Түнгі кітапхана – рухани әлем
Бүгінгі цифрлық технологиялар заманында кітап оқу мәдениетін жаңа қырынан көрсету – уақыт талабы. Осы орайда, Арал аудандық орталық кітапханасы кітап сүйер қауымға ерекше тарту жасады. Руханият орталығында ашық аспан астында ұйымдастырылған «Түнгі кітапхана – Рухани әлем» атты мәдени-рухани кеш өңір тұрғындары мен жастарына ұмытылмас әсер сыйлап, рухани серпіліс әкелді.Кештің басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін дәріптеу, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық руханиятты, әдебиет пен өнерді насихаттау. Кітап пен түнгі атмосфера үндескен бұл ерекше форматтағы іс-шараға кітапсүйер қауым, жергілікті жас ақындар,жастармен белсенді оқырмандар қатысты.
Түнгі кітапхана аясында жаңа кітаптар, балалар әдебиеті, мотивациялық кітаптар және жасанды интеллект тақырыбында түрлі кітап көрмелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар кітапхана қызметінің жетістіктері таныстырылып, облыстық және аудандық деңгейдегі жобалар мен байқауларда үздік нәтиже көрсеткен оқырмандар салтанатты түрде марапатталды.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – поэзия кеші болды. Әдеби жүздесуге арнайы қатысқан белгілі ақындар Абай Елеш пен Айдар Сайлауов шығармашылық жайында сыр шертіп, өздерінің жүрек тебірентер өлеңдерін оқып, көрерменмен еркін сұхбат құрды. Ақындардың тағылымды ойлары мен әсерлі жырлары кеш қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ кітапхана жанындағы «Парақ Time» оқырмандар клубының мүшелері өздерінің кітап оқу тәжірибесімен бөлісіп, әдеби шығармалар төңірегінде мазмұнды пікір алмасты. Жас ақындар мен белсенді оқырмандардың қатысуымен өткен «Түнгі поэзия» бөлімі кештің рухани мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Музыкалық нөмірлер мен әдеби композициялар кештің көркін қыздырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара барысында кітаптың адам өміріндегі орны, рухани құндылықтарды сақтау және оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен насихатталды.
«Түнгі кітапхана – Рухани әлем» кеші кітаптың адамзат өркениетін жалғайтын асыл мұра екенін тағы бір мәрте айқындап, оқырман мен кітапхана арасындағы рухани байланысты нығайтқан тағылымды мәдени кеш ретінде есте қалды.
«Түнгі кітапхана – Рухани әлем» жобасы кітаптың жай ғана ақпарат көзі емес, адамзат өркениетін жалғайтын алтын көпір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай заманауи форматтағы шаралар кітапхана мен оқырман арасындағы рухани байланысты бекітіп, жастардың тұлғалық дамуына жол ашады. Түнгі аспан астында басталған осы игі бастама аралдықтардың жүрегінде кітапқа деген махаббатты оятып, өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде тарихқа енді.
Назерке АҚЫЛБЕКОВА,
аудандық орталық кітапхана кітапханашысы










