МӘҢГІЛІК МҰРА: ТЕҢІЗ ҰЛТАНЫНДАҒЫ ЖӘДІГЕР
Арал теңізі әрқашан бүгінгідей табиғи апаттың символы болған емес, сонымен қатар терең тарихтың куәгері. Біздей жасқа ертегідей көрінетін, кезіндегі алапат теңіздің ұлтаны құрғаған сайын, ғасырлар бойы жасырын қалған жәдігерлер жарыққа шығып, өткеннің үнсіз сырын ашады. Арал табанында табылған көне қалашықтардың қалдықтары, тұрмыстық бұйымдар мен ежелгі өркениеттің іздері бұл аймақтың бір кездері гүлденген мәдениет орталығы болғанын дәлелдеп келеді. Солардың қатарындағы жәдігерлердің бірегейі – «Арал асар» қонысы мен «Кердері» кесенелері. Оларды зерттеу жүздеген жылдар бойы су астында жатқан бабалар мұрасынан хабар алуға мүмкіндік береді.
Арал асар – ежелгі қалашық. Академик К.Байпақовтың ғалым А.Айдосов жайлы естелігінде ежелгі қаланы «Арал асар» деп атауды Абылай Ханкерейұлы ұсынды деп жазады. Бұл атау Арал маңы археологиясында жақсы қабылданып, тез сіңісіп кетті.
Қаратерең ауылынан 62 шақырым жерде орналасқан қоныс құрылысының қам кесектен тұрғызылған үйлерін теңіз суы толықтай жуып-шайып кеткен. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл мекен ортағасырлық дәуірде, шамамен ХІ–ХІІ ғасырларда жақсы дамыған. Қала Ұлы Жібек жолының маңызды тармағында орналасқандықтан, сауда-саттық пен мәдени алмасудың орталығы болған.
Кезінде қала арқылы өтетін ені 2-2,5 м су жүрген каналдың іздері сол заманда мұнда ирригациялық жүйенің болғанын айғақтап отыр. Шамасы ортағасырлық тұрғындар Сырдария өзенінің сағасынан су тартқан болуы мүмкін. Сондай-ақ, мұнда суармалы егіншілікпен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі тайпалардың болғаны анықталды. Дәнді дақылдар егу қоныс тұрғындарының негізгі кәсібінің бірі болған. Суда өсетін арамшөп тозаңдарын зерттеген палинологтар «Арал асар» тұрғындарының күріш өсіруі мүмкін деп болжады. Көп кездесетін диірмен тастар мен бөлмелерден табылған ұн, астық сақтауға арналған ірі хұмдар соның айғағы. Жәдігерлер мекендеген халықтың жоғары деңгейдегі мәдениеті мен тұрмысын көрсетеді.
Арал асар туралы аңыздар да қызық. Соның бірінде бұл қалада су тасқынынан аман қалған көшпелі тайпалардың көшбасшысы өмір сүрген. Ол өз халқын біріктіріп, айналасын гүлденген мекенге айналдырыпты. Және қаланың бір ерекшелігі, мұнда үлкен мұнара болған, оның шыңына шығып, кез келген жаудың жақындағанын алыстан көреді екен.
Тағы бір аңызда қала халқының байлығы мен молшылығы соншалықты, олардың үйлері алтын мен күмістен жасалған деп айтылады. Бірақ уақыт өте келе, қала табиғаттың қатал сынағына төтеп бере алмай, теңіз суының астында қалып, кейіннен қайтадан пайда болған.
Кердері-1,2 кесенелері – Арал өңіріндегі ең көрнекті тарихи ескерткіштердің бірі. «Кердері 1» Арал асар қонысынан солтүстікке қарай қашық орналасқандықтан, тауып бару қиын. Сол себепті ол жайлы көп айтылмайды және арнайы тізімге де алынбаған. Бірақ кесенеде Т.Мәмиев қазба жұмыстарын жүргізген.
Кердері кесенесі ХІІІ–ХІV ғасырларда салынған деп есептеледі. Бұл кезеңде аймақта Кердері руының ықпалы күшейіп, Арал маңындағы көшпелі тайпалардың мәдениеті ерекше гүлдене түсті. Археологтар кесенені зерттей келе, оны сол замандағы беделді билеуші немесе ру басшысы үшін тұрғызылған деп болжайды.
Ескерткіштің жалпы көлемі – 50 м², биіктігі 2 метрдей. Ұзындығы – 23 м, ені – 8 м. Кесенесі екі камералы. Үлкені 6х10 м болса, кішісі 5х5 м құрайды. Іргетасы үш жағы қашап өңделген жергілікті ірі тастардан қаланған.Солтүстік бөлмесінде қыш кірпіштен қаланған сағана (көрхана) орналасқан. Ал оңтүстік бөлмесі – зиратхана. Батысында алып намазханасы, сыртында михрабы бар. Бұдан жұма намаз оқитын мешіт ретінде де қызмет жасағанын байқауға болады.
