Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Тарланбоз

(Құдайберген Саржанұлына)
Қайда деме, жанымызда – ұлылық,
Туған жері тау тұлғаны тұр ұғып.
Жас ұрпақты шарболаттай серпілтер,
Бойында бар қайраткерлік тұғыр нық.
Танытқан-ды дана жүрек кеңдігін,
Мұңына ортақ шемен көңіл шерлінің.
Еңселі аға қарекетке бел буып,
Халқы үшін тыншымаған кемді күн.
Қадам басып қасиетті ғасырға,
Мойымаған тоң мойынды тасырға.
Ақиқатшыл айбар жүрек шайлықпас,
Ұқсамай ма жарқ-жарқ еткен жасынға.
Ардың сөзі – өр намыстың ұраны,
Үн қосады азат алаш ұланы.
Алқа топта теңіз үшін шаңқылдар,
Аралымның томағасыз қыраны.
Сыбанғанда шымыр тартқан білегі,
Мұраты үшін мұқалмаған жүрегі.
Құдайберген – қайсар аға – бұл дара,
Көк теңіздің антқа адал түлегі.
Бола ма екен мықтыларда толас күн,
Айбан тілі от ауызға жарассын.
Аманатын жауыр қылмас жұртының,
Тас тұяқты тарланбозы Алаштың.
Кіші Аралы тасытқанда көңіл – көл,
Марқаяды ақ айдынның төрінде ер.
Бота тірсек, тәуекелі бозаңдау,
Жас өркенге өр ағаның жолын бер.
Көген көздер дара жолын таңдасын,
Қазақия үшін көкке самғасын.
Ұлтына ұл болам деген әрбірі,
Тарланбоздың армандарын жалғасын.
Ерғали АБДУЛЛА
05 қыркүйек 2026 ж. 34 0