Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Керуен уақыт

Керуен уақыт

Естеліктерін тағы сан оқыр,
Сарғайған газет, сыр атқарылып,
Үстел үстінде сары шал отыр,
Көзілдірігін құлаққа іліп.
Телефонында жыр өріліпті,
Мерекеге орай құттықтау келіп.
Журналистерге сый беріліпті,
Біріне – пәтер, біріне – көлік.
Жігерлі шағын газетке берді,
Басылым бетін жол қылып жырдан.
Алыста қалған жастығын көрді,
Алыстан оған қол бұлғап тұрған.
Бұл неткен шабыт, не деген зейін,
Білді ме аты қаларын ол да.
Қаруды тастап майданнан кейін,
Қару еткен-ді қаламын қолға.
Қайтеді елдік мұраны құшпай,
Көргенін әркез сыр қып қайтатын.
Көзі өткір еді қырағы құстай,
Сөзі өткір еді шындықты айтатын.
Ақиқат үшін жан беруге әзір,
Жүретін еді ішінде көштің.
Шырылдап жатыр шындығы қазір,
Шырылдағанын елемейді ешкім.
Айтылмай талай аманат ішкі,
Әділдік сөзі торығып қалған.
Ғаламтор келіп ғаламат күшті,
Ғаламды торға тоғытып алған.
Жел сөзге таппай қанағат жаны,
Тереңдеуші еді жетік қаламы.
Ал қазір...
Жалған ақпарат жағалап бәрі,
Жалған өмірден өтіп барады.
Терең күрсініп, шалқайды жыршы,
Ақиқат бірге кетеді ме өліп?!
Жүйрік қаламды қартайды тілші,
Жүйрік уақыттың жетегіне еріп.
Тырсылдай көшкен сағатты санап,
Дейді қарт "кезі өтті баяғы".
Ұятты сөзге таппастан тағат,
Ұялысына қарап қояды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 шілде 2026 ж. 71 0