Бет түзейтін құбылам
Бағым, барым тек отбасым сезгенім.
Байлығына қызықпаймын басқаның,
Бақытына қызықпаймын өзгенің.
Күннен көркем шуақты екен жүрегі,
Көптен дара болсын дейді тілегі.
Отбасының қолдауы деп санаңдар,
Көкке төбем жетпей тұрса бір елі.
Байдан баймын әкем, анам барында,
Бақыттымын жарым барда жанымда.
Бауырлардың ортасында хандаймын,
Балаларым – бақытым деп қабылда.
Шаңырағым – шырқай салар асыл ән,
Табылсам деп талпынамын қасынан.
Отбасымның ортасында болуға,
Қажылыққа асыққандай асығам.
Сая табам отбасымның ығынан,
Жанға жайлы жерұйық деп ұғынам.
Бесеу емес, тәулік бойы тәу еткен,
Шаңырағым – бет түзейтін құбылам.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










