Құрметке бөленген ауыл анасы
Халқымыздың көрегендігі, даналығы, дарқандығы мен кіршіксіз ақ көңілдігімен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін асыл қасиеттерімізді жіпке тізсек жетіп артылады. Балалар үлкендердің қолына су құйып, бата алатын кезде, ақсақалдар аңыз айтып, шежіремен шеріңді тарқататын кезде, құрт қайнатып, сүр қақтаған аналар бесік жырын білетін кезде, көрші көршінің үйіне күнде кіретін кезде, бауырлас ағайындар бірін – бірі көрмесе тұра алмайтын кезде басқаша еді – ау. Осы Құндылықтарымыз осы кездің суреттемесі сияқты.Дана халқымыз егде жасқа келсе де, қайратты мінезімен, келісті сұлбасымен, қажырлы ісімен ауылының ықыласына бөленіп, тұғырынан таймай, жұртшылықты сүйсіндіріп жұрген жандарды «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп жататыны бар. Бүгінгі күндері тіршілік керуені 90 жастың төріне қарай жетелеген, адамгершілік, мейірімділік, ізгілік, парасаттылық, адалдық сыяқты қазақи тәрбиені бойына сіңірген сыры кетсе де, сыны кетпеген, сүйегі асыл, сөзі жайлы әділдікті ту етіп көтерген, өресі биік аналық үлгісімен дараланған, әулеттің ұйытқысы, келіндерінің тәлімгер ұстазы Қосжар елді мекенінің байырғы тұрғыны Күлпаш Алмағамбетқызы туралы айтпақпын.
Күлпаш 1940 жылы Қамыстыбас ауылдық кеңесіне қарасты Құмбөгет елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Алмағамбет ақсақал көне сөздің шебері, шежіренің шерін тарқататын аузы дуалы ақсақал болған екен. Анасы Жұмабике ауылына сыйлы, ошағы оттан түспеген қонақжайлы, айналасына жайлы көрегенді ана болған деседі. Осы екі қайнардан қанып ішіп мейірге шөлдемей өскен, өнегелі өмір белестерінен тәлім – тәрбие алып, зерделі, зерек ойлы болып өскен Күлпаш осал болсын ба?
Күлпашты жас кезінде атастырып қойған жігіті бар екен. бірақ жүрек қалауы бөлек. Шын махаббатқа тұсау жоқ. 1958 жылы Қамыстыбас орта мектебін бітірісімен – ақ айнымас жар болуға уәде еткен ол, нар түлғалы, бір сөзді Өмірзақ Күлмашұлына тұрмысқа шығып, отау құрды. «Ері әйелін сыйласаердің бақыт тапқаны, ерін ел сыйласа-әйел бақыт тапқаны» деген сөз құдіреті бар. »Жігітті талап жетелеп, арман өсіреді» демекші, Өмірзақ Күлмашұлының Қамыстыбас питомнигінде қатардағы жұмысшыдан басшылық қызметке дейін өсіп келгені бар.
Азық – түлік молшылығын жасау жолға қойылып отырғанда, балықты қолдан өсірудің жауапкершілігі арта тұскені белгілі. Осы міндеттерді айқын сезінген ұжым мүшелері бір ауыздан өз жұмыстарын жаңаша ұйымдастыра білді. Инкубация цехынан личинка алу көлемін 25 млн-нан 100 млн – ға дейін көбейтіп, табысты істерін еселеп арттырды.
