Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алғашқы және соңғы кездесу

Алғашқы және соңғы кездесу

Өткен ғасырдың алпыс сегізінші жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ай туып келеді» атты екінші жыр жинағында:
Жол ізеймін әлі ешкім бастамаған,
Өзіме шақ көгілдір аспан алам.
Абай ақын бір басқа,
Сырбай басқа,
Мен де досым ендеше басқа болам...-деп жырлаған сол тұстағы жас ақын Мұхтар Шаханов жаңағы жинағынан бұрын «Бақыт», одан кейін «Балладалар» атты қос кітапшасын оқырманға ұсынып үлгерген болатын.
Дәл сол жылы мектеп қабырғасында оқып жүрген менің алғашқы өлеңдерім осы күндері республикаға аты-жөндері белгілі сол кездегі семейлік Тұрсын Жұртбаев, атыраулық Төлеген Берішбаев, алматылық Батық Мәжитұлы сияқты менімен жастары қарайлас жас талап ақындармен бірге «Лениншіл жас» газетінің кезекті санында жарияланған болатын.
Аталмыш басылымның келесі санынан Мұхтар Шахановтың «Шапағат», «Ақ пен қара», тағы басқа өлеңдерін оқып, оның ақындық қуатын, алғырлығын, көркемдік бағытын, сол тұстағы басқа ақындардан ерекшелігін байқадым. Сонан бері Мұхтар Шаханов менің кумиріме айналды десем де болады.
Сонымен сонан сегіз жыл өткенде Мұхтар Шаханов ағамызды Алматы-ІІ теміржол вокзалында сыртынан көріп мәз болғаным есімде. Тіпті бір жолы ол тұратын үйіне Қуаныш досым екеуіміз іздеп барып, кездесе алмай қайтқанымыз да бар.
Арада жылдар өтті. Бұл уақытта мен Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» (қазіргі «Қармақшы таңы») газетінде қызмет атқарып жүрген болатынмын.
Қармақшы қашаннан аграрлы аудан. «Балықшы күнде арманда» деген мәтел біздің Арал жақта екен. «Егінші жылда арманда» дегендей, бұл өңірде жыл онекі ай тыным жоқ Шаруасы шаш етектен. Қыстай ауылшаруашылығы техникаларын жөндеп, көктемгі егіске әзірлейді. Сонан көктем туып, жер тоңы жібігеннен дән сеуіп, оны жаздай күтіп-баптап, қызу еңбекке толы қырмандарын күзде қызыл дәнге толтырады.
Міне, осындай қарбалас кезеңнің бір күні аупарткомдағы кезекті бас қосуға қатысып қайтқан редакторым марқұм Әзілхан Аманов маған: «Ертең жолға дайындал. Алматыдан ақын Мұхтар Шаханов келіпті. Соған сені жолсерік етіп қосқалы отырмыз. Аупарткомның ұйғарымы солай» деді. Сонан азғантай үзілістен соң: «Байқа, ол ақын аупарткомның бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың шақыруымен келіпті ауданға. Бүгін кешке Көшеней Рүстембеков атындағы мәдениет үйінде кездесу болады. Ертең «Бәйбіше-Тоқал» жайлауындағы шопандар тойына ол да қатысады. Қасына сені қосып отырмыз. Балалық жасап жүрме» деп тағы да ескертті.
Сол күні түстен кейін аупарткомның екінші хатшысы марқұм Болатбек Сүлейменов ақын түскен «Қармақшы» қонақ үйіне қысылып-қымтырылған мені ертіп барды. Мұхтар ақынға ертеңгі сапары жайлы мағлұмат етті. Сонан кейін «Мына бала саған қосшы болады. Өлең жазады» деп мені таныстырды.
Мұхтар аға болса абыржыған менің бетіме бір қарап алып: «Ақын болсаң өлеңіңді оқы» деді. Мен онан сайын қысылдым. Дегенмен төсқалтамнан әбден умаждалған үш-төрт бет ақ парақты шығарып, дауысым дірілдеп әлгі өлеңдерімді әзер дегенде оқып шықтым-ау. Сол өлеңдерім кейін «Жалын»журналының 1987 жылғы №1 санында жарық көрді.
...Кешкілік Мұхтар ақынмен кездесу Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті. Зал лық толы халық. Қармақшылық жыр сүйер қауым алдында Мұхтар ақын өз өлеңдерін бірнеше сағат жатқа оқығаны әлі күнгідей жадымда тұр.
Сонымен ертеңіне осы ауданның «Бәбіше-Тоқал» жайлауындағы шопандар тойына аупарткомның бірінші хатшысы Елеу Көшербаевпен бірге келіп қатысқан Мұхтар Шаханов жұртшылық алдында өзінің бір топ өлеңдерін тағы да жатқа оқыды. Сонан менің жадымда қалғаны тек «Ғайша» атты балладасы болатын.
Соғыс бiттi.
Ал күйеуi келмедi.
Үш жыл күттi.
Бес жыл күттi...
Өлдi деген суық сөзге сенбедi.
Тұманға орап тiлектi,
Тағы төрт-бес жыл өттi.
