс қатты. Қалтқы өрге сүйреген ағысқа еріп, көпіршік арасынан білінер-білінбес боп қылтыип тұр. Зеріге бастаған тұста жоғалып кетті. Қармақтың тартып көрсем әл берер емес, бір дүлей күш өзімді тарта бастады. Абырой болғанда сол маңнан көршіміз, жетіншіде оқитын Толыбай баспағын айдап бара жатыр екен. Дереу жетіп келіп, қармақ сабын жіберіп-тартып отырып, дəу балықты көпір жиегіне əзер шығарды. Көмекке келмегенде тұңғиыққа тартып-ақ кетеді екен. Аузы апандай, мұрты ұзын, түрі әжептеуір үлкен балыққа қарап Толыбай да аң-таң, мен де қайранмын. «Мынау үлкен лақа ғой, қармаққа қалай түскен?» деп жатыр. Сабазың қармақ ілмегін жұтып жіберіпті, тек сабы мықты болған соң салмақ көтерген екен.
Балық аулағанның жөні осы екен деп (ол кезде Байболат ағам әскерде, әйтпесе ақыл айтып, жөн сілтер ме еді) келе қалған аңқаубайдың қармағына ілінген жайынның туысында да ми жоқ. Ентігін басып, маңдай терін жеңімен сүрткен көршім көзі бақырайып тұрған менен:
– Мəə, мынаны үйіңе көтеріп апара аласың ба? – деп сұрады. Басымды изедім де балықтың желбезегінен жіп өткізіп алып, сүйрей жөнелдім. Мені көргенде əжемнің қуанудың орнына есі шығып кетті. Айналып-толғанып жатыр. «Енді балық аулауға барма» деп ұрысып та қояды. Сол жайынды асып та, қуырып та жедік-ау. Əрине, ол жағы маған қызық емес. Кереметі – ең алғашқы сапарымнан олжалы оралғаным, «қоңыр қозым менің!» де əжем Жəниланың айналып-толғанғаны. Кейін талай мəрте балық аулауға бардық. Бəрі бірдей есте қалмапты.
Есейген соң әулет үлкен Тасболат әкемнің айтуынан білдік, мешін жылғы ашаршылықта əкем Елубай (құжат бойынша Елуекі) інісі Елубес екеуі Құмбазар маңындағы көлден балық аулап, ауға іліккен 2-3 шабақпен отбасын асыраған екен. Елуекі әкемнің жанына рулас ағайыны да ау салса керек.
Қырсыққанда оған бірде-бір шабақ түспейді екен. Əкем үш шабақтың бірін талғажау етсін деп ағасына береді екен. Бір жолы ол: «Айналайын, сен салған жерге мен ау салайыншы» деп орнын сұрап алыпты. Соры ма, кім білсін, ештеңе ілінбепті. «Оңтүстік жақта тоқшылық» дегенді естіген əлгі ағайын бала-шағасын алып, Өзбекстанды бетке алып, жолға шығыпты. Кейін ел ес жиған соң сұрастырса оның жол бойында аштықтан қырылған жұртпен бірге діттеген жеріне жете алмағанын естиді. Қайран, қазақ, басынан не өткізбеді десеңші?! Өкініші өзек өртейтін ауыр оқиға.
Байыптап қарасам, алапат ашаршылықтан (1931) біздің əулетті əлгі майда шабақтар сақтап қалған секілді. Сонда біздің көрер жарығымыз да, несібеміз де берекесі бес батпан балықтан болғаны ғой деп түйдім өзімше. Несібесін судан сүзген әкелерім (Елуекі мен Елубес атам) нəубеттен аман қалыпты, бүгінде Ерғараевтар əулеті Қазалыда ел қатарлы тірлік кешуде. Егіз қозыдай бірге өсіп, еншісі бөлінбеген ағайынды Елубай мен Елубестен 7 ұл мен 1 қыз қалды. Олардан тараған ұрпақтың (қыздарын қоспағанда) өзі қазір 15 отбасы. Шөберелері шүкір, өсіп-өніп жатыр. Менен басқалары Асандар көтерілісінде ту ұстаған Арыстанбай баласы Пірім батырмен бірге туған менің бабам Ерғараның атында, құжатқа бәрі Ерғараев болып жазылған. Бір қызығы, Елубай ақсақалдың тегін арқалап жүрген мен ғана.
Мешін жылғы жұтта шешесі мен бауырын көлден сүзген шабақпен аман сақтап қалған Елубай əкем (шалдың баласы болғандықтан әке дейтітбіз) алғашұы сапардан олжамен оралған сəтте маған мейірлене қарағандай болған. Бəлкім, ашаршылық азабы, нәпақа іздеп Қазалы бекетіне көшіп келіп, теміржолшы болған бозбала күндері көз алдына келген болар. Оны 7-8 жастағы бала қайдан түсінсін?
…БАҚ өкілдерінің кəсіби мерекесінде қала əкімі Ғанибек Қазантаевтың берген қармағы (барлық жабдығы сай, палаткасы да бар) 44 жыл бұрынғы осы жайтты санамда қайта жаңғырып, көз алдыма қайта әкелді.
«Ұшқыр қалам-2021» мерекесін ұйымдастырған шаһар басшылығына, А.Тоқмағамбетов мəдениет үйінде баршамызға сыйлықты табыс еткен Есжанов Асқарбек бауырымызға, еңбек демалысында жүрген мені мерекеге шақырған қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы Махаш Айбол ініме мың-миллион алғыс!
Төл мереке құтты болсын, Сыр журналистері!
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
P.S. Оқырман назарына осыдан 5 жыл бұрын (24.06.2021) әлеуметтік желідегі фейсбук парақшамда жарияланған шағын жазбаны ұсынғанды жөн көрдім. Кәсіби мереке салтанынан соң смартфонның пернетақтасына шұқшиып отырып жазған, кейін желі бетінде көрінбей қалған қармақ туралы дүнием бүгін жарықтық фб-да жарқ ете қалды. Ат басындай алтын тауып алғандай қуанғаным-ай.
24 маусым 2026 ж. 61 0