Кердері-2 – ғасырлар бойы су астында жатқан, биіктігі 1,6 м болатын кесене. Кесене орнында қалыптасқан төбешіктің батыс жағы жайпақ, ал шығыс жағы тіктеу келген. Археологиялық зерттеу барысында кесене қабырғалары әлемнің төрт бұрышына бағытталған, тікбұрыш болғаны анықталады. Жоғарғы қабатынан көп мөлшерде табылған кесене қабырғаларындағы кірпіштер жалпағынан қаланған. Едәуір жақсы сақталған оңтүстік-батыс қабырғасының биіктігі 7 қатар қаланған кірпіш деңгейінде.
Жәдігер шаршы түріндегі көрханадан тұрады. Оның есігі батыс қабырғасының бойында болған және ол бір кездері өсімдік, геометриялық және эпиграфикалық нақышта безендірілген. Көк және көгілдір түсті сырмен қапталған кірпіштен қаланған портал түрінде салынған. Төбесі күмбезделіп жабылғаны анық. Күмбезі көрхана бөлмесінің төбесін жауып тұрған.
Қабірлердің бірінде өзінің құйрығын тістеп тұрған мысық тұқымдас жыртқыштың бейнесі салынған сырғалар табылды. Көрхананың оңтүстік-батыс бұрышында, еденге төселген тақта астынан хұмға салынған металдан жасалған орақтар, айырлар шықты. Кесене мен қорымды ХІV ғасырға жатқызуға болады. Құрылысқа жақын маңнан қыш күйдірген үш пештің орны табылды.
«Кердері-2»-ні археологиялық зерттеу оның керемет құрылыс екенін көрсетті. Табылған олжалардың ішіндегі ең қызықтылары – оймыш өрнегі бар сырланған терракота тақтасы. Безендіру тақталарының сынықтарына жасалған салыстыру сараптамасы осындай өрнектер стилі мен тәсілі ортаазиялық (Хорезм), ал кеңірек алар болсақ, XIV ғасырдағы алтынордалық ескерткіштерге тән екенін көрсетті. Порталдың П үлгідегі жақтауындағы негізгі өрнектелген белдеуі оймыш сырланған терракота мен штамптың құрамдастырылған тәсілімен орындалған. Геометриялық өрнектердің күрделі өрілуі оймышпен түзетілген, ал ұсақ тармақтар мен ою өрнектері штамппен басылған. Көркемдік әсері – көгілдір түстің түрлі түске құбылуында.
Кесене туралы аңыздар да ерекше. Халық арасында Кердері ханы туралы мына әңгіме кеңінен таралған.
Ол әділдігімен және ақыл-парасатымен танылған тұлға болған екен. Оның билігі кезінде халық тоқшылықта өмір сүріп, бейбіт заман орнаған. Бір күні ханға көріпкел бір қария келіп:
– Хан ием, Сіз бұл дүниеден өткенде де елге рухани тірек боласыз. Бірақ денеңізді жерлеген соң, бұл жерде жел өтпес берік кесене тұрғызылсын, – деп өсиет айтқан екен.
Ханның өлімі халық үшін ауыр қайғы болды. Оның өсиеті бойынша, шеберлерге кесене тұрғызу бұйырылды. Құрылысқа сол заманның ең талантты шеберлері қатысып, кесене он жыл бойы тұрғызылған. Ел арасында «Кердері кесенесінің кірпіші әрбір адамның адал еңбегімен құйылған» деген сөз қалған.
Кердері кесенесі тек аңыздармен ғана емес, нақты тарихи оқиғалармен де тығыз байланысты. Аймақты мекендеген халықтардың бірі – оғыздар мен қыпшақтар, кейін Алтын Орда дәуірінде бұл аймақ маңызды сауда жолдарының бірі болған.
Арал өңірінің саяси және экономикалық орталық ретіндегі рөлі кесене жанындағы көне қалашықтардан көрініс табады. Археологиялық қазбалар кезінде Кердері маңынан түрлі тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақтар мен қыш ыдыстар табылды. Бұл жердің Орта ғасырдағы сауда мен мәдени алмасудың тоғысқан ортасы болғанын айғақтайды.
Арал ұлтанына жасалған зерттеулер – тарих пен археология үшін баға жетпес қазына. Бірақ бұл жәдігерлер бізге тек өткеннің даңқын ғана емес, табиғатпен үйлесімді өмір сүру қажеттігін де еске салады. Құрғаған теңіз табанының ашқан құпиялары – тек өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа сабақ.
Алуа МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ










