Аудандық Абай оқулары байқауы
10 тамыз – Абай күніне орай аудандық мәдениет үйінде Ақеспе ауылдық клубының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының мол мұрасын дәріптеуге арналған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы өтті.Руханияттың биік тұлғасы Абай шығармашылығы – ұлттың рухани қазынасы ғана емес, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмірлік мектеп. Осыны негізге алған байқаудың басты мақсаты – жас өрендердің ақын мұрасына деген қызығушылығын арттырып, көркемсөз оқу мәдениетін қалыптастыру, сахнада өзін еркін ұстау және шығарманың мән-мағынасын тыңдарманға әсерлі жеткізу қабілетін дамыту.
Өнер додасына ауданның түрлі елді мекендерінен 12 талапкер қатысып, ұлы ақынның өлеңдері мен тағылымды шығармаларын жатқа оқып, өзара бақ сынасты. Қатысушылардың өнері көркемсөзді нақышына келтіріп орындауы, дауыс мәнері мен ырғағы, сахна мәдениеті, шығарманың мазмұнын ашуы және көрерменге әсерлі жеткізу шеберлігі бойынша бағаланды.
Байқауға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы, ақын Е.Абдулла, айтыскер ақын Қ.Құлекешов және мәдениет саласының ардагері Л.Төлепбергенова қазылық жасап, талапкерлердің өнеріне әділ бағасын берді.
Сайыс нәтижесінде бас жүлде Шижаға ауылының қатысушысы Н.Жеткергенқызына бұйырды. Бірінші орынды Қарақұм ауылының өнерпазы Г.Нұрланова иеленсе, екінші орын Ақеспе ауылынан келген Ж.Әуелханқызына табысталды. Ал үшінші орын Ерімбетжаға ауылының қатысушысы К.Аманжоловаға берілді. Байқауда белсенділік танытып, өнер көрсеткен өзге де қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Абай – ұлттың ой-санасын биіктеткен ұлы тұлға. Оның білім мен ғылымды, адал еңбек пен әділетті, адамгершілік пен парасатты насихаттаған тағылымы бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Сондықтан Абай сөзін ұрпақ санасына сіңіру – өткенді ұлықтау ғана емес, болашаққа рухани бағдар қалыптастыру. Ұлы ақынның өлмес мұрасы жас жүректерде жаңғырып, ел руханиятына қызмет ете бермек.
О.ЖОЛДАСОВ










