Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » КІТАП ШОУ – 2026: РУХАНИ КЕҢІСТІК

КІТАП ШОУ – 2026: РУХАНИ КЕҢІСТІК

Қоғам дамуының қай кезеңінде де кітап – адамзаттың рухани тірегі, ой мен танымның қайнар көзі болып қала бермек. Заман өзгеріп, технология қарыштап дамыса да, кітаптың орны бөлек, мәртебесі биік. Осы ұлы құндылықты дәріптеу мақсатында 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні аясында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап шоу – 2026» атты кең ауқымды кітап фестивалі өтті.
Фестивальге ауданның зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана саласының ардагерлері мен тұрақты оқырмандар жиналып, кітаптың қадір-қасиетін тағы бір мәрте ұғынғандай. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқырман мәдениетін қалыптастыру, кітапқа деген қызығушылықты арттыру және кітапхананың қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттау . Осы мақсат жолында ұйымдастырылған әрбір бөлім мазмұнға бай, ойға терең болды.
Фестиваль аясында «Кітап – мәңгілік мұра» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, онда жаңа әдебиеттер мен құнды еңбектер қойылды. Келушілер кітап сөрелерін парақтай отырып, рухани әлемнің сан алуан қырларымен танысты. Сонымен қатар «Жасанды интеллект және кітапхана» атты жаңа кеңістік алаңы ұйымдастырылып, оқырмандарға заманауи технологиялар мен кітап әлемінің үндестігі таныстырылды. Бұл алаңда ұсынылған QR-код арқылы қолжетімді цифрлық ресурстар, жасанды интеллекттің шығармашылықтағы мүмкіндіктері, сондай-ақ «ЖИ жазған өлеңдер» бөлімі көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл – кітапхананың тек дәстүрлі білім ордасы ғана емес, инновация мен жаңа идеялардың орталығына айналып келе жатқанын айқын көрсетті.
Мерекелік шара барысында көрермен назарына ұсынылған «Мамандықтың сыры» атты диалогтық қойылым да ерекше әсер қалдырды. Қойылымда кітапқа құмар, білімге құштар қыздардың жан дүниесінің тереңдігі, олардың өмірге деген көзқарасының байыптылығы көркем түрде бейнеленді. Қыз бен жігіт арасындағы мазмұнды диалог арқылы білім мен руханияттың адам өміріндегі маңызы ашылып, көрерменге ой салатын тағылымды көрініс ұсынылды.
Кітап фестивалінің келесі бөлімі «Әлемнің кілті – кітапта, ал кілт иесі – кітапханашы» атты мерекелік кешпен жалғасын тапты. Бұл кеш – кітапханашы мамандығының қадір-қасиетін айшықтап, олардың еңбегін ел алдында дәріптеген ерекше сәттердің бірі болды. Кеш барысында кітапхана қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен оқырманға деген адалдығы атап өтілді.
Ұлттық кітап күні қарсаңында кітапхана саласының ардагерлері де ерекше құрметке бөленді. Кітапхана ісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі мамандар сахна төріне шақырылып, оларға алғыс хаттар табысталып, жүрекжарды лебіздер айтылды. Ардагерлердің еңбегі жас мамандарға үлгі ретінде дәріптеліп, олардың рухани мұрасы кейінгі буынға аманат етілді.
Сонымен қатар, мерекелік күн аясында бірқатар кітапхана қызметкерлері өз еңбектерінің нәтижесі ретінде марапаттарға ие болды. Олардың оқырмандарға сапалы қызмет көрсетуі, мәдени-ағартушылық жұмыстарға белсенді қатысуы және кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Шын мәнінде, кітапханашы – руханияттың шырақшысы, білім мен мәдениеттің насихатшысы.
Аталған мереке тек аудан көлемінде ғана емес, облыс деңгейінде де өз жалғасын тапты. Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен шараға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Жасанды интеллект және кітапхана» атты көрмені ұсынып, көпшілік назарына ерекше жобаны таныстырды. Заманауи форматта ұйымдастырылған бұл көрме келушілердің қызығушылығын оятып, кітап пен технологияның үйлесімділігін жаңа қырынан көрсетті.
Көрменің мазмұны жан-жақты болды. Мұнда жасанды интеллект туралы танымдық мәліметтер, цифрлық ресурстар, жаңа IT мүмкіндіктер мен инновациялық жобалар ұсынылды. Әсіресе «Ақылды кітапхана» жобасы – кітапхана қызметінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтын тың бастама ретінде ерекшеленді. Бұл жоба кітапхананың тек кітап сақтайтын орын ғана емес, заманауи білім мен технология орталығына айналып келе жатқанын дәлелдейді.
Бүгінгі таңда кітап пен технологияның тоғысуы – уақыт талабы. Осы үрдісті тиімді пайдаланып отырған кітапханалар қоғамның интеллектуалдық дамуына зор үлес қосуда. «Кітап шоу – 2026» фестивалі – осы бағыттағы жарқын мысалдардың бірі. Бұл шара арқылы кітаптың мәңгілік құндылық екені, ал кітапхананың – сол құндылықты сақтап, насихаттайтын қасиетті мекен екені тағы бір мәрте айқындалды.
Кітапсүйер қауым үшін бұл күн ерекше әсерге толы, ұмытылмас сәттерге бай мерекеге айналды. Себебі кітап пен технология үндескен жерде – жаңа ой, жаңа мүмкіндік, жаңа әлем басталады.
Гүлмира ЖИЕНБАЕВА,
Арал аудандық орталық кітапхананың жоғары дәрежелі библиографы,
«Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері
25 сәуір 2026 ж. 111 0