Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүректен шыққан жүз бір жыр

Жүректен шыққан жүз бір жыр

Ол кісінің жазып, ойдың кенін қазғанын, тынымсыз сол еңбегінің нәтижесінде мүйізі қарағайдай жазушылар қатарына қосылғанын патша көңілді оқырман қауым жақсы біледі. Болмыс – бітімі өзгелерге ұқсамайтын Оңталап Базаралы өмірін өлеңмен өрген айтулы ақын. Нақтырақ тоқталсақ қазіргі таңда Аралдың төл перзенті жағалаудан қияға қанат қағып, Сырдың бас қаласынан тұрақ тапқан. Осынау Алла аузына сөз салған ұлын Алаш жұртының тұңғыш астанасы жатырқаған жоқ. Қолдады, демеді, сүймелдеді. Қысқасы, ақынның екінші тынысы ашылды.
Иә, палуан денелі аға жайында көп айтуға болады. Алайда, мен құлаш – құлаш мақала жазуға емес Оңталаптың Базаралының жуырда жарық көріп, оқырман олжасына айналған « 101 өлең» төңірегінде сөз сабақтауды жөн деп таптым. «Махамбет» атындағы сыйлықтың лауреаты ,Ақтөбе қаласының өнер мектебінің түлегі болған ақын әр жылдарда «Ақсұңқар», «Алау», «Игілік бастауы», « Санадағы сәулелер», «Армысыңдар арулар» және  «Толыбай батыр»  туындыларды жарыққа шығарды. Енді міне «101 өлең» жинағы өлең сүйер үлкен – кішінің қолына тиіп отыр.
Руханият әлемінде еңбегі айрықша аталатын ақынның есімі облыстық, республикалық баспасөз беттері арқылы таныс. Үнемі өзіне ғана тән стильде киініп, түрлі тақырыптар оң жамбасына келетін Оңталаптың жазу үлгісі де кейінгі буынға үлгі. Қалам ұстағандар арасында «Махамбет» атындағы сыйлыққа иелік ету дарынның даралығын аңғартса керек.
         Кітапқа бағасын беріп, алғысөз жазған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегіманов тұшымды ойын пайымды пікірін былайша жеткізіпті:
– Көбіне тың теңеулер мен ұтқыр ұйқастар әр өлеңде жие кездесіп отырады.
Сыр болмасын дос – дұшпаннан жасырған ,
Жасырын сыр дегбіріңді қашырған.
Егеспесең, тел өспесең өмірмен,
Тағдыр сенің сипамайды басыңнан, – деген шымыр шумақтарды оң бағалап, актерлық қабылетімен сахна көрігін қыздырған, артынша ақындық жолды таңдап, талантымен оза шапқан, қаламгерлік қырманда талайлардан қара үзген ғибратты ғұмыр иесінің әр сөзінде зор әсер барын айтады.
                                  ҚАРА ҚАЗАН
«Ескіні» - бүркей келді, жаңа заман,
Тұтыну келі – келсап далада заң.
Бүк түсіп бір қуыста жатыр әні,
Жерошақтан қол үзген қара қазан.
Берілмейді «ескіге» - қалада мән,
Осы күйді жүрегім қаламаған.
Бұл күнде көз алдымнан бұл – бұл ұшты,
Анам асын қайнатқан қара қазан.
О, менің қасиеттім , қара қазан,
Сен жайлы жүрегімде «жарапазан».
Сені жоқтап бұл күнде , қара желде,
Шақырып тұрғандай – ақ , далам азан.
Қара қазан тұғыры адал асың,
Мен ұмытып келмейді жаза басқым.
Бабамнан құт дарыған қара қазан,
Сені ешбір мүлікке баламаспын.
Абай ЕЛЕШ
21 шілде 2026 ж. 55 0