Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арнаулы жырдың ақсұңқары

Арнаулы жырдың ақсұңқары

Ақын – елдің еркесі, ақын елдің серкесі. Дана халқымыз шырайлы сөз иелерін қай заманнан алақанына салып келеді. Өйткені ақын сөзі – ақиқаттың сөзі, адамгершіліктің сөзі, ізгіліктің сөзі, адалдықтың сөзі. Ұзын-сонар тарихымыздан аты кейінге көп жеткен ардақтыларымыз – ақындар. Жұмыла жамағатқа мәлім, ендігі әлемде адамзатқа ақ шуағын төгіп пайғамбарлар дүниеге келмейді, олардың орнына ұлының сөзін сөйлеп ұзын ақындар келеді деген емес пе. Айтса айтқандай, адамзат өмірін ақындар ақ сәулелі нұрға бөлеп, рухын асқақтатып, жандарын жадыратып, сезімдерін шуақты, ар-намысын қуатты қылып келеді.
Шүкір, айдынды Аралдан аттары алты Алашқа мәлім ақындар легі шығудай-ақ шығып келеді. «Өнер мен дәулет қонған жердің» ақ уызды, асыл нәрлі жұрты дарындарды дүниеге келтіруден тарлық қылған емес. Бүгінде солардың сырлы да сымбатты, парасатты да пайымды, отты да уытты поэзиясын жанымызға өзек қылып, өмір өрнектерін салып келеміз.
Сөз сарасын тулата туындатып жүрген айбоз ақындарымыздың бірі – Оңталап Базаралы. Есімі ел-жұртқа, өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Бір күндігін ойлап, бүрсеңдеп, айтар сөзін жалтақтап айта алмай жүрген ақын емес. Кеңкеудесін айқара ашып, айтарымды басым кетсе де айтамын деп жүрген ақиық ақын. Әйтеуір бізге жасампаздығы жақын сүйкімі бар, сайыпқырандығы бар, сырбаздығы бар өр ақын. Оңталап ақын соңғы он-он бес жылдың аясында жаңа екпін тауып өндіре жазып келеді. Ол өлеңді әрлеп, әшекейлеп, сыртын жылтыратып жатпайтын сияқты. Жүрегінен қалай алды сол табиғи, таза қалпында тұмарлап ұсына салады. Сондқтан да өлеңдерінде шынайылық шырай беріп тұрады. Әсіресе, бір айта кететіндігі, поэзиялық туындыларынан қарапайым қазақ ауылының жұпар иісі аңқиды. Ұлтымыздың өзіндік болмысы айрықша сезіледі. Сол дәстүр-салтымыздан айырылып қалмасақ екен деп отырасың. Ауыл адамдарының жаймашуақ жан әлемінің жылуын автор әдемі жеткізеді. Ауыл – ақынның алтын қазығы, асыл қазынасы деп түйдік.
Жүрегіне жыр жүктеп, базарлы да ажарлы поэзия әлеміне ақ қанатты әсем өлең-жырларын самғатып жүрген ақын Оңталап Базаралыны біздің білгенімізге де қырық жылға тақап қалыпты. Иә, қырық жыл бұрын арагідік өлеңдерін Серік ағам Сейтмағамбетұлының сүзгісінен өткізіп алып аудындық «Толқын» газетіне жариялап жүрді. Сосын тағы аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған Зейнолла Шүкіров атындағы әдеби бірлестікке ортаға түсіп өлең оқитын. Ал әлгі бірлестікте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мешітбай Құттықов бастаған Жұмабай Жақып, Толыбай Абылаев, Оңталап Нұрмханов осы жолдардың авторы бар – бір шоғыр шығармашылық иелері болатын. Ең кішісі – осы Оңталап еді. Жиырмаларға жасы енді келіп жүрген бозбала жігіт болатын. Оның өлеңдеріндегі қаймағы бұзылмаған қазақ сөзінің небір шұрайлы қолданыстарын көріп, тамсанып қалатынбыз.
Ақындардың көбі тумасынан тағдырлы жандар боп келеді. Өмірдің сан тарау жолдарында қандай қиындық көрсе де, мехнатты сәттерді өткерсе де, алғы күнге жаңа заманға маңдайлары жарқырап жетеді. Оңталап ақынның да өмірі бұралаң – бұлтақсыз оңай болмаған. Оған «Тағдыр – талай» атты өлең куә. Құлақ сала қояйық:
Мен туыппын Шабанның жаз жайлауы, түзінде.
Бір мың тоғыз жүз алпыс үш, қоян жылдың күзінде, - деп келіп:
Шаңырақтың осылай жалғасы боп қаландым,
Туған жердің бүлк еткен тамырынан нәр алдым,
Мен екі жасымда озыпты әкем өмірден,
Ана құшақ тербетіп ер жеткізген баламын.
Анам шебер дастанға, бес намаздай жаттадым,
Құя берді құлаққа өмірдің сан ақпарын,
Мен он төртке келгенде көшті өмірден анашым,
Міне осылай лезде мұң жамылдым қап-қалың
Тағдыр деген тарпаңға көппен бірге ілестім,
Тақпады деп сол шақта айта алмаймын мін ешкім.
Бір жығылып, бір тұрып, жеңілместей жұлқынып,
Ортасында келем мен «Өмір» атты күрестің...- деп өз өмірінің қилы-қилы қатпарларын оқырманға бір ақтарып көрсетеді.Көңіл шерін күйттеп кетпей, күрескерлік рухын танытады, қайратқа толы құлшынысын сездіреді.
Ақын Оңталап Базаралы 1963 жылы Райым ауылдық кеңесіне қарасты Шабан ауылында, өзі айтатын «Сорғақ пенен Ақшатау» көлдерінің жағасында дүниеге келген.1971-1979 жылдары №66 Шөмішкөл сегізжылдық мектебінде оқыған.1981 жылы №81 Қызылжар орта мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиетке құштар болып, алғашқы өлеңдерін жаза бастаған. Әсіресе бірнеше көлдің ортасындағы, табиғаты керемет туған жерінің сұлулығы жалын тербейтін. Балықшы ауылдың қазандай қайнаған тіршілігі оны ерте есейтті, қолына қалам алдыртты.
Аудан орталығынан келіп еңбек жолын бастады. Шығармашылық қиялға жүйрік бозбала фотограф болып жұмыс істеді. Сан түрлі адамдар бейнесі оның көңіл көкжиегін кеңіте түсті. Өнерге икемділік бір күні Арал аудандық Мәдениет бөліміне әкелді. Автоклуб меңгерушісі болып малды ауылдарды думанға бөледі. Аудандық мәдениет үйінде әдіскер қызметін атқарып жүріп, осындағы Халық театрының дайындаған спектакльдерде рөлдер ойнай бастады. 1990-1994 жылдары Ақтөбе өнер мектебін сырттай оқып тәмамдады. Кейін облыс орталығына қоныс аударып, Қызылорда облыстық филармониясында сценарист, сондай-ақ Атырау жеріндегі мұнай мекемелерінде түрлі қызметтер атқарды.
Қайда жүрсе де Оңталаптың жан серігі – көңіл күйсандығын күмбірлеткен өлең-жырлары еді. Ақынның әр жылдары «Игілік бастауы» (2002), «Санадағы сәулелер» (2010), «Ақсұңқар» (2018) поэзиялық кітаптары баспадан шығып, оқырмандар қолына тиген.
Ақын Оңталап Базаралының шығармашылық қарымын, ақындық әлемін жақсы білгендіктен де болар, оның бірнеше кітабына алғысөз жазып отыратынмын. Оның поэзиялық туындыларына өзіндік пікірімді «Жүрегіне жырдың нұры құйылған» деген мақаламда барынша білдіргенмін. Ақын өлеңдерінің көркемсөздігіне, ойлылығына тәнті болыппын, көз тастап оқи кетейін.
«Жалпы Оңталап – жанына ақындықтың нұры құйылған тамаша дарын. Санасында «Сардар ойдың самалы ескен» оның ақындық ұшқыр сезімінің жыр шумақтарына айналған әрбір сәті, мейірлі мезеті салмақты да сабырлы ойға орап, оқырманына кестесі келісті, әсем де көркем туындылар ұсынып отырады.
Менің білуімде, Сыр өңірі мен Арал топырағында түлеген мұзбалақ ақындардың бел ортасында жүрген Оңталап Базаралы тумасынан өзіндік орны, өзіндік сыр-сымбаты бар. Көппен шатастырмайсың, тап басып бірден танисың.
«Теңіздің дәмін тамшысынан білуге болады» дейді халық. Ал енді Оңталап поэзиясының да тынысын сыр бүккен шумақтардан жаңылмай көруге болады. Сондай өлеңдерінің бірі – «Құрақ көрпе»
Болатын біздің ауыл – мұратты өлке,
Әр үйден қуанатын шырақ көрсе.
«Құралып шаңырағы ұлғайсын» деп
Құрайтын кеткен қызға құрақ көрпе,- деп басталатын бұл өлеңде астарлы сезім де, пәлсапалық ой да, халқымыздың салт-дәстүрі де бар. Айызың қана тұшынып, қайта-қайта оқисың, қазақтың жанын, өмірлік арман-мұратын білесің, ұлтыңның ұлағатты тәрбиесінің ұлылығын көресің,
Оңталаптың осындай көркемдігі келіскен шығармаларының қатарына «Иттірлік», «Бәріңді сүйем», «Ағаларым», «Біздің қалып», «Арман», «Сұлулық» сынды өлең-жырларын жатқызуға болады. «Әсем бір жырлар оқышы» десе, ел-жұрт алдында қай деңгейде де оқуға болатын туындылар.
Бүгінгі Оңталаптың поэзиясы соқталана, жаңа бір кең арнаға ауысқандай. Ақынның жыр әлемі әйтеуір барынша кеуіп, мұзарттана биіктеп келе жатқанын көріп келемін. Сыршыл поэзиядағы авторлық диапазоны ауқымды-ақ, тақырып аясы кең, саналуан. Әдебиеттік азаматтықтың, адалдықтың, адамгершіліктің, мінезді батырлықтың айнасы деп білген Оңталап жаңа бір қыр-белестен әрі асып, өршіл ақындықтың өрелі өресін танытып отыр».
Бүгінде ақын Оңталап Базаралының таланты миуалы жеміс берер бір кемел шағына жетті. Өмірі мен өлеңі бір-бірімен тұтасып, өзін іздеп оқушыларға кәделі өлең-жырларын көптеп ұсынғалы жүр. Өлеңдерінің мазмұндылығы мен саздылығы көптеген сазгерлердің әуенді әлемін тербетіп, жаңа әндер де туындауда, ал жыршы-термешілер түрлі мақамдарға салып орындайды.
Автордың жаңа бір ізденістері тарихи тақырыпқа, зерттеушілікке мойын бұруына байланысты болып отыр. Сыр бойының қаһарман тұлғасы Толыбай батырдың өміріне қатысты деректерді, әңгімелерді жинақтап, «Толыбай батыр» атты көлемді кітап шығарды. Үлкен ізденістен туған еңбек.
Қалай дегенде де осынау тарихи тақырыпты батылдықпен таңдап алып, ұзақ уақытын сарп етіп, елге елеулі дүние сыйлағанын көпшілік қауым жақсы біледі. Осы кітап көп игілікті істерге, өткен күнді түгендеуге түрткі болды.
Оңталап Базаралы енді ақиық ақын ғана емес, зерделі зерттеуші деп баға беріп отырмыз. Халқына қажетті дүниелер осылар болар.
Сөзіміздің соңында филология ғылымдарының кандидаты, прдюсер Шанжархан Бекмағамбетовтің: «Дегенмен ел ішіндегі өлең сүйген, өзойын өлеңмен өрнектеген, өлеңнен шынайы қуат ала білетін, оны халқымыздың қасиетті өнері, ильхамның үні деп танитын Оңталап сынды азаматтардың жырларындағы жүрек лүпілі де еріксізден қойғызатынын мойындау керек» деген оң пікірін ақ желкен ете отырып, автордың мына бір шумағына орын бергенді жөн көрдік:
Болмаса да көз тартар орман, өрі,
Мен үшін төмпешігі заңғар еді.
Біз көшкенде сол туған ауылымның,
Қол бұлғап қалған еді жырға желі.
Көп өлеңінде ақынныңң осындай сарқылмас сағынышы есіп тұрады, көп жайды еске салып тұрады. Асқаралы алпысында арғымақ мініп жеткен Аралдың бір дара перзенті Оңталап Базаралы атамекеніне, туған жеріне бір соғып кететінін айғақтап тұр. Туған жерінің жорға желіне дейін қол бұлғап шақырса, қайырылмай кететін ақын бар ма?!
Ерғали АБДУЛЛА 
14 ақпан 2023 ж. 446 0