Балық өсіретін жаздық, ыстық тоғандар салу мәселесін күн тәртібін қойып, нәтижесінде Қоскардан 3 гектар тоған, Майшығырдан 50 г гектар тоған іске қосылды. ”Ер еңбегімен танылады” демекші, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы, абройлы азаматқа ауыл тұрғындары зор сенім артып, 1990 жылы өз орталарынан ауылдық кеңеске депутат етіп сайлады. Депутат-халық қызметкері. Сол кездегі мектеп ғимаратына қосымша 4 бөлме қосуға, оқырмандардың тілегі бойынша, кітапхана салдыру үшін талай есіктің табалдырығынан аттауға тура келді. Оның нәтижесі де болған. Ауылға басын бұратын қонақтар үшін 4 орындық жатақхана да салынады. Қосжардағы дәрігерлік пункт те Өмірзақ Күлмашевтың арқасында бой көтерді. ”Жазмыштан озмыш жоқ” демекші Өмірзақ Күлмашұлы 2003 жылы дүниеден өтті. Арда азаматты соңғы сапарға шығарып салу кім-кімге де оңай соққан жоқ. “Құс өліп балапаны қалса, қияғы қалада, ат өліп құлыны қалса, тұяғы қалада, әке өліп, баласы қалса мұраты қалады” демекші, Өмекеңнің өнегелі өмір мұратын ұрпақтары жалғастыруда.
Өмекең мен Күлпаш дүние жиған жандар емес, оның есесіне дос жиған. Қырдан, Сырдан, қаладан, тіпті Байқоңырдан келген қонақтарды күтуден қазандары оттан түспеген. Кейде тілі басқа, діні басқа адамдар да төрінде отырып шай-суын ішкенін білетінбіз.
Бірде маған 3-4 метр арқан қажет болғанда, Күлпаш жеңгеш:
– Аманжол-ау, Өмекең қанша жыл бастық болып, қыруар дүниенің қожайыны болғанда, бұл үйге сабақты жіп әкелмеуші еді, – дегені бар еді.
Сонда Өмекеңнің қолының тазалығы, сол кездегі “Қоғамның мүлкін көздің қарашығындай сақтаңдар” деген қағиданы қатты ұстанған екен-ау.
Ілгеріде, Қамбаш стансасы да Қосжар ауылының байырғы тұрғыны болған ақсақал Нұржаумен кездесіп, аман-саулықтан соң:
– Күлпаш қалай, жақсы отыр ма? – деп сұрағанымда, Нұржау ақсақал:
– Ауылдағы еркектердің ішінде Күлпаш деген еркегіміз бар, – деген болатын.
Бұл Күлпаш жеңгеміздің азамат қатарында екенін білдіретін риясыз берілген баға деп түсінумен қатар, еліне сыйлы, ардақ тұтар ана екеніне қуанып қалғаным бар еді. Шын мәнінде оның адам жатырқамайтындығына, адамды тани білетідігіне тәнті болсың.
Бірнеше құдалық тойларын басқаруыма тура келді. Өзінің жақын қайныларына:
«Құдалықты басқаруды Аманжолға тапсырғалы отырмын. Бұл күйеу болса да Өмірзақпен ағалы – інілі болған азамат. Аманжол құдалықты басқарып, біз кейін қалдық деп өкпелемеңдер», – деп қайныларына айтқанды.
Әрине, мен де Қармақшыдағы, Аралдағы құдалықтарымен қатар, Оңғарсын немересі үйленгенде де құдалық жұмыстарын бастан аяқ атқарғанымды үлкен сенім деп жүрегімнің тұпкіріне сақтаумен келемін.
Күлпаш жеңге иман жүзді адам. Олай дейтінім, өзі тұратын Қосжар елді мекенінде Өмірзақтың атасы Түрмағамбетпен бірге туған Ізмағамбет ахун өмір сүрген. Ахун дәрежесіне ие болған атасының үйі тозығы жетіп, құлау үстінде болғандығы да ойландыратын және ахун атасына арнап мешіт салу керектігін туыстар болып ойласқанда да Күлпаш жеңге басында болған еді. Ізмағамбет ахунның үйі де жөнделді, мешіт те салынды. Айта кеткен жөн болар, жиналған қаржыны төкпей, шашпай орнына жұмсау жаста болса ел сеніміне енген Еркін Өмірзақұлына сеніп тапсырылғанын айта кеткенді жөн көрдім.
Қазір мешіттің имамы Жантуған деген мұсылманша сауатты азамат. Күнде азан шақырылып, жұма күндері жамағаттар үшін әрдайым есігі ашық. Тағы бір қуанарлық нәрсе, ол сол Қосжарда тұратын Марат Шынтемірұлы, Ғабит Бақтыбайұлы ата – баба салтын жалғастырушы азаматтар бар екенін де білген соң айтамыз.