...Артса да үмiт бip күннен соң бip күнге,
Жалғыз жанға жараспайды күлкiң де.
Болмады ғой.
Болмаған соң ақыры
Көршi қартқа ерге шықты бip түнде.
Сол түн тыныш ұйықтады,
Жаңа үмiтiн жағып бip,
Keyдeciне қанағаттан тағып гүл...
Ал таңертең арман болған күйеуi
Tepeзeнi қағып тұр.
Онан әрі не болды дейсіздер ғой. «Өлді» деген күйеуі кенет терезені қаққанда жат біреудің құшағында жатқан соғыс жесірінің сол сәттегі көңіл-күйін көзге елестетіп көріңізші.
Жүрегін өртеген өкініштен жылап-сықтап күйеуінің аяғына жығылады. Бірақ Ғайшаның мұң-зары ақыры оның ендігі тағдырын күл-парша етеді. Бір кездері өзі сүйіп қосылған ері, қан майданнан міне, аман-сау  келіп тұр. Енді не істемек? Оның алдында қайтіп ақталмақ?
...Махаббаттың құм секiлдi мiнезi жоқ сырғыма,
Жүргенiмен көп опық жеп алданып...
Ғайша кенет орнынан сүйретiлiп тұрды да,
Бip ғана ойға табан тipeп түбiрлi,
Ту еңiсте тасып жатқан долданып,
Асау Ақсу өзенiне жан ұшыра жүгiрдi...
Бағаласаң - махаббатты бағала,
Бағаласаң - махаббатты бағала...
Сәлден кейiн сорлының
Орамалы ғана жатты жағада...
Ақын Мұхтар Шахановтың осы бір балладасы сол бір шопандар тойына жиналған қауымды өстіп бір серпілтіп тастаған еді. Сол жерде ақын авторлық жинақтарын ала келіп, өтініш білдіргендерге қолтаңба жазып берді қолма-қол...
Сонан бері міне, арада қырық төрт жыл уақыт өтті. Ал Мұхтар ақынмен екінші және соңғы кездесуім 1992 жылы Арал қаласындағы бұрынғы аупарткомның кіші залында өткені есімде. Онан бері де отыз төрт жыл уақыт болған екен.
Ақын бұл жолы өз елімізді елеңдеткені былай тұрсын, төрткүл әлемнің төбесіне зәңгір таяқ ойнатқан экологиялық дағдарысқа ұшыраған Арал теңізі тағдырына байланысты теңіз аттас қаламызға атбасын тіреді. Жанында жас жазушы Рақымжан Отарбаев және бірді-екі үзеңгілес сапарластарын ертіп келгені есімде. Әлгі кіші залдың төріне жайғасқан Мұхтар ағаның көзі кенет репортерімді алдыма алып алдыңғы қатарда жайғасқан мені шалып біраз тосырқай қарап отырды да, атымды атап: «Сен Қармақшыдан емессің бе? Аралда не істеп жүрсің?» дегені бар емес пе. Сонан соң мен жөнімді айттым. О кісі «түсіндім» дегендей басын изеді.
Мен осы өмірімде ойда-жоқта екі рет кездескен, ауызба-ауыз тілдескен қазақтың ұлы ақыны бұл пәниден өткелі біраз күндердің жүзі болыпты. Өмір осы. Осыдан сексен төрт жыл бұрын, 2 шілде күні – қасиетті Отырар топырағында дүниеге келген, Шындық үшін өмір бойы күрескен ақынның туған күні.
...Бір кездері қарт Аралдың қасіретін өршіл жырың демеген,
Бір кездері қайсар рухың желтоқсаншы жас ұрпақты жебеген.
Отқа оранған Отырарды жырға қосып сүрлеу тартқан көнеден,
Асқақ еткен ана тілін, баба тілін жан сала.
Ұрпаққа үлгі ұлтсыздықпен күрескерлік өнегең,
Әз-Наурызды үкіледің ұмыт болған қашаннан.
Сенің жырың – мәңгілік жыр мәрмәр тастан қашалған.
Тайсалмадың көкірегі көрсоқырлар тас атса да тасаңнан,
Сенің әнің құлағына тиген қарттар жүзі жайнап, жасарған.
Арманың ба, болатұғын асқақ анау асқар таудан қар басқан,
Өтірік пен шындық кезде итжығыс боп тер басқан,
Махаббат пен Шындық үшін соңғы демің біткенше,
Ақиқатты арқау еткен сенің жырың алдаспан,
Сен самғадың найзағай боп жыр көгінде талмастан.
...Өзендегі өрге жүзген өршіл ағыс көз алдымнан кетпейді,
Әділдікті іздеп өттің тағдыр саған артса да азап көп мейлі.
Көктей өтіп ғасырларда жастық жайлы, достық жайлы жырларың,
Келер ұрпақ санасында сағыныш боп көктейді.
Дәлелдеумен өтті өмірің даурыққанға Шындық тірі екенін,
Қош ағатай, ұжымақтың ұлық төрі болсын мәңгі мекенің!
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Арал қаласы
30 шілде 2026 ж. 73 0