Ананы қанша қастерлеп, ардақтасақ та артық болмайтынын Пайғамбарымыздың хадисінде айтылған «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» дегендей адалдықтың бұлағын лайламаған адал жар Күлпаш Алмағамбетқызы өнегелі дүлділдердің өмір белестерінен дәріс алып, әке қаны, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі, иманын жүрегіне ұялатып, ұрпақтарына аналық мейірімін еге білген, кең пейілді, салиқалы өмірдің қайнар көзі болған, туған – туыстары мен құда – жекжаттарын жақындастырып, босағасы қонақтан босамаған алтын құрсақты ана десе жарасады.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының мынадай керемет сөзі бар. ”Біздің Жеріімізде еркек - діңгек, әйел - гүл. Діңгек жапырақсыз, гүлсіз қазақша айтқанда “қу бас” деген сөз. Әйел - құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат “Жемісі” ешқашанда болмайды” деген екен.
Міне, осындай құнарлы топырақтан жаралған ұрпақтары өз қолдары өз ауыздарына жеткен жайсаң жандар.
Тұла бойы тұңғышы Замира Өмірзаққызы, жұбайы Өтебай екеуі еңбектерінің зейнетін көріп Ержан, Нұрбол, Айбол атты үш балаларының қызығын көруде.
Гүлмира Өмірзаққызы медицина қызметкері, жұбайы Жаңалық балық аулау кәсібімен айналысады. Бір бала тәрбиелеуде.
Шымболат Өмірзақұлы питомникте аға балық өсірушісі болса, келіншегі Бақыткүл мектепте медбике қызметінде. Балалары Әлия, Әсия, Аңғарсын, Оңталаптар бір - бір отаудың иелері.
Қуаныш Өмірзақұлы полиция майоры, құрметті демалыста. Келіншегі Бақыткүл кітапханашы болып абыройлы қызмет етуде. Қыздары Айдана, Закира, Венералар бір - бір шаңырақтың отын маздатып отырған отаналары. Ал ұлы Заңғар оқу жасында, әке жолын қуып тәртіп сақшысы болмақшы.
Гүлбану Өмірзаққызы кітапханашы. Жолдасы Тілеубай Оңдашұлы өрт сөндіру меемесінен құрметті демалысқа шыққан азамат. Балнур, Мерей, Айсұлтан студент, оқушылар.
Еркін Өмірзақұлы заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысуда. Келіншегі Жадыра мектепте ұстаздық етеді. Нұрай, Даяна, Нұрталап, Айкербез сынды ұл - қыздарын тәрбиелеуде. Нұрайы Абай өлеңдері жатқа айтудан Семей қаласында өткен байқауда жүлдегер атанып, Назарбаев зияткерлік мектебін бітіріп, жоғары оқу орнында білімін жалғастыруда.
Еркін қара шаңырақтың иесі Өмекеңнің сара жолын жалғастырушы.
Қазақта “Келіні жақсының - керегесі алтын” демекші Жадыра келін сол құрметті “Қонағы” болып саналатын Күлпаш енесінің төсегін қалың салып, жағасын кірлетпей, сүйікті асын кезінде дайындап беріп, отбасының тынысын кеңейтіп, ұрпақ шашып, қазаны оттан түспеген келін - ана.
Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин тілімен айтқанда “Әлемдегі ең сүлу қазақ әйелі, менің анам, менің жарым, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сүлу ғана емес сымбатты, мінезді, ақылды адал жар, ана, ағайынға қамқор, ауыл аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі” деп айтқандай осы қасиетті сөздер Күлпаш Алмағамбетқызына қарап айтылғандай.
Шын мәнінде әлемдегі ең сүлу мейірман алтын құрсақты ана менің жеңгем Күлпаш десе жарасады. Отбасыңа амандық, өзіңе зор денсаулық тілей отырып, әдемі қартаюдың өнеге үлгісін кейінгі ұрпақтарға еге бер деